Аудандарда бюджет қаржылары толық игерілмеген

Осы аптаның басында Ақмола облыстық мәслихатының төрағасы Бейбіт Жүсіповтың  төрағалығымен облыстық мәслихатта алғашқы отырыс өткізіп,  онда Біржан сал ауданы әкімінің міндетін атқарушы Жәнібек Қалиев, Бұланды ауданының әкімі Ардақ Смайылов, Бурабай ауданының әкімі Арай Садықов есеп берді.

Бірден атап өткеніміз абзал, өткен    2023 жылы Ақмола облыстық мәслихаты мемлекеттік органдардың құзыретіне кіретін міндеттер мен функцияларды орындау бойынша облыстық басқармалар мен департаменттердің басшыларын тыңдау тәжірибесін енгізді, бұл экономиканың түрлі салаларындағы көптеген проблемалық мәселелерді анықтауға және оларды шешу жолдарын белгілеуге мүмкіндік беріп отыр.

Мәселен, өткен жылдың қазан-қараша айларында 2024-2026 жылдарға арналған аудандар мен қалалар бюджеттерінің жобаларын қорғау бойынша алғаш рет аудандар мен қалалар әкімдерінің орынбасарларының және экономика және қаржы бөлімдері басшыларының, аудандық және қалалық мәслихаттар төрағаларының қатысуымен жеті отырыс өткізілді. Отырыс қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдар мен облыстық құрылымдардың келісіміндегі кемшіліктер, бюджет саясатын және бюджет жобаларын қалыптастыру тетіктерін нашар білуі атап өтілді. Бұл жергілікті жерлерде облыс өңірлерін дамытудың перспективалық жоспарларының болмауына байланысты.  Ал, енді жоғарыда атап өткеніміздей ағымдағы жылғы 13-22 ақпан аралығында облыс әкімімен келісім бойынша 2023 жылға арналған отырыстарда жергілікті бюджеттердің атқарылуы және осы есепті кезеңдегі облыстың даму жоспарының индикаторларына қол жеткізу бойынша аудандар мен қалалардың әкімдері баяндама жасайтын болады. Осындай мақсатта өткізілген биылғы жылдың алғашқы отырысына облыстық мәслихаттың депутаттары, өңірлік мәслихаттардың төрағалары, облыстың Тексеру комиссиясының төрағасы мен мүшелері, облыстық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері мен бұқаралық ақпарат өкілдері қатысты.

Жиын барысында баяндама жасаған үш ауданның басшылары өз есептерінде аудандарға бөлінген қаражаттың кейбірі игерілмегендігін тілге тиек етті. Отырыс барысында белгілі болғанындай, өткен жылы облыстың аудандары мен қалалары 4,2 миллиард теңге игермеген.

Аудан әкімдері қаражатты дер кезінде игермеудің негізгі себебі конкурстық және шарттарды жасасу рәсімдерінің, төлем құжаттарын мақұлдау мерзімінің ұзаққа созылуы, жауапсыз мердігерлердің салғырттығысияқты салдарларды алға тартып отыр.Әрине, бюджеттің әр тиынына дейін толық игеру өте қиын шаруа. Алайда, бюджет қаржысын мейлінше толық игеру – басты міндет екендігін де ұмытпауымыз керек.

Бюджеттен бөлінген қаражаттың мақсатына сай және уақытылы игерілуі экономикалық дамуға ықпал ететіні де анық.Жалпы, облыс бойынша өткен жылы ауыл шаруашылығы мен құрылыс саласын қоспағанда, негізгі әлеуметтік экономикалық көрсеткіштердің өсуі барлық салада байқалып отыр. Ал, ауыл шаруашылығы саласындағы іркілістер былтырғы ауа райының қолайсыздығымен де түбегейлі байланысты екендігін атап өткеніміз жөн.

Отырыс барысында Ақмола облыстық мәслихатының төрағасы Бейбіт Жүсіпов билік тарапынан қаржылай қолдау мәселесінде тосқауыл жоқ,  барлық жағдайлар жасалынып жатқандығына, сол себепті берілген қаражатты мақсатты әрі тиімді игеру мәселесін қолға алу керектігіне назар аударды.   Сонымен қатар,  2021-2025 жылдарға арналған Даму жоспарының нысаналы индикаторына қол жеткізу мәселесі де өзекті екендігін тілге тиек етті.

Мәслихат төрағасы өз сөзінде аудандар мен қалалардың атқарушы органдарының қомақты қаражатты игермеуі бойынша тұрақты үрдіс байқалатындығын атап өтті.  Негізгі себептері де жыл сайын қайталанып, «созылмалы» сипатқа ие болып отыр. Ол дегеніңіз, мердігерлердің шарттық міндеттемелерін орындамауы, конкурстық рәсімдер, сот талқылаулары, талап етілмеген қаражат…

–Нысаналы трансферттер үлкен көлемде бөлінеді. Бөлінген қаражат қалай игеріліп жатыр? Қаражатты тиімсіз пайдаланудыңсалдарынан инвестициялық жобалар іске асырылмайды, оларды іске қосу мерзімдеріне нұқсан келуде, түпкілікті нәтижелерге қол жеткізілмейді, бұл мәселе депутаттық корпусты алаңдатады», – деді Б.Жүсіпов.

Біржан сал ауданындағы ахуалға келетін болсақ,  ауданға республикалық бюджеттен бөлінген миллиондаған қаражаттолық игерілмеген. Бір ғана Заозерное селосындағы су құбыры желісін қайта жабдықтауға бөлінген қаражат жауапсыз мердігер компанияның салғырттығынан толық игерілмеген. Сондай-ақ, 2021-2025 жылдары облыс дамуына арналған жоспардың мақсатты индикаторлары да аудан аумағында ауыз толтырып айтарлықтай жүзеге аспай жатқаны ашық айтылды.

Жоғарыда айтылған мәселелер Бұланды ауданында  да белең алып отыр. Бұл ауданда халықтың әлеуметтік осал тобындағы тұрғындарын баспанамен қамтамасыз ету үшін республикалық трансферттен бөлінген қаражат толық игерілмеген. Оның себебі мемлекеттік сатып алу порталының қолжетімді болмауы. Аудан аумағында несиелік және дебиторлық қарыз да пайда болған. Алайда, ауданның алдағы  жоспарыкөңілге үміт ұялатады. Даму жоспарында ауыл-аймақтарды дамытуға қомақты қаражат қарастырылып отыр.

Бурабай ауданындағы өзекті мәселенің бірі әрине, туризм саласына қатысты. Мәселен өткен жылы бұл аймаққа келушілер саны ойдағыдай болмай шықты. Яғни,  ішкі туристер санын көбейту жоспары орындалмай қалған. Өткен жылы жоспарға сай 800 мыңнан аса турист келеді деген меже қойылғанымен, бар-жоғы  200 мыңнан аса турист келген.Бұл көрсеткіш көзайым Бурабай үшін түк емес.                                                                 Отырыс барысында халық қалаулылары ел көкейінде жүрген өзекті сұрақтарды ашық айтып, жоспарлы көрсеткіштерді орындауға кедерлі келтіретін себептерге талдау жүргізілді. Отырыс қорытындысы бойынша барлық ескертулер мен ұсыныстарды ескеріле отырып, тиісті қаулылар қабылданды.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар