Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Департаментіне шаруа қожалығының басшысы А. Ерейментау ауданы әкімдігінің жер учаскесін жалға беру мерзімін ұзартудан заңсыз бас тартуы туралы шағыммен жүгінді.
Мәселен, 10 жыл ішінде жер учаскесін пайдалану барысында шаруа қожалығының басшысы жер учаскесіне жалдау шарты бойынша міндеттемелерді адал орындап, жалдау ақысын, бюджетке салынатын салықтарды уақтылы төлеп, сондай – ақ жерді мақсаты бойынша 300-ден астам мал жаю үшін пайдаланды.
Алайда, шартта және жерге актіде көрсетілген жер учаскесін жалдау мерзімін дұрыс түсінбегендіктен, шаруашылық жергілікті атқарушы органға шартты жаңа мерзімге жасасу туралы уақтылы хабарламады, бұл жалға алуды ұзартудан бас тартуға негіз болды.
Әкімдік бас тартқаннан кейін шаруа қожалығы Департаментке жүгінді.
Жер заңнамасына сәйкес жер пайдаланушы жер қатынастары саласындағы уәкілетті органды жалдау шартын оның қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін үш ай мерзімде ұзарту ниеті туралы жазбаша хабардар етуге міндетті.
Сонымен қатар, жалдау шартының қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін өз міндеттерін тиісінше орындаған уақытша өтеулі жер пайдаланушының (жалға алушының) басқа адамдар алдында жаңа мерзімге шарт жасасуға басым құқығы болады.
Шағымды қарау барысында шаруа қожалығының шарттық міндеттемелерді тиісінше орындауы, сондай-ақ жер учаскесін нысаналы мақсаты бойынша пайдалануы әкімдіктің өзімен расталды.
Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексте әкімшілік органның, лауазымды адамның әкімшілік рәсімге қатысушы мен қоғам мүдделерінің әділ теңгерімін қамтамасыз ететіндігі көзделген.
Егер әкімшілік рәсімге қатысушының құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін шектеу нәтижесінде алынған қоғамдық игілік осы шектеулерден келтірілген зияннан көп болса, әкімшілік акт, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) пропорционалды болып саналады.
Әкімдіктің шаруа қожалығымен жалдау шартын ұзартудан бас тарту туралы шешімі жалғыз себебі – өтініш берушінің жалдау шартының жарамдылық мерзімін өткізіп алуы — заңның бұл талаптарына жауап бермейді, өйткені жергілікті атқарушы орган шағымды қарау кезінде қолданыстағы ірі қара мал жаюға арналған жер ресурстары жоқ шаруашылыққа — адал салық төлеушіге келтірілуі мүмкін зияннан асатын қандай да бір қоғамдық игілік алу мүмкіндігі туралы дәлелдемелер ұсынған жоқ.
Осыған байланысты, бас тартуды әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің пропорционалдылық қағидатына сәйкес емес деп танып, Департамент Ерейментау ауданының әкімдігіне өтініш берушінің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру туралы шешім енгізді.
Нәтижесінде жергілікті атқарушы орган кәсіпкермен жер учаскесін жаңа мерзімге жалға алу шартын жасасты.
Нұрсұлтан Шытырымбек,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Ақмола облысы бойынша департаменті Мемлекеттік
қызметтер көрсету басқармасының басшысы.