Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Талғат Жүнісов пен Ақмола облыстық мәслихатының әлеуметтік сұрақтар жөніндегі тұрақты комиссиясының төрайымы Айнагүл Балташева облыс орталығы Көкшетау қаласындағы бірқатар білім беру ұйымдарын аралады.
Көкшетау қаласындағы №1 арнайы мектеп-интернатында қазір 340-тан астам оқушы білім алуда. Депутаттар ерекше балаларға арналған бірегей оқу орнының материалдық-техникалық базасымен танысты, бейіні бойынша жабдықталған шеберханаларды, мультимедиялық және интерактивті жабдықтары бар оқу кабинеттерін, балаларды демалуға және оңалтуға арналған бөлмелерді, асхананы, спорт залын қарап шықты. Мектеп спорттағы және түрлі байқаулардағы педагогтардың жетістіктерімен белгілі. Мектеп залдарында оқушылардың қолөнері мен түрлі жұмыстарының көрмелері орналасқан.
Мектеп-интернат директоры Ольга Бурдинская хабарлағанындай, 2023 жылдың тамызында «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры арнайы бағдарлама аясында оқу орнына заманауи жабдықтары бар бірнеше мамандандырылған сыныптар жиынтығын сыйға тартты.
Мектеп үлкен сұранысқа ие және арнайы оқытуды қажет ететін балаларды қамтуды арттыру үшін оқу корпусынкеңейтуді қажет етеді, мектеп аумағы қосымша ғимарат салуға мүмкіндік береді. Қосымша құрылысқа жобалау-сметалық құжаттама дайындалған болатын, бірақ қаражат әлі бөлінген жоқ. Осыған байланысты О.Бурдинская жобаны қаржыландыруға жәрдемдесуді сұрады. Бұған халық қалаулылары депутаттық сауалдарды жіберуге дайын екендіктері айтылды.
Бұдан әрі Талғат Жүнісовпен Айнагүл Балташева Абай атындағы дарынды балаларға арналған №3 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатында болды. Жақында қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың есіміне ие болған қазақ тілінде оқытатын облыс орталығындағы ең көне оқу орнының бай тарихы мен дәстүрі бар. Мектептің түлектері арасында облыс пен республиканың белгілі қайраткерлері аз емес. Қазір онда 200-ден астам оқушы оқиды, олардың көпшілігі облыстық және республикалық олимпиадалар мен конкурстардың қатысушылары мен жеңімпаздары болып табылады.
Депутаттар Абайтану, робототехника, қазақ тілі мен әдебиеті кабинеттерін, ресурстық орталықты аралап, ауылдық жерлерден келген балалар тұратын жатын бөлмелердің жағдайымен танысты. Айта кетейік, мектепте депутаттар келген күні облыстық пәндік олимпиада өтіп жатты.
Сондай-ақ, халық қалаулылары ұзақ уақыт бойы күрделі жөндеуді қажет ететін интернаттың жатын бөлмелерін тексерді. Директор Анаргүл Құрмашеваның түсіндіргеніндей, мұнда соңғы рет жөндеу жұмыстары 2001 жылы жүргізілді, сол кезден бастап жатын корпусты жаңарту ағымдағы жөндеу аясында жүргізілді.Білім басқармасының басшысы Ш.Оразалиннің айтуынша, жақын арада интернатта күрделі жөндеу өткізілмек, бұл мақсаттарға 2024 жылға қаражат салынғаны белгілі болды. Бірақ, жобада жабдықты сатып алу және асхананы жөндеу қарастырылмаған. Айнагүл Балташева Ш.Оразалиннен осы маңызды тұстарға назар аударуды өтінді.
Депутаттар бұдан соң №4 мектеп-интернаттың жаңа корпусының құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Бүгінде оқу орнында есту қабілеті бұзылған 130 бала оқиды. 2020 жылы мұнда корпустарға күрделі жөндеу жүргізілді, материалдық-техникалық база жаңартылды. Бірақ, мектептіңөз спорт залы жоқ, мұғалімдер мен дефектологтар балаларды кішкентай бейімделген бөлмелерде оқытуда. Құрылысы аяқталуға жақын жаңа ғимарат балалардың оқуы мен шығармашылық дамуы үшін жағдайды едәуір жақсартуға мүмкіндік береді.
Депутаттар мердігер компания өкілдерімен әңгімелесті. Белгілі болғанындай, қосымша корпус жаңа жылға қарай тапсырылуы керек еді. Бірақ, жылу жүйесін жобалаудағы қателіктерге байланысты бұл мерзімге түзетулер енгізуге тура келді. Бүгінгі таңда барлық жұмыстар аяқталуға жақын.
Қарлыға МҰҚАТАЕВА,
Ақмола облыстық мәслихатының баспасөз хатшысы.