Ауылдық жерлерде денсаулық сақтау мекемелері салынады

Өңірлік коммуникациялар қызметінде  өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлан Ахильбеков биылғы жылы денсаулық сақтау саласын дамытудың қорытындылары  жөнінде  баяндады.

Халық денсаулығын нығайту – денсаулық сақтау жүйесінің маңызды міндеті. Бүгінде денсаулық сақтау басқармасы Мемлекет басшысының халыққа медициналық көмек көрсету тиімділігін арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындау бойынша тиісті жұмыстар атқаруда. Ведомство басшысының айтуынша, Ақмола облысында 561 денсаулық сақтау объектісі жұмыс істейді.  Оның ішінде  стационарлық көмек көрсететін 23 ұйым, жедел медициналық жәрдем станциясы, қан орталығы, амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін 530 денсаулық сақтау ұйымдары бар. Сондай-ақ,  биылғы жылы медициналық-демографиялық көрсеткіштердің жақсаруы байқалады.

−Облыста 9 240 сәби дүниеге келді. Сәбилер өлімінің көрсеткіші 9,4 пайызға төмендеді.  Сонымен бірге, жалпы өлім-жітім, қан айналымы жүйесі ауруларынан, жазатайым оқиғалардан, уланудан және жарақаттанудан, қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім саны біршама азайды. АИТВ-инфекцияларымен сырқаттанушылық көрсеткіші 2,1 пайызға төмендеді,−деді өз сөзінде Нұрлан Ахильбеков.

Өңірдің медицина саласының басым бағыттарының бірі ауылдық денсаулық сақтауды дамыту болып табылады.  Осыған  байланысты,  таяу жылдары 38 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысандарының құрылысы жоспарлануда. Оның ішінде 2,9 миллиард теңгеге 21 фельдшерлік-акушерлік пункт, 4,5 миллиард  теңгеге 14 дәрігерлік амбулатория және 300 миллион теңгеге 3 медициналық пункт салынады. Жаңа нысандар құрылысына бағытталған жалпы сома 7,8 миллиард теңгені құрайды. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы денсаулық сақтау мекемелерінің медициналық техникамен жарақтандырылуы жөнінде де  айтып өтті.

−2023 жылға 109 медициналық техника сатып алу үшін 5,3 миллиард теңге көзделген. Орталықтандырылған түрде «СК-Фармация» серіктестігі  арқылы 22 медициналық техника мен облыстық бюджет қаражатынан 87 медициналық жабдық сатып алынады. Ағымдағы жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен 511,6 миллион теңгеге 32 автокөлік сатып алу бойынша жұмыстар  жүргізілуде,−деді ол.

Брифинг барысында биылғы жылы  Ақкөл ауданының Новорыбинка, Егіндікөл ауданының Бауманское, Раздольное, Төңкеріс, Өтеміс, Жалғызқұдық, Мәншүк, Целиноград ауданының Қараменді батыр ауылында, сондай-ақ, Шортанды ауданының Кілті ауылында жаңа денсаулық сақтау нысандары пайда болатыны белгілі болды.  Бұдан әрі басшы құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан объектілерге тоқталып өтті.

–Осы жылы Целиноград ауданының Қоянды ауылында МСАК орталығының, Атбасар ауданының Новосельское ауылында фельдшерлік-акушерлік пунктінің және Сочинское ауылында медициналық пункттің, Біржан сал ауданының орталығы Степняк қаласында емханамен біріктірілген аудандық аурухананың құрылысы жүргізілді. Сонымен қатар, 2023 жылы 15 нысанға күрделі жөндеу жүргізу үшін 2,2 миллиард теңге бөлінді. «Көпсалалы облыстық балалар ауруханасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының инфекциялық бөлімшесіне күрделі жөндеу жүргізіліп, өткен жылдың көктемінде нысан пайдалануға берілді, — деп қорытындылады өз сөзін  басқарма басшысы.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар