Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Ақмола облысына жұмыс сапары барысында Көкшетау қаласындағы өндіріс орындары мен қазандықтарда болып, олардың тыныс-тіршілігі, қысқы жылу беру маусымының жағдайын пысықтап, облыстық мәслихат депутаттарымен және кәсіпкерлермен кездесті. Министрдің сапары кезінде облыс әкімінің орынбасары Азамат Тайжанов бірге болды.
Министр алдымен полипропилен ыдыстарын өндіретін «Новопэк» серіктестігінде болды. Кәсіпорын айына 10 миллион қап және 200 мың «Биг-Бэг» типті контейнерлер шығарады. Өндіріс орны заманауи жабдықтармен жабдықталған. Тауарларын ел ішінде сатып қана қоймайды, Тәжікстан мен Өзбекстан және Ресей сынды елдерге тасымалдайды. Министр өз сөзінде мемлекет ішкі нарықты қажетті өнімдермен қамтамасыз ететін кәсіпорындарға, жаңа құралдар аясында қолдау көрсетуді жалғастыратынын атап өтті.
−Мүмкіндігінше көп өндірісті қамту үшін субсидиялаудан кепілдік беруге көшетін боламыз. Субсидиялау негізінен өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталады. Ең бастысы, мемлекеттік қолдауға ие болған кәсіпорындар экспорттық әлеуетке қол жеткізді. Бүгінде олар пайда тауып, ішкі нарықты қамтамасыз етуде, – деді министр.
Министр барған келесі нысан Көкшетау қаласында аудандық екі қазандық орналасқан «Көкшетау Жылу» мемлекеттік кәсіпорны болды. Мұнда желілердің тозуы 45,7 пайызды құрайды. Айта кетерлігі, 2024 жылға 366 138 мың теңге көлемінде инвестициялық бағдарлама бекітілген. Сонымен бірге, ағымдағы жылы аталмыш кәсіпорын жұмысшылардың жалақысын көтеру бойынша өтініш білдірген.
ҰЭМ басшысы 2024 жылы өндірістік персоналдың жалақысы 84 пайызға өсетінін атап өтті. Сонымен бірге, биылғы жылы Үкімет қаражаты есебінен 2 миллиард теңге көлемінде екі қазандықтың түтін құбырларын жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ұзындығы 3,3 шақырым болатын жылу желілерінің құбырлары да ауыстырылды.
«Көкшетау Жылу» басшылары жылу энергиясын өндірумен айналысатын ұйымдар үшін электр энергиясын стратегиялық тауарлар тізбесіне енгізу туралы ұсынысты алға тартты. Әлібек Қуантыров бұл мәселе егжей-тегжейлі пысықтауды қажет ететінін және басқа мемлекеттік органдармен міндетті түрде қаралатынын жеткізді.
Қаладағы өндіріс орындарын аралағаннан кейін Ұлттық экономика министрі «АMANAT» партиясының ғимаратында облыстық, қалалық және аудандық мәслихат депутаттарымен, оның ішінде «АMANAT» және «Aq jol» партияларының өкілдерімен кездесті. Жиын барысында олар өңірдің ең өзекті мәселелерін жеткізді. Яғни, Зеренді ауданында электр энергиясын беру, білім саласы, қызметкерлердің жалақысы, жолдар, әлеуметтік сақтандыру, ауыл шаруашылығы және жаңа Бюджет кодексі және «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша жобаларды іске асыруға қатысты мәселелер көтерілді.
Әлібек Қуантыров биылғы жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын жүзеге асыруға шамамен 200 миллиард теңге бөлінгенін айтты. Қаражат шеңберінде 800-ге жуық ауыл қамтылды. Бағдарлама іске қосылғаннан бері қаржыландыру 7 есеге өсті. Министр өңірлерді дамыту Үкіметтің басым міндеттерінің бірі болып табылатынын атап өтті.
−Жалпы, біз әрқашан облыстарды жан-жақты қолдайтын боламыз. Халықтың әл-ауқатының өсуі ел экономикасының табысты дамуының басты көрсеткіші деп санаймын,−деді өз сөзінде Әлібек Қуантыров.
Сонымен қатар, жиынға қатысқан депутаттар министрден Зеренді ауданының энергетикалық жағдайын назардан тыс қалдырмауын сұрады. Желілердің тозу көрсеткіші 90 пайызды құрайды. Олардың айтуынша, мәселені шешу үшін облыстық бюджеттен бөлінетін қаражат жеткіліксіз.
−Бұл мәселе ерекше бақылауда. Модернизациялау республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен, ал, қалған бөлігі тарифтер арқылы жүргізіледі. Қазірдің өзінде кешенді жұмыс атқарылуда. «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында да бірқатар жұмыстар қолға алынды, – деді министр.
Бұдан бөлек, Ауған жауынгерлеріне әлеуметтік көмек көрсету мәселесі қозғалды. Атап айтқанда, тұрғын үймен қамтамасыз ету, жәрдемақы мөлшерін ұлғайту және шипажайда демалу туралы сөз болды. Бүгінде өңірде Ауған соғысына қатысқан 700-ге жуық ардагер тұрады.
−Республикалық бюджеттің 40 пайызы әлеуметтік салаларға бағытталады. Жергілікті бюджеттерді қоса алғанда ол 50 пайызды құрайды. Жалпы, елде ауған жауынгерлері үшін жеңілдіктер жасалған. Бірақ, олардың жеткіліксіз екенін түсінеміз. Үкімет өзінің барлық әлеуметтік міндеттемелерін толығымен орындауда. Қалай болғанда да бұл мәселені мүдделі министрліктермен, оның ішінде Қорғаныс министрлігімен талқылайтын боламыз, – деп түйіндеді министр.
Сондай-ақ, ол барлық мәселелерді назарға алып, мүмкіндігінше қысқа мерзімде шешуге тырысатынын атап өтті. Әрі қарай Әлібек Қуантыров облыстың бизнес өкілдерімен кездесті. Онда кәсіпкерлікті дамыту бойынша мәселелер инвестициялық жобаларға, салықтарға, экологияға, экспортқа, қаржыландырудың тұрақтылығына, мемлекеттік сатып алуға қатысты болды. Ұлттық экономика министрі бүгінгі таңда бизнеске жүктеме орасан зор екенін айтып, қандай жағдай болсын, осы саланы әрдайым қолдайтынын атап өтті және туындаған сұрақтардың шешімін табуға уәде берді.
Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.