Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Айна Мысырәлімова, Юлия Кучинская мен Наталья Дементьева Ақмола облысына жұмыс сапары аясында жергілікті атқарушы орган өкілдерімен және мәслихат депутаттарымен кездесіп, «Мемлекеттік сатып алу» заңына енгізілетін толықтырулар мен өзгерістерді талқылады. Алдымен, заң шығарушы орган депутаттары Парламент қабырғасында атқарылған жұмыстарға тоқталып өтіп, «Мемлекеттік сатып алу» заңына ұсыныстар қабылдауға дайын екендіктерін жеткізді.
Бейнебайланыс жүйесі арқылы сауал қойған Ақмола облыстық мәслихатының депутаты Әбілхайыр Ошақбаев аталмыш заң түбегейлі қайта қаралуы тиіс екендігін жеткізсе, Көкшетау қалалық мәслихатының депутаттық корпусы да «Мемлекеттік сатып алу» заңына өзгерістер енгізуге өз ұсыныс-тілектерін жеткізді. Ерейментау ауданынан бейнебайланысқа шыққан облыстық мәслихат депутаты Бекім Әкімов қаңғыбас иттерді аулау мәселесіндегі сатып алуларды реттеу қажеттігін айтса, ветеринария саласындағы ауруларды анықтау мен вакцинациялауға да мемелкеттік сатып алуды жариялау тым ұзаққа созылып кететіндігін, бұл мәселеде бір көзден сатып алу керек екендігін көтерді. Барлық ұсыныс тілектерді жазып алған Мәжіліс депутаттары одан әрі Көкшетау қаласындағы «Шанс» әлеуметтік-психологиялық және құқықтық қолдау көрсету орталығында болды.
Орталық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған немесе қиын өмірлік жағдайға тап болғандарға көмек көрсетеді. Өткен жылы «Шанс» орталығы 27 әйелге және 204 кәмелетке толмағандарға көмек көрсеткен. Орталықта күн сайын заңгер, медицина қызметкері, 4 психолог, 2 медиатор және 2 әлеуметтік жұмыс маманы жұмыс істейді. Орталық басшысы Әсем Асайынованың айтуынша, адвокат қамқорлыққа алынғандардың атаулы әлеуметтік көмек алу үшін құжаттарын реттеуге, әкелікті тану туралы анықтама алуға, құжаттарын реттеуге, сотқа талап-арыздарды ресімдеуге, сондай-ақ кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алумен айналысады. Сонымен қатар, «Шанс» қызметкерлері профилактикалық іс-шараларды өткізу үшін ауылдар мен аудан орталықтарына жүйелі түрде шығып тұрады.
Сондай-ақ, мәжілісмендер Көкшетау қаласының кәріздік тазарту қондырғысының жұмысымен танысты. Әдбен ескіріп тұрған кәріз тазарту жүйесі күрделі жөндеуді қажет етеді. Қалада 15 кәріздік сорғы станциясы бар, оның ішінде Красный Яр кентінде 2, Станционый ауылында 1. Ауыз судың сапасын арттыру мақсатында облыс орталығында су тазарту құрылыстарын қайта жаңғырту және кеңейту жобасы жүзеге асырылуда. Биыл бұл мақсатқа облыстық бюджеттен қаржы бөлінген.
БАӘ-нің жабдық жеткізушілерімен келісім жасасқан. Құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Жоба жүзеге асқан соң 177 мың адам сапалы ауыз сумен қамтылады деп отыр мамандар. Тазалау қондырғыларының өнімділігі тәулігіне 30 мың текше метрді құрайды. Мамандар атап өткендей, су тазарту қондырғылары 1970 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Жаңа жобада блок-модульдік электролиз қондырғысы арқылы заманауи қондырғылар орнатылмақ. Жобаны жүзеге асыру қаланы қажетті көлемде және кепілді сапада сумен қамтамасыз етіп, барлық санитарлық нормалардың сақталуын қамтамасыз етеді. Мәжіліс депутаттары Айна Мысырәлімова мен Юлия Кучинскаяға кәріздік тазарту жүйесінің проблемалары мен алдағы жұмыс жоспарын Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайса түсіндіріп берді.
Сондай-ақ, бұл күні Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева этномәдени орталық жетекшілерімен кездесіп, пікір алмасты.
Партияның қоғамдық қабылдауында Айна Мысырәлімова, Юлия Кучинская мен Наталья Дементьева азаматтарды жеке мәселесімен қабылдады.
«AMANAT» партиясы Ақмола облыстық филиалының баспасөз қызметі