Тәуелсіздік күні қарсаңында ауған соғысына қатысушылар үшін облыстық конференция ұйымдастырылды. Облыстың аудандарынан келген ауғандық ардагерлер сол жарияланбаған соғыста қаза тапқан жерлес интернационалист-жауынгерлерді еске алу мемориалына гүл шоқтарын қойып, өздеріне қатысты өзекті мәселелерді талқылады.
Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова, облыстың 10 ауданынан келген ардагерлер кеңестерінің өкілдері, сондай-ақ, білім, денсаулық сақтау, дене шынықтыру және спорт басқармаларының басшылары қатысты. Жаңа жылдың екінші айында Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 35 жыл толады. 1979 жылдан 1989 жылға дейін КСРО елінен 22 мыңға жуық сарбаз Ауғанстандағы қарулы қақтығысқа қатысты. Ақмола облысында соғыс қимылдары аймағында болған 1000-ға жуық адам тұрады. Жыл сайын ардагерлер Көкшетау қаласының орталығындағы ескерткішке гүл шоқтарын қойып, қаза тапқан 88 жауынгерді еске алады.
Ауғанстанда қызмет еткендердің арасында қыздардан да еріктілер болғанын атап өткен жөн. Гүлнәр Мақышева жанжал аймағындағы медициналық мекемеде 3 жыл жұмыс істеді. Ол да ауған соғысына арналған конференцияға қатысып, ардагерлерді әлеуметтік қолдау, соның ішінде әлеуметтік тұрғын үй мәселесін көтерді.
−Әрине, соғыс жылдары өте қиын болды. Мен алғаш рет қантөгіс алаңына келгенде ештеңе түсінбедім. Қазірдің өзінде маған осының барлығын еске түсіру оңай емес, алайда, сол жылдары кері шегінуге жол болмады. Дегенмен, соғыс аяқталды, ал, бізді толғандыратын мәселелер әлі де бар. Бүгінгі таңда тұрғын үй бойынша әлі күнге дейін пәтерге кезекте тұрмын. Кеңес әскерлерін Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толады, ал, мен осы уақытқа дейін баспана алған жоқпын. Жалғыз өзім ғана емес, пәтер алмаған басқа да ардагерлер көп,−деді интернационалист жауынгер Гүлнәр Мақышева.
Дөңгелек үстелге қатысушылар өзекті тақырыптар бойынша сөз сөйледі. Оларды толғандырған басты сұрақтардың бірі Ауғанстандағы соғыс ардагерлеріне арналған және осы елден Кеңес әскерлерінің шығарылғанына 35 жыл толуына орай, бірқатар спорттық шараларды өткізу барысы. Облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы Әсет Бүкібаев облыс аумағында жыл сайын ауған соғысының ардагерлерін еске алу бойынша үш турнир өткізілетінін атап өтті.
−Бұл Краснояр ауылындағы қоян-қолтық жекпе-жектен жылына екі рет өткізілетін турнир мен Көкшетау қаласында өтетін бозбалалар арасындағы грек-рим күресі бойынша турнир. Олар келесі жылдың күнтізбелік жоспарына енгізілген. Және бұл іс-шараларды өткізуге ақшалай қаражат толық көлемде бөлінген. Оның ішіне кубоктар, медальдар және тағы басқа қажет заттарды сатып алу кіреді. Енді үлкен республикалық турнирге келетін болсақ, ол бізде шілде айының басында жоспарланған. Бірақ, әзірге қаржыландыру, өткізу орны бойынша негізгі мәселелер шешілуде,− деді Әсет Бүкібаев.
Бұдан басқа басты мәселе зейнетақы жинақтары болды. Ауғанстанға алғашқылардың бірі болып барған сарбаздар бүгінде зейнеткерлік жасқа жеткені белгілі. Алайда, еңбек және жауынгерлік еңбек өтілін есептеуде айтарлықтай мәселе бар. Қорғаныс істері департаментінің өкілдері бұл бағыттағы жұмыс әрбір жауынгер-интернационалистпен жеке жүргізілетінін атап өтті.
–Әскери комиссариат бұл мәселені шешетінін түсіндірді. Мұрағаттық анықтамалар сұралады. Бірақ, бұл процедураның өзі Ақмола облысының ғана емес, бүкіл республиканың мәселесі. Бүгінгі таңда Ауған соғысы ардагерлеріне қатысты сұрақтар өте көп. Жыл сайын біз көбейіп емес, азайып бара жатырмыз,−деді интернационалист жауынгер Қанат Бралин. Әскери қақтығыстарға қатысушыларды мемлекеттік қолдау деңгейін арттыру қажеттігі көптеген жылдар бойы және әртүрлі деңгейде талқыланып келеді. Алайда, әзірге интернационалдық борышын өтеу кезінде денсаулығынан айырылған ардагерлеріміз бірқатар әлеуметтік мәселелерге тап болуда. Соның ішінде жоғарыдағы айтылған тұрғын үй мәселесі бар. Алайда, бұл қиындықтарға қарамастан, ауғандық ардагерлер өз елінің адал патриоттары болып қала береді. «Интернационалист-жауынгерлер» атағын мақтанышпен алып жүрген олар барлық қоғамдық ұйымдармен тығыз байланыста болып, өскелең ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие беруге орасан зор үлестерін қосуда.
Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.