Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тіл мәртебесін көтеру – баршамыздың ортақ парызымыз - АРҚА АЖАРЫ

Тіл мәртебесін көтеру – баршамыздың ортақ парызымыз

Ақмола облысында жиырма орталық мемлекеттік саясаттың маңызды буыны – мемлекеттік тілді үйрету мәселесімен жүйелі айналысады. Биылғы оқу жылында 342 топ ашылып, 3876 тыңдаушы қабылданды. Былтырғы жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 259 тыңдаушыға артқан. Бұл туралы облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Аянұлы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен он бір айдың қорытындысына арналған брифингте айтып берді.

Мемлекеттік мекемелерде іс қағаздардың қазақ тілінде жүргізілуі басты назарға алынған. Заңнама талаптарының орындалуы мақсатында 27 мемлекеттік мекемеге мониторинг және зерделеу жұмыстары жүргізілген. Ағымдағы жылы мемлекеттік органдардағы мемлекеттік тілдегі шығыс құжаттарының үлесі 96 пайызды, ал жеке және заңды тұлғалардың өтініштерінің мемлекеттік тілдегі үлесі 27,8 пайызды құраған.

– Тіл саясатының маңызды бағытының бірі – ономастика мәселесі. Ақмола облысында 2023 жылы идеологиялық тұрғыдан ескірген он екі елді мекен мен 58 көшенің атауы өзгертілді. Биыл облыстық ономастика комиссиясы төрт елді мекен мен 41 көшеге қайта атаулар беруді жоспарлауда. Сонымен қатар, облыстық маңызы бар қалаларда 33 көше қайта аталатын болады. Облыс аумағындағы 21 елді мекен мен 88 көшенің атауын өзгерту мәселесін облыстық ономастика комиссиясында қарауды жоспарлап отырмыз, – дей келе, Алмас Алин қазақ тілін еркін форматта үйрететін «TIL-KOKSHE», «Сөйле KZ», «Кел, қазақша сөйлейік!», «Қазақша сөйле!» және тағы басқа клубтарды атап, оларда 200-ден артық адам қазақ тілін үйреніп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, биыл алғаш рет мемлекеттік тілдің қоғамдық рөлі мен маңызын арттыру, тіл саясатын жүзеге асыруға ерекше үлес қосқан тұлғаларды қолдау мақсатында Ақмола облысы әкімінің «Тіл жанашыры» сыйлығы тағайындалып, он номинация бойынша жүлдегерлер анықталған. Жалпы облыс бойынша тіл саясаты аясында 7000-нан астам шара өткізілгені белгілі болды. Өңірдегі тіл саясаты Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарына сәйкес жүзеге асырылуда.

Сонымен бірге, басқарма саяси партиялардың, қоғамдық-саяси ұйымдардың, кәсіподақтардың, қоғамдық пікір көшбасшыларының қызметіне және азаматтық бастамаларды дамытуға қатысты жұмыс жүргізуде. Бүгінгі таңда өңірде 537 үкіметтік емес ұйым, 7 саяси партия тіркелген. Азаматтық бастамаларды қолдау мақсатында осы жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың шеңберінде 112 жоба іске асырылған. Бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері ретінде 26 мемлекеттік орган, оның ішінде 6 облыстық басқарма, 20 аудандық және қалалық әкімдіктер жұмыс атқаруда. Келесі жылға 114 жоба жоспарланған. Айтып өтетін тағы бір жағымды жаңалық, біздің аймақтың ғалымдарынан 4 жұмыс тобы құрылған. Олар 42 қор бойынша 3000-нан астам мұрағат істері мен материалдарын зерттеген. Нәтижесінде ғалымдар мен сарапшылардың материалдарынан 3 жинақ әзірлеген.

Этносаралық келісімді сақтау – ел тұрақтылығының кепілі болса, бұл ауқымды жұмысты жүзеге асыруға облысымыздың 46 этномәдени бірлестігі мен 108 ассамблея мүшесі өз септіктерін тигізуде. Оған қоса, өңіріміздің  бірлігі мен қоғамдық тұрақтылығын нығайтуда Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының жанындағы қоғамдық құрылымдар, ақсақалдар мен аналар кеңесі, медиация кеңесі, ғылыми-сараптамалық топ, сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің одағы, «Жастар Ассамблеясы» өкілдігі, журналистер клубы белсенді жұмыс атқаруда. Жыл ішінде 35 мыңнан астам адамды қамти отырып, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға бағытталған 900-ден астам іс-шара өткізілген. Соның ішінде өңірімізде көпшілік назарына ие болған Қазақстан халқы ассамблеясының «Мың бала», «Қазақтану», «Үйде сөйле», «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» қатарлы ауқымды жобалар іске асырылғанын және қазақстандық патриотизмді насихаттау мақсатында «Мықты елдің мықты адамдары» жарияланымдар циклі, қазақ ұлттық тағамдарын дайындау бойынша «Ас дәмді болсын» акциясы, қазақ халқының тілін, дәстүрлерін, мәдениеті мен өнерін білуге бағытталған «Qazaq time» онлайн-конкурстарының өткенін атап өткен жөн.

Брифинг соңында басқарма басшысы жастар саясатына тоқталып, жастардың шығармашылық идеяларын, стартаптар мен жобалары, бизнеспен айналысу және жұмыспен қамту мәселелері де ескеріліп жатқандығын, алдағы уақытта да назарда болатынын айтып кетті. Жыл басынан бастап «Жұмыспен қамту» органдарына жастар арасынан 10540 адам жүгінсе, жұмыспен қамту бағдарламаларымен  8751 адам қамтылған, оның 5267-і ауылдық жерлерден. Бәрімізге танымал «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы шеңберінде 86 маманға бюджеттік несиелер және 799 маманға көтермелі жәрдемақы берілген. Алайда, еңбекпен қамту, тек жұмысқа орналасу ғана емес, сонымен бірге, жастардың өз идеяларын жүзеге асыруға, өз істерін ашуға мүмкіндік жасау болып табылады. Сондықтан биылғы жылдан бастап, осы мақсатқа қол жеткізу үшін, 185 жас адамға 2,5 пайызбен жеңілдетілген шағын несие берілген. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев әрқашан «Мемлекет пен қоғамның диалогына» ерекше назар аударады. Бұл мәселеде билік пен қоғам арасындағы көпір болып табылатын қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдары, атқарушы органдар ерекше рөл атқаруы қажет.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар