Сайлау Көшкенұлы Көшкенов

2026 жылғы 21 қарашада сексен жасқа толар шағында қазақ журналистикасының ардагері, Қазақстанның құрметті журналисі, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, ақпарат саласының үздігі Сайлау Көшкенұлы (Ғұмарұлы) Көшкенов кенеттен дүниеден өтті.

Сайлау Көшкенұлы 1947 жылы 2 ақпанда Көкшетау облысы Чкалов ауданының Қарағаш ауылында дүниеге келген. Ол бар саналы ғұмырының 47 жылын журналистика саласына арнап, ұзақ уақыт бойы Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасы» («Көкшетау») газетінде абыройлы қызмет атқарды. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистка факультетін бітірген Сайлау Көшкенұлы өзінің бар білімі мен білігін баспасөз бетінде облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуын жете жазып көрсетуге арнады.

1997 жылы Көкшетау облысы таратылған тұста Солтүстік Қазақстан облыстық «Солтүстік Қазақстан» газетінің Көкшетау өңірі бойынша меншікті тілшісі, кейін қалалық «Көкшетау» газетінде әдеби редактор болды.

Осы қызметтердің бәрінде де өзін ойы мен қаламы жүйрік, қолға алған тақырыбын жан-жақты аша білетін, табиғатынан сөз қадірін терең түсінетін қаламгер ретінде көрсете білді. Сөйтіп, кәсіби даярлығы мен журналистік қарымы, табанды еңбегі арқылы әріптестері мен оқырмандарының ықылас-құрметіне бөленді. Әсіресе, ұлт, тіл тағдыры туралы жазған дүниелері көпшілік тарапынан өзінің жоғары бағасын алып отырды.

Сайлау Көшкенұлының журналистика саласындағы ұзақ жылғы жемісті еңбегі мемлекет тарапынан лайықты бағаланып, «Парасат» орденіне ие болды. Сондай-ақ, «Қазақстанның құрметті журналисі», Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атанды.

Осы жылдар ішінде Сайлау Көшкенұлы жеке шығармашылығымен де белсене айналысып, көптеген публицистикалық және сатиралық туындыларын дүниеге әкелді. Оның қаламынан қара сөзбен де, өлеңмен де туған ондаған кітаптар артында мол мұра болып қалды. Ол бұған қоса, шахмат, дойбы спортымен де үзбей шұғылданып, облыстық, қалалық жарыстарда жиі топ жаруымен жастарға үлкен өнеге көрсете білді. Сайлау Көшкенұлы сонымен бірге, өмірде айналасына елгезектігі мен қарапайымдылығынан танбай, отбасында адал жар, балалары мен немере-жиендерінің сүйікті әкесі және атасы болды.

Өмір және еңбек жолы осындай ізгілікпен өрілген белгілі қаламгердің өзінің сексен жылдық мерейтойы қарсаңында мезгілсіз дүниеден өтуі қалың көпшілік пен қаламдас әріптестері үшін орны толмас ауыр қаза екендігі анық. Сондықтан, осы бір қиын сәтте марқұмның отбасы мен туған-туыстарына және жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз. Асыл азаматтың  жатқан жері жайлы, топырағы торқа болып, иман байлығын берсін! Қаламымен еліне аянбай қызмет еткен абзал жанның жарқын бейнесі біздің жүрегімізде ұзақ сақталады.

Ақмола облысының әкімдігі.
Ақмола облыстық ардагерлер кеңесі.

 ***

Айтары  бар,  қайтары тез асыл аға еді

БҮГІН (21 ҚАРАША, 2026 ЖЫЛ) КӨКШЕТАУДАН СУЫҚ ХАБАР КЕЛДІ. САЙЛАУ КӨШКЕНҰЛЫ ДҮНИЕДЕН ОЗЫПТЫ.

Кеудеме өксік тығылып, жүрегім қатты соғып, демалып жатқан санаторийдің бөлмесіне сыймай кеттім. Далаға шықтым. Бурабайдың қысқы орманы мүлгіп тұр. Оқжетпес сол баяғы қалпымен кең дүниенің тылсымына көз салып тұрғандай, ол да үнсіз. Сұлу Көкшенің бар атырабы дүниеден озған Сайлау аға Көшкеновтың қазасын әлі қабылдай ала алмай жатқандай, сенбейтіндей әлі де!

Мен де сенер емеспін. Күні кеше бір жиында болып, сонда өзінің туар жылдың ақпан айында сексен жасқа толатындығын, тойға әзірленіп жатқанын, «бәріңді де шақырамын» деп өзіне тән әлдебір көтеріңкі күймен айтқаны да есімізде.

Жанымызды жылатып, жүрегімізді ауыртып бақилық дүниеге қас-қағым сәтте кете барған Сайлау Көшкенұлы кім дерсіз?!

Аға еді! Бір елдің азаматтары едік! Көңілдегі мұңымыз да бір, мақсатымыз да бір болды! Қаламы қарымды қаламгер, журналист, сатирик жазушы еді. Бар саналы ғұмырын қазақ журналистикасына арнап өтті. Бар саналы ғұмыры Көкшетау мен Ақмола өңірлерінің аудандық, қалалық, облыстық газеттерінде өтті. Қаламы жүйрік, айтар ойы бар Сайлау Көшкенұлының бейнеті көп газет жұмысындағы бар ғұмыры бір дәуірдің дастанын жазуға арналды.

Бір өзі бір дәуірдің жүгін арқалап, сол өзі өмір сүрген ортасының шежіресін қағазға түсіріп, кітап етіп бастырып кетті. «Қазақстанның құрметті журналисі», «Баспасөз саласының үздігі», Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреатынан басқа толып жатқан сый-сияпаттарын айтып тауысудың өзі мүмкін емес. Былтыр ғана «Парасат» орденімен марапатталып еді.

Өмір оны ерте, тым ерте анасыз қалдырды. Сонан да болар көңілі бір мұңнан айырылмайтын, сағыныштан сарғайып, келер күндерден әлдебір жақсылық күтіп, үнемі үміттеніп өмір сүрді. Бірі жеткізіп, бірі жеткізбей кеткен мына жалған дүниенің сол бір үмітті шағында демі үзіліп кете барды.

Біз осы газет қызметінде бір ауылдың үш бірдей қаламгерлері – марқұм Төлеген Қажыбай, осы Сайлау Көшкенұлы және мен бір кезеңде еңбек еттік. Үшеуміз бір газеттің төрт бұрышын көтеріп тұрмасақ та, үш бұрышын көтеріп тұрғанымыз анық еді. Біздерге қызығушылық та, қызғанушылық та болды.  Дегенмен, қандай жағдай болса да, біз өзіміздің бір ауылдың топырағынан жаратылғандығымызды ұмытқан емес едік…

Біздің ауылдың үлкендері еске алып айтып отырушы еді, баяғы соғыс жылдарынан кейінгі ауыр жылдары Сайлаудың әкесі Зікірия баласы марқұм Көшкен атамыз бригадир болса керек. Кейде колхоздың шаруасы жүрмей қалса, бригадир Көшкен атамыз, біреу-міреуге ұрсып, жекіп, кішкене тырнағын батырса, көп кешікпей сол үйге Сайлаудың жарықтық анасы келіп, қолындағы құрт-майын, тәтті-мәттісін әкеліп беріп, «айналайын, ағаңа ренжімей-ақ қойшы, колхоздың шаруасы да жүрмей, өзі әбден шаршап жүр» деп жік-жапар болады екен. Міне, ананың мейірімі осы болар!

Сол сияқты, Сайлау ағамның үйіндегі ардақты да асыл Мәуен жеңгеміз де бізге «ағаң айтып салды деп ренжи көрме, ол айтады да, сосын өзі де өкініп жүретіні бар» деп кей-кейде бізді де жұбатып отыратыны осы сәтте еске түсіп отырғаны!

Ағамыз Сайлау мен Мәуен жеңгеміз бір-бірімен сыйласып, бақытты өмір сүрді. Ұл өсірді, қыз өсірді. Бәрін де үй қылды. Немере-жиендерінің қызықтарын көрді. Сайлау ағамыздың ғұмыры осы ұрпақтарымен жалғасты болғай!

Өлместей жүрміз, бір-бірімізді өлместей көреміз. Базары тарқап бара жатқан дүниенің дойбысы мен шахматын ойнап, айтар жерінде айтып салатындығымен және қайтымы тез мінезімен ел мен жұртқа жаққан  Сайлау ағамыз да мына опасыз жалған дүниені тастап, ол да кетіп барады.

Алдыңыз жарық болсын, Сайлау аға!

Туған ауылымыз Қарағаш жақтан хабар алдым, қалың тұман басыпты ел үстін!

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
қоғам және мемлекет қайраткері,
I дәрежелі «Барыс» орденінің иегері.

 ***

Ақжарқын азамат  болатын

Ұзақ жыл елден тысқары жерде Солтүстік Қазақстан облыстық көші-қон департаментінде басшылық қызмет атқарғанымда күнделікті тірлікте біте қайнасып жүрген замандас-інілеріммен де байланысымды үзген жоқпын. Ал, Көкшетау қалалық ардагерлер Кеңесіне төраға болып сайланған он-он бес жылдың ішінде көбімен тонның ішкі бауындай араласып кеттім. Мінезі жайсаң, ақжарқын осындай азаматтың бірі – көкшелік танымал журналист Сайлау інім Көшкенұлы болатын.

Күн сайын шахмат клубына келіп, дойбы ойнайтын Сәкеңнің мінез-құлқын, жолдастарымен қарым-қатынасын сырттай бақылап, спортқа деген шынайы әуестігіне сүйсініп жүретінмін. Әсіресе, Жеңіс күні мен Қарттар айлығы құрметіне қала әкімінің жүлдесі үшін өтетін турнирде үнемі жеңімпаздар қатарынан көрінуші еді.

Ал, жаңа кітабын баспадан шығарғанда, алдымен, алғашқы нұсқасын маған көрсетіп, жас балаша қуанышымен бөлісетін. Әрине, қазіргідей қысылтаяң сәтте, уақыт тауып, қаржы тауып, кітап шығару оңай еместігін білгендіктен, жаңа туындысына «байғазысын» да беретінмін.

Өмір болған соң қуаныш та, реніш те қатар жүретіндігі заңдылық құбылыс. Байқаған кемшілікті тура бетке айта салатын әдетімен ол кейде жолдастарын да ренжітіп алатын. Мен мұндайда қарым-қатынасты онша ушықтырмас үшін, Сайлауды оңаша шақырып алып, ақылымды айтатынмын. Ақкөңіл, кешірімді азамат артынша қателігін түсініп, рахметін де айтатын.

Уақыт қымбат, ақша қат қазіргі заманда амалсыздан борышталып, қарыз аласың. «Балаларымның, немерелерімнің қажетін жабуым керек» деп иіліп көмек сұрағанда, ардақты інімнің меселін қайтарған кезім болған емес. Бір тамашасы айтқан мерзімінде алған қарызын қайтаратын.

Пенде болған соң, армансыз адам болмайды ғой. Сайлау інімнің де жиі-жиі келіп маған айтар назы да, арманы да көп болатын. Әсіресе, «Көкшетау қаласының құрметті азаматы» атағын алу керектігін жиі айтатын. Өңірдің қоғамдық-саяси өміріндегі айтулы оқиғаға орай, екі жылда бір-ақ рет берілетін бұл атаққа қойылар талап та қатаң болса, баспасөз саласындағы көп жылғы еңбегін ескеріп, оның бұл атақты алуы керек екендігі жөнінде қолдау көрсеткенім де рас. Міне, тағдырдың шешімі басқаша болды емес пе? Жатқан жерің жарық болып, жұмақтың төрінен көрін, аяулы Сайлау інім. Біз сені ақжарқын, кешірімді мінезің үшін көзің кеткенде де құрметтейміз!

Шияп ӘЛИЕВ,
Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы.     

***

Бақұл бол, ардақты досым!

Алла Тағаланың құдіреттілігі әлде тағдырдың жазуы солай болды ма, жексенбі күні кешкілікте кәдімгі сатирик жазушы, журналистика майталманы Сайлау досыма телефон шалып, қалалық «Көкшетау» газетінде дойбышылар арасындағы облыстық жарыста жеңімпаз атанғаны жайлы хабар шыққанын айттым.

– Газеттерді жинастырып қоярсың, қазір көңіл-күйім келмей жүр, дүйсенбіде соғармын. Бүгін «жедел жәрдем» шақырттық, – деді. Дауысынан алаңдайтындай қобалжуды байқамадым.

Арада екі-үш сағат өтпей жатып, суыт хабарды естігенімде бойымды күйзеліс биледі. Солтүстік өңірдегі баспасөздің қара шаңырағы «Көкшетау правдасы» газетінде сонау 1966 жылы еңбек жолымызды бірдей бастаған қаламы қарымды әріптесіммен соңғы рет сұхбаттасқанымды сонда ғана сезініп, түні бойы Сәкеңмен бірге өткізген жастық шағымды, редакциядағы нағыз еңбек майданына айналған күнделікті тірлікті ой елегінен өткіздім.

Содан бері алпыс жылдың жүзі болса да, Сайлау Көшкенұлы сатирик жазушы, тәжірибелі журналист ретінде қоғам алдындағы азаматтық борышын адал атқара білді. Мәселе оның қандай қызмет атқарғанында емес, кәсіби біліктілігінде, журналистік қаламгерлік шеберлігінде, проза, поэзия саласында көшілгері жаза білетін бойындағы шығармашылық тамаша қасиетінде, заман ағымына дер кезінде үн қоса білуінде.

Оның қаламынан туған отыз кітабының қай-қайсысын алсаңыз да, өмір шындығын арқау етеді. Ресми түрде ол Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі болмаса да, Көкшетаудағы қалың оқырманы сатирик жазушы, шындықтың жаршысы ретінде оны мақтан ететін.

Құдайға шүкір, атақ-дәрежеден де кенде емес Сәкең Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, «Ақпарат саласының үздігі», «Қазақстанның құрметті журналисі», «Алтын қалам» иегері атанды. Баспасөз саласындағы ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін әріптес досым былтыр «Парасат» орденімен марапатталғанда бірге қуандық. Оңаша сырласқанымызда: «Мәуеннің қасымда болып, ұрпақтарымен бірге сексенімді бір тойласам, арманым болмас еді», – дейтін.

Иә, айтса айтқанындай, жазушы әрі журналист Сәкең, ел ағасы Сайлау Көшкенұлы келер жылдың басында сексен жасқа толар еді. Әрине, елі барда, оқырманы барда бұл мерейтойы да ескерусіз қалмас. Тек жанға бататыны, енді өзінің жоқтығы!..

Балталы СӘРСЕНБАЕВ,
журналистика ардагері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар