Көкшетау қаласындағы «Қоғамдық келісім» үйінде «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы» тақырыбында Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен әртүрлі этнос өкілдері арасында облыстық тіл байқауы болып өтті. Байқауға Көкшетау, Степногорск, Қосшы қалалары мен Сандықтау, Зеренді, Жарқайың, Атбасар, Бұланды аудандарынан барлығы 10 қатысушы өзара бақ сынады.
Байқаудың басты мақсаты мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілінің этносаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі қызметін нығайту, сондай-ақ, мемлекеттік тілді меңгерген этнос мүшелерін ынталандыру болып табылады. Тіл сайысы төрт кезең бойынша өткізілді. Атап айтар болсақ, таныстыру кезеңі «Жұлдызды сәт» деп аталса, «Аудармасын тап», «Ой ұшқыны», «Ұшқыр сұрақ, ұтқыр жауап» сияқты кезеңдерде қатысушылар тіл білу деңгейін өзара сарапқа салды. Алғашқылардың бірі болып сахнаға Степногорск қаласындағы «Қазпошта» акционерлік қоғамы филиалының операторы Милана Каняхина шығып, өз өнерін көрсетті. Жалпы, бұл байқауға Степногорск қаласынан Миланадан басқа тағы екі қатысушы келген екен. Олардың қатарында Степногорск қаласындағы «AVADA» тігін цехының басшысы Венера Кирдибаева мен Степногорск қаласындағы «Халық банкі» акционерлік қоғамы филиалының аға менеджері Виолетта Аникина бар. Атап өтерлігі, байқауда бағын сынаған қатысушылардың басым көпшілігі ауызекі тілді жақсы меңгергендерін аңғартты. Олар өз ойын еркін әрі жетік жеткізуге тырысып бақты. Бұл да болса, өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілге деген қызығушылықтары әжептәуір екендігін байқатып отыр.
Ақмола облыстық оқу-әдістемелік орталығының директоры, қазылар алқасының төрағасы Қуаныш Қажиахметовтың айтуынша, алыс-жақын аудандардан байқауға қатысамын деп келген қатысушылардың барлығы мақтауға лайық.
– Қазақ «Тілге құрмет – елге құрмет» дегенді бекер айтпаған. Бәріміз Қазақстан Республикасының азаматымыз, сондықтан, мемлекеттік тіл – қазақ тілі осы елде тұрып жатқан, осы елді жүрегімен сүйетін ұлттың тілі деп түсінуіміз керек. Кез-келген саналы адам алдымен, мемлекет маған не берді деген сауалға емес, мен мемлекетке не бердім деген сұраққа жауап іздеуі керек. Бүгінгі байқауға қатысып отырған қатысушылардың өнері мен білімін сарапқа сала отырып, олардың тілге деген құрметін, білмекке ұмтылған талабын көріп тәнті болдық. Әрине, әттеген-айлары да бар. Дегенмен де, «Көш жүре түзеледі» деген де бар емес пе?. Сондықтан, қатысушыларға алдағы уақытта да мемлекеттік тілді көгерту, дамыту жолына ат салыса беріңіздер демекпіз, – деді марапаттау салтанатында сөйлеген сөзінде Қуаныш Қайыргелдіұлы. Қазылар алқасының құрамында «Қоғамдық келісім» мекемесінің ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Қайырбай Сейітмағамбет, А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің шет тілдері және аударма ісі кафедрасының аға оқытушысы Ұлмекен Жандаева да болып, байқауға қатысушыларға әділ бағасын берді.
Иә, қазылар алқасының төрағасы өз сөзінде атап өткеніндей, кез-келген адам өзі тұрып жатқан елінің мүддесін басты құндылығына баласа, мемлекеттік тілдің өркендеуі бұдан да жақсы нәтижемен жандана түсері анық. Шынында да, алға ілгерілеу бар. Оны байқау барысында анық аңғардық. Бірі қолына домбыра ұстап, айтыс мақамымен өзін таныстырып өтсе, бірі өз ойын жетік жеткізіп, аударманы дәлме-дәл, кейде көркем тілмен аударып жатқандары да болды. Енді бірі қазақ ақындарының өлеңдерін жатқа оқып, басқасы көрініс арқылы бүгінгі қоғамның жайсыз көрінісін көркем баяндады. Бастысы, тіл меңгеруде талпыныс мол.
Байқау болғасын бірінің бағы, бірінің бабы басым болары анық. Мұндайда, «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» дейді қазақ. Бастысы, елге деген құрметтің шынайы көрінісіне куә болдық. Сонымен, байқау қорытындысы бойынша Бас жүлдемен Степногорск қаласындағы «Халық банкі» акционерлік қоғамы филиалының аға менеджері Виолетта Аникина марапатталып, 250 мың теңгенің тауар сертификаты және ұйымдастыру алқасының дипломына ие болды. Сонымен қатар, жүлделі бірінші орынға Бұланды ауданындағы «Айя» дүкенінің сатушысы Лена Горбунова ие болып, 200 мың теңгенің тауар сертификаты және ұйымдастыру алқасының дипломымен марапатталды. Сондай-ақ, жүлделі екінші орынды Қосшы қаласындағы сән салонының әрлеушісі Александра Мазуренко мен Сандықтау ауданының тұрғыны, жеке кәсіпкер өзара бөлісіп, олардың әрқайсысына 150 мың теңгенің тауар сертификаты мен дипломдар табыс етілді. Ал, жүлделі үшінші орынға Жарқайың аудандық «Рассвет» жеке кәсіпкерлігінің аспазшысы Наталья Одинцова мен Атбасар аудандық көпбейінді ауданаралық ауруханасының мейірбикесі Анжела Турлыгажинова лайық деп танылып, 100 мың теңгенің тауар сертификатына және ұйымдастыру алқасының дипломдарына қол жеткізді. Байқаудың барлық қатысушыларына естелік сыйлықтар мен Алғыс хаттар табыс етілді.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.