Тәуелсіздік, сен үшін!..

Тәуелсіздік, кештеу тиген сыбағам,
Оқасы жоқ, елім аман, біз аман.
Өзің үшін талай жардан құлағам,
Өзің үшін талай өксіп жылағам.
Тәуелсіздік, солай келген сыбағам!

Өзің үшін армандарға өртенгем,
Өзің үшін тағдырыма кектенгем.
Өзің үшін жағаласып, жұлысып,
Үмітімді үздірмегем ертеңмен.

Өзің үшін мылтығымды оқтағам,
Өзің үшін баяғымды жоқтағам.
Өзің үшін адасып та шатасып,
Соғарымда түп-тегіме соқпағам.

Өзің үшін қарауылға ілінгем,
Өзің үшін іштен шалып, бүлінгем.
Өзің үшін айдалада атылып,
Сүйегімнен батпан соқа жүрілген.

Өзің үшін терідейін иленгем,
Өзің үшін әрі-бері сүйрелгем.
Өзің үшін елден бөлек елпілдеп,
Мақтағанға мәз болуды үйренгем.

Өзің үшін он кесілген бұтағым,
Өзің үшін біткен бір күн* шыдамым.
Өзің үшін алда да әлі жол ауыр,
Ғажабын да, азабын да ұғамын.

Тәуелсіздік, кештеу тиген сыбағам,
Оқасы жоқ, елім аман, біз аман.
Төрт құбылам тұрмаса да теңесіп,
Барың сенің, таңың сенің ұнаған!

Қ.КӘКЕНОВ.

*1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар