Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Салық пен мобильді аударым: Таксистер мен дүкеншілердің табысы қалай бақыланады - АРҚА АЖАРЫ

Салық пен мобильді аударым: Таксистер мен дүкеншілердің табысы қалай бақыланады

2023 жыл аяқталарда халық арасында енді дүкендер, таксилер онлайн аударымдарды қабылдамайтынын, қайтадан қолма-қол ақшаға көшетінімізді айтып, азаматтар абдырап қалды. Бұл дүрбелең бүгін де әлі басылмай отыр. Халықтың алаңдауына не себеп? Мобильді аударым мен мобильді төлем деген не? Сұрақтардың жауабын іздеп көрейік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Соңғы жылдары банктердің мобильді қосымшаларының танымалдығы өсті, кәсіпкерлер оларды тауарларды сату және қызметтерді көрсету үшін төлемдерді қабылдау үшін көбірек пайдаланады.

Қазақстанда 2023 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі 86%-ға дейін өсті. 6 жастан асқан балалар да қолма-қол ақшасыз төлемдерді белсенді пайдаланады, ата-аналардың 41,4%-ы балаларына карта рәсімдеген.

Алайда, жеке кәсіпкерлер өткізген тауарлары мен көрсетілген қызметтері үшін қолма-қол ақша төлеуді талап етіп, қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту жағдайлары да кездеседі.

Қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту — заңсыз, себебі «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» заңның нормаларында әртүрлі төлем әдістері – банк картасы, QR төлемі немесе қолма-қол ақша қарастырылған.

Кәсіпкерлердің төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді қабылдаудан бас тартқаны үшін бірінші рет ескерту түрінде әкімшілік жауапкершілікке тарту, ал қайталап заң бұзғаны үшін 147 680 теңге (40 АЕК) мөлшерінде айыппұл салу көзделген.

Қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту фактілері болса, онда мемлекеттік кірістер органдарына хабарласуыңыз қажет.

Сонымен бірге Салық кодексі микро және шағын бизнес субъектілеріне оңайлатылған салық салу жағдайы жасады, атап айтқанда: салық мөлшерлемелері қызмет түріне байланысты 1%-дан 4%-ға дейін. Кәсіпкер өзіне ыңғайлы салық режимін таңдай алады:

– патент (салық мөлшерлемесі 1%);

– оңайлатылған декларация (салық мөлшерлемесі 3%);

– бөлшек салық режимі (салық мөлшерлемесі 4%).

Салық және әлеуметтік төлемдер автоматты түрде есептелетін және төленетін «e-Salyq Business» мобильді қосымшасы арқылы салық салу режимін таңдауға болады.

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары декларация тапсыруы тиіс, сондықтан кәсіпкерлік қызметтен алынған кірістерді дұрыс көрсету өте маңызды. Кейінгі жылдары мүлікті сатып алған жағдайда бұл кірістер салық салу мақсатында есепке алынады.

Тауарларды сату немесе қызмет көрсету кезінде кәсіпкерлер де сатып алушыға түбіртек беруге міндетті.

2023 жылы МКК-ға қатарынан үш айдың әрқайсысы ішінде 100 түрлі тұлғадан жеке банктік шотқа аударымдар алған жеке тұлғалар бойынша банктерден мәліметтер келіп түсті. Банктер мәліметтерді тек осы өлшемшарттарға сәйкес келген адамдар бойынша жібереді, — деді Мемлекеттік кірістер комитеті Өндірістік емес төлемдерді, жеке тұлғаларды және арнаулы салық режимдерін әкімшілендіру департаментінің директоры Нұржан Қуандықов.

Мемқызметші, жеке кәсіпкер мен қарапайым халықтың шоты қалай тексеріледі

Банктер кімнің шоты бойынша ақпарат береді:

1) 2023 жылдан бастап – мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген адамдар және олардың жұбайлары бойынша (2022 жылдың қорытындысы бойынша);

2) 2024 жылдан бастап – мемлекеттік мекемелердің, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері және олардың жұбайлары бойынша (2023 жылдың қорытындысы бойынша);

3) 2025 жылдан бастап – жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғалардың басшылары және олардың жұбайлары бойынша (2024 жылдың қорытындысы бойынша);

4) 2026 жылдан бастап – халықтың қалған бөлігі бойынша (2025 жылдың қорытындысы бойынша).

Бүгінгі таңда 2022 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген адамдар және олардың жұбайлары бойынша ақпарат алынды.

Ал биыл, яғни 2023 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік мекемелердің, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері және олардың жұбайлары бойынша ақпарат беріледі.

Бұл жоба жасырын кірістер мен тіркелмеген кәсіпкерлерді анықтауға бағытталған, өйткені көптеген кәсіпкер тауарлар, қызметтер үшін төлемді жеке шоттарға (дүкендер, такси жүргізушілері және т.б.) мобильді аударымдар арқылы алады. Сонымен қатар аударымдар көбінесе чектер берілмей қабылданады, — деді МКК баспасөз қызметі.

Осыған байланысты МКК кәсіпкерлерге кәсіпкерлік қызметке арналған шоттарға (бизнес-шоттарға) төлем қабылдауды ұсынады.

«Кәсіпкерлер тұтынушы жағдайын жасауы керек»

Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі Айнұр Сартаева салық кімге, қалай есептелетінін түсіндіріп берді.

Өзіміз де дүкенге барып, қажетімізді сатып аламыз. Бізге көбінесе қолма-қол ақшадан гөрі, электронды түрде есеп айырысқан ыңғайлы. Мұндай мүмкіндіктерді еліміздің азаматтары қолданып отыр. Яғни кез келген дүкен немесе сауда нүктесінің иесі азаматтарға оған қалай төлеуге ыңғайлы болса, сондай тәсілде төлеуге мүмкіндік беруі керек. Мысалы, азаматқа банк картасымен төлеу ыңғайлы болса, онда дүкен оған POS-терминал ұсынуы не болмаса QR-кодпен төлеуге ыңғайлы болса, оған да жағдай қарастыруға тиіс, — деді ол.

Сартаева кәсіппен айналысатындардың клиенттерінен қолма-қол ақша сұрауы заңсыз екеніне назар аударды. Айтуынша, бұл жерде тұтынушы құқығы да бұзылып отыр.

Егер дүкен азаматтың карта арқылы немесе QR-код арқылы төлемін қабылдамай, қолма-қол ақша талап етсе, онда азамат осы дүкенге қатысты мемлекеттік кірістер органдарына шағымдана алады. Сондай-ақ бақылау кассасының фискалды түбіртегін бермесе де азамат кәсіпкерге қатысты шағым жолдай алады. Кәсіпкерлер де алдағы уақытта ойлануы керек. Себебі, бұл нарық. Яғни бұл процедуралардың бәрін нарық реттейді. Мысалы, екі дүкен қатар тұр делік. Бір дүкенде «қолма-қол ақшаны ғана қабылдаймыз» деп талап қойып отыр. Ал екінші дүкен керісінше азаматтардың төлем жасауына барлық жағдайды жасап отыр – картамен де, QR-кодпен де және т.б. Енді қолыңызда қолма-қол ақша жоқ, қай дүкенге барасыз? Әрине, картамен, QR-кодпен қабылдайтын дүкенге барасыз. Яғни бірінші дүкен бұл жағдайда табысынан айырылады, — деп түсіндірді МКК ресми өкілі.

Ол кәсіпкерлер тұтынушылардың жағдайын жасауы керегін айтты.

«Кәсіпкерлердің бәріне заң ортақ»

Қазақстанда кәсіпкерлердің барлығына заң ортақ. Әрбір кәсіпкер өзінің кәсібімен айналысып, содан тапқан табысынан мемлекетке міндетті түрде салық төлеуі керек. Қазақстанда бүкіл әлеммен салыстырғанда ең төменгі салық мөлшермесі бекітілген. Соның өзінде де еліміздің кейбір азаматтары салық төлеуден жалтарады. Иә, барлығы бірдей емес. Елімізде салықты адал төлеп отырғандар да көп. Еліміздің дамуы жолында өзінің әлеуметтік жауапкершілігін сезінетін салық төлеушілеріміз жетерлік, — деді ол.

Айнұр Сартаева халық арасындағы мобильді аударымдарға қатысты түсініспеушіліктің не себепті туындағанын түсіндіріп өтті.

Халықтың арасында мобильді аударымдарға қатысты түсініспеушілік туындап жатыр. Мысалы, «мен мобильді аударым жасасам, менің де шотым тексеріледі» деген пікір қалыптасып жатыр. Мобильді аударымдарды аударып отырған адамдардың шоты тексерілмейді. Жеке тұлғалар, яғни қарапайым азаматтар туысқандар, достар арасында бір-біріне қолдау, көмек ретінде жіберген аударымдары тексерілмейді, бұл салық төлейді дегенді білдірмейді. Яғни мобильді аударымдарды бұрын қалай пайдалансақ, қазір де солай пайдалана береміз. Оған ешкім шектеу қоя алмайды. Бұл тексеріс тек қана кәсіпкерлерге қатысты, — деп айтты МКК ресми өкілі.

Таксистер де кәсіпкер ме?

Елімізде азаматтарымыздың көбі такси қызметін атқаратыны белгілі. Олардың көпшілігі жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген. Олардың шотына айына 100-ден аса азаматтар аударым келетіні түсінікті. Енді олар қайтпек?

МКК ресми өкілі Айнұр Сартаева кәсібін заңдастыру керегін айтты.

Негізі кәсіпкерлік мақсатта алған табысын заңдастыруы үшін бизнес шот ашуы қажет. Мысалы, маған айлық түсетін шот – ол жеке тұлға шоты. Ал егер мен кәсіпкерлікпен, саудамен, такси қызметін көрсетумен айналысып отырсам, онда менің бизнес шотым болуы керек. Ал енді кәсіпкерлікпен айналысу арқылы тапқан ақшамның барлығы осы бизнес шотқа түсуі қажет. Осы жерде екеуінің ара-жігін нақты ажыратып алуымыз керек, — дейді ол.

Айтуынша, қазіргі уақытта елімізде такси қызметімен, жалпы кәсіпкерлікпен айналысатындарға ыңғайлы салық тәртібі бар. Мысалы, интернет-платформаларда жұмыс істейтіндер үшін, дәлірек айтқанда Yandex пен МКК арасында келісім жасалып, пилоттық жоба жүргізіліп жатыр. Бұл жобаға қатысқан такси жүргізушілері небәрі 1% ғана салық төлейді. Бұл – өте төмен салық мөлшерлемесі. Сондай-ақ такси қызметін көрсетіп отырған азамат үшін барлық салық ауыртпашылығын, міндеттемелерін Yandex өз мойнына алып отыр. Яғни такси жүргізушісі салық есептілігін толтырмайды, салықты есептемейді.

Такси жүргізушілері көбіне «өз нәпақамды өзім тауып жүрмін, мемлекет маған ешқандай жағдай жасап жатқан жоқ, не себепті салық төлеуім керек» деп шағымданады. Сартаева мұндай пікірден, ойдан аулақ болуға шақырды.

Еліміздің ары қарай дамып, өркениетті елдердің қатарына кірсін десек, әрқайсымыз салық төлеуді өзімізден бастауымыз керек. Шын мәнінде, салық төлемейтін такси жүргізушісі жарық көшелермен жүреді, жылы үйде тұрады, түзу жолмен жүреді, медициналық қызметтерді алады, балалары тегін емделеді, баласы мектепте тегін оқиды, оған қоса еліміздің қауіпсіздігі, шекарасының қорғалуы. Осы шығындардың бәрі қайда кетеді? Егер осының бәріне қаражат болмаса, біз қалай ел боламыз? Азаматтар осыны сезініп, бойындағы патриоттық сезімді оятуы қажет, — деп айтты ол.

Сартаева атап өткендей, елімізде такси қызметіне, яғни жолда жүру ережесіне қатысты арнайы заң бар. Бұл жерде такси қызметін жүзеге асырушы жеке тұлға жеке кәсіпкер ретінде немес заңды тұлға ретінде жұмыс істеуі керек. Себебі басқа жеке тұлғалардың өмірі мен қауіпсіздігі үшін жауап береді.

Бүгінде такси қызметін көрсететіндер кәсібін заңдастырса, 10% емес, небәрі 1% ғана салық төлейді.

Салықтан жалтарғандар айыппұл төлейді

Бақылау шараларына келетін болсақ, бірінші кезеңде екі бағыт бойынша камералдық бақылау жүргізіледі (талдау келесі жылы жоспар бойынша жүргізіледі):

1) қызметті салық органдарында тіркеу;

2) кірістерді төмендету.

Жалпы, камералдық бақылау салық төлеушілерге бұзушылықтарды өз бетінше жоюға мүмкіндік беруге бағытталған. Осыған байланысты анықталған бұзушылықтар туралы ақпараты бар хабарламалар жіберілетін болады.

Егер салық төлеуші бұзушылықтармен келіссе, ол жеке кәсіпкерді тіркеуі немесе декларацияға кіріс сомаларын көрсете отырып қосымша декларация тапсыруы керек (бұзушылық түріне байланысты).

Егер салық төлеуші бұзушылықтармен келіспесе, ол растайтын құжаттарды қоса бере отырып, бұзушылықтардың жоқтығы туралы түсініктеме беруге құқылы.

Хабарламаны орындамаған кезде салықтық тексеру тағайындалады, оның барысында банктерден шот бойынша толық ақпарат сұратылады және бұзушылықтардың болуы/болмауы туралы іс жүзінде шешім шығарылады.

ЖК тіркеусіз қызмет үшін 15-тен 100 АЕК-ке дейінгі айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілік көзделген. Кірістерді жасырғаны үшін – төленбеген салықтар сомасының 200% мөлшерінде айыппұл (қайталанған жағдайда – 300%). Чек бермегені үшін – 15-тен 50 АЕК-ке дейін.

Бақылау шаралары адал салық төлеушілерге әсер етпейтініне назар аударамыз.

Жоғарыда айтылғандай, бақылау шаралары қызметті тіркеусіз жүзеге асыратын немесе кірістерді жасыратын кәсіпкерлерге ғана әсер етеді.

Жеке тұлғалар өздерінің жеке мақсаттары үшін (туыстарына, достарына аударымдар, ата-аналар мен балаларға көмек, сондай-ақ басқа да өмірлік жағдайлар бойынша) мобильді аударымдар жасай алады және қабылдай алады. Бұл ретте мұндай аударымдарды декларациялаудың қажеті жоқ, өйткені олар жеке тұлғаның табысына жатпайды.

Табыс алуға бағытталған аударымдар ғана декларациялауға жатады.

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 3 692 теңге болады. Сәйкесінше, әлеуметтік төлемдер көлемі де артады.

2023 жылы 1 АЕК 3 450 теңге болған еді.

Дереккөз: baq.kz

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар