Әр жүректе нарқы қымбат Желтоқсан

Қақаған қыс, қарлы аязда өшпейтін еркіндіктің алауын жағып, Тәуелсіздіктің тұңғыш үнін естірткен 1986 жылғы ұлт-азаттық жолындағы қазақ жастарының бейбіт шеруі қанды қырғынға айналып, халқымыздың жүрегінде өшпестей із қалдырды. Бүгінде сол қаралы күндерге қатысушы мыңдаған студент-жастар ардагер болып арамызда жүр. Әрі осы ұмытылмас оқиғаға да 37 жыл толып отыр. Олар қоғамда үлкен құрметке ие болумен бірге, Тәуелсіздіктің қадірін ұғындыруға, патриоттық сананы қалыптастыруға мұрындық болып келеді. Елімізде жылдар бойы желтоқсаншылармен көптеген кездесулер өтіп, Желтоқсан көтерілісі ұғымы жастарға кеңінен насихатталып келеді. Нәтижесінде қыршын кеткен құрбандарымызды өскелең ұрпақ біліп, ұлтқа, желтоқсан қаһармандарына деген сүйіспеншіліктері оянуда. Сондай игі істердің жалғасы әрі көрінісі ретінде Көкшетау қаласында Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен «Желтоқсан 1986-Көкшетау» қоғамдық бірлестігінің ашылу салтанаты өтті.

Аталған жиынға ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Алин, басшының орынбасары Жандәулет Қылышбаев, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің аға оқытушысы, тарих ғылымдарының магистрі Ғалымтай Төлепбергенов, жазушы-драматург, қоғам қайраткері Жабал Ерғалиев, «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінің басшысы Ермек Нұғыманов және Желтоқсан көтерілісіне қатысушылар Алматы қаласынан келген Қайыргелді Күзембаев, «Желтоқсан-1986» қоғамдық бірлестігінің төрағасы  Бақыт Байниязов, осы ұйым басшысының орынбасары, Тараз қаласының тумасы Исмаил Қажымұратов, «Меркі ауданы Желтоқсан» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айнұр Қыпшақбайқызы, «Желтоқсан 1986-Көкшетау» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Мұрат Асаров, желтоқсаншы ардагерлер, ғалымдар мен студент жастар қатысты.

–Бүгінгі бас қосқан себебіміз – жуырда құрылған «Желтоқсан 1986-Көкшетау» ҚБ тұсаукесер салтанаты. Алқалы жиынға 1986 жылғы ел тәуелсіздігіне арқау болып, халқымыздың бостандығы үшін ерлік көрсеткен ағаларымыз келіп, қатысып отыр. Қазақ елінің еркіндігіне жол ашқан, қаһармандарымызға барынша құрмет көрсетеміз. Желтоқсан көтерілісі ұлттық рухтың қуатын, ерлік пен елдіктің мұратын танытқан қозғалыс күші болды деп нық айтуға болады. Сол кезеңде қазақ жастары алаңға шығып, өздерін толғандырып жүрген мәселелерді айтуға тырысты. Бірақ сол кездегі билік, ел жастарына үлкен айып тағып, негізсіз баға берді. Сөйтіп, бейбіт шеруге шыққан жастарды қуғын-сүргінге ұшыратып, барынша жазалады. Бұл азаматтар кейінгі ұрпаққа қайсарлығымен, өжеттілігімен өшпес үлгі көрсетіп, ел тәуелсіздігіне жол сала білді. Желтоқсан оқиғасы қазақ халқының рухани-саяси өміріне қатты әсер етіп, ұлттық сананы қалыптастырды, – деп Алмас Алин жиналған желтоқсаншыларды алдағы келе жатқан ұлық мереке Тәуелсіздік күнімен құттықтап, басқарманың атынан Алғыс хаттармен марапаттады.

Сонымен бірге, өз кезегінде сөз сөйлеген қоғам қайраткері Жабал Ерғалиев желтоқсанның тарихи сәттеріне тоқталып, бұл оқиғаның әлі ашылмаған шындығы, айтылмаған ақиқаты бар екенін айтып, «біздің мақсатымыз Желтоқсан көтерілісіне қатысқан әрбір азаматтың өмірбаянын жетік зерттеп, хатқа түсіру, одан қалды осы оқиғаны келер ұрпаққа насихаттау арқылы ұлт-азаттық көтерілістерінің қатарына қосу жұмыстарын уламай-шуламай, айғайлатпай, сабырмен ақылға салып, парасаттылықпен жүргізуіміз керек», – деген пікірі мен ұсынысын ортаға салды. Және де өзге кеш қонақтары мен қоғамдық бірлестік басшылары да сөз сөйлеп, көкейлерінде жүрген ойларымен бөлісіп, болашақта атқарылатын жұмыстарды да тілге тиек етті. Сондай-ақ, шара барысында жаңадан құрылған желтоқсаншылар бірлестігінің мүшелеріне куәлік пен төсбелгілер табыс етілді.

Халық жадында мәңгі сақталатын осы айтулы оқиғаның не себепті орын алғанын барлығымыз білеміз. Бізге жеткен деректерде алаңдағы көтерілісшілер таратылған соң ішкі істер бөлімдеріне 2401 адамның жеткізілгені айтылады. Алматы түрмесіне сыймағандықтан, қала сыртына апарып тасталғандарды қосқанда барлығы 8,5 мың адам ұсталған. 12 мыңға жуық студент жастар қуғындалған. Желтоқсан көтерілісі құрбандарының қатарында Халық Қаһарманы Қ.Рысқұлбеков, Е.Сыпатаев, С.Мұхаметжанова, К.Молданазарова, М.Әбдіқұлов, Л.Асанова сынды ержүрек қазақ жастары бар. Желтоқсанның 19-23 аралығында халықтың наразылық шерулері мен митингілер Қазақстанның барлық дерлік облыс орталықтарында жалғасты. Бүгінде көтерілісті сипаттайтын кітап, еңбектер мен деректі фильмдер, кинолар жарық көріп келеді.

Өткізілген шараның негізгі мақсаты – баршамызға тәуелсіздіктің қадірін ұғындыру, елімізде ынтымақ мен бірлікті қалыптастыру, сөйтіп, өскелең ұрпақтың еліне, Отанына деген сүйіспеншілігін арттыру. Бұл жұмыс, яғни, бабалардың аңсаған асыл арманын өскелең ұрпақтың сана-сезіміне жеткізу, Желтоқсан көтерілісіне қатысушыларға құрмет көрсету, олардың еңбектерін насихаттау шаралары алдағы уақытта да жалғаса бермекші.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар