Қызылшамен ауырған 54 жағдай тіркелді

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облысы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Айнагүл Мусина қызылша, ЖРВИ және тұмаумен сырқаттанушылық бойынша өңірдегі эпидемиологиялық жағдай  жөнінде баяндап берді.

Ведомство басшысының айтуынша жыл басынан бері облыс бойынша қызылшаға күдікпен 291 жағдай тіркеліп, оның 219-ы факт расталды. Бұл 4-9 жас аралығындағы 153 бала және 30 жасқа дейінгі және одан асқан 42 ересек адам. Бас тарту, медициналық ауытқулар салдарынан екпе алмаған адамдар да бар.

−Күрт өсу қазан-қараша айларында байқалады. Мәселен, қазан айында 26 расталған факт болса, қараша айында 92, яғни, өткен аймен салыстырғанда 3,5 есе өскен. Желтоқсан айында тағы 54 расталған жағдай тіркелді, −деді Айнагүл Мусина.

Тәулігіне қызылшамен ауырған 20-ға тарта жағдай тіркелетінін айта кету керек. Сондай-ақ, балабақшаға баратын балалар арасында 31 бала ауырған. Қосшыда үш жеке балабақшаға жоспардан тыс тексерулер жүргізілді. Тексеру нәтижелері бойынша екі мекемеде бұзушылықтар анықталып, әкімшілік материалдар толтырылды.

Облыс бойынша 45 мыңға жуық бала қосымша жаппай иммундауға жатады. Жұмыс тобындағы 11 мыңнан астам бала қызылшаға қарсы вакцинациядан өтті. Бұл ретте Астрахан, Қорғалжын, Жақсы аудандарында қамтудың төмендігі байқалады. Облыс өңірлерінің әкімдіктері мен медициналық ұйымдар арасында балаларды қызылшаға қарсы вакцинациялауға егу пункттері мен емханаларға жеткізу бойынша жұмыстар жолға қойылған.

−Мұндай шара ауа райының нашарлауына байланысты қабылданды. Ол үшін емханаға қоңырау шалу керек. Тұрғындарды жеткізу үшін көлік беріледі, – деді Айнагүл Мусина.

Сондай-ақ, брифингте облыста ЖРВИ бойынша эпидемиологиялық  жағдай да баяндалды. Айталық, осы жылы бұл індеттің 7381 жағдайы тіркелді. Пневмониямен ауырған 27 адам ауруханаға жатқызылды. Эпидемиялық маусым басталғаннан бері тұмауға 720 зерттеу жүргізілді.

−ЖРВИ мен тұмаудың өсуінің алдын алу үшін аталмыш аурулармен сырқаттанушылықтың көтерілуі кезеңінде бұқаралық және ойын-сауық іс-шараларын өткізуді шектеу, науқаспен байланыстағы адамдарға күнтізбелік жеті күн мерзімге медициналық бақылау белгілеу, оқушылардың жалпы білім беретін ұйымдарда бір күн ішінде кабинеттер бойынша ауысуын болдырмау және ЖРВИ-мен соңғы науқас анықталғаннан кейін инкубациялық кезең ішінде топтарға жаңа балаларды қабылдауға тыйым салу сияқты  шаралар қабылдануда,−деп атап өтті ведомство басшысы.

Сонымен бірге, халық арасында тұмау мен ЖРВИ-дің алдын алу және оған қарсы күрес шаралары туралы санитарлық-ағарту жұмыстары жүргізіліп жатқандығы да айтылды.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар