Ақмола облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінде 2024 жылдан бастап күшіне енген Қазақстан Республикасының салық заңнамасына енгізілген өзгерістер туралы және Жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі туралы брифинг өтті.
Департаменттің түсіндіру жұмыстары және байланыс орталығы басқармасының басшысы Шынар Мусина Қазақстан Республикасының салық заңнамасына жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын енгізу, арнаулы салық режимінде ағымдағы жылы күшіне енетін басқа да өзгерістермен таныстырды. Биылғы жылы Жалпыға бірдей декларациялаудың 3-кезеңі басталады. Оның шеңберінде өндірістік емес төлемдер басқармасының бас маманы Әсел Сейдахметова активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары және олардың жұбайлары, жеке кәсіпкерлер және олардың жұбайлары ұсынуы қажеттігін жеткізді. Анығын айтқанда, жалпыға бірдей декларациялауға көшудің басты мақсаты көлеңкелі экономикамен және сыбайлас жемқорлық көріністерімен күресу үшін жеке тұлғалардың табыстары мен мүлкін тиімді бақылау жүйесін құру, сондай-ақ, салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді жинауды қамтамасыз етудегі мемлекеттің рөлін күшейту болып табылады.
−Жалпы, декларациялау жүйесіне кірген кезде активтер мен міндеттемелер туралы декларация ұсынылады. Кейіннен халық жыл сайын кірістер мен мүлік туралы декларацияны тапсырады, −деп атап өтті Шынар Мусина.
Активтер мен міндеттемелер туралы декларация 15 қыркүйекке дейін электронды түрде тапсырылады. Оларды «салық төлеуші кабинеті» Мемлекеттік кірістер комитетінің web-порталы арқылы, «электрондық үкіметтің» порталы, сондай-ақ, esalyq azamat мобильді қосымшасы арқылы ұсынуға болады. Сонымен қатар, Халық банкінің мобильді қосымшасы арқылы тапсыруға болады.
Брифинг барысында Шынар Мусина салық төлеуші Декларацияны толтырмас бұрын уәкілетті органдардың интернет ресурстарына өз бетінше кіру, сондай-ақ, Республикалық нотариаттық палатаға сұрау салу арқылы декларацияланатын мәліметтердің дұрыстығын тексере алатынын атап өтті.
Оның айтуынша, декларациялауды нақтылау үшін бірыңғай республикалық 1414 платформасында Байланыс орталығы іске қосылды. Жалпы, бұл туралы толық ақпарат Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми сайтында «Жалпыға бірдей декларациялау» бөлімінде жарияланған.
Шара сұрақ-жауап форматында өтті. Брифинг барысында мемлекеттік кірістер органдарының цифрлық өнімдері туралы слайдтар мен бейнероликтер көрсетіліп, кәсіпкерлік қызметтегі мобильді аударымдар бойынша түсіндірмелер берілді
.Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.