Жуырда Өңірлік коммуникациялар қызметінде Көкшетау қалалық сотының төрағасы Қазбек Дегенбаев азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық туралы журналистермен брифинг өткізді.
– 2022 жылғы 30 желтоқсанда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін және банкроттығын қалпына келтіру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойған еді. Осыған орай, өткен жылдың наурыз айынан бастап, соттар Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін және банкроттықты қалпына келтіру жұмыстарын бастады, – дейді сот төрағасы өз сөзінде.
Банктердің, микрокредиттік ұйымдардың және несие беру қызметінің қарқынды даму кезеңінде көптеген азаматтар нарықтық жағдайға құқықтық және экономикалық тұрғыдан дайын болмағандықтан, несиелік ұйымдарға несиеге жүгініп, кейінай сайынғы төлемдерді де төлей алмай қалады. Аталған заң ең алдымен, борышкерді осы қарызға тәуелділіктен құтқаруға бағытталған. Яғни, азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, несие берушілердің құқықтарын қорғау жолымен азаматтарды қарыздан сауықтыруды қарастырады.
Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы істерді сот ерекше тәртіппен қарайды. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және сот банкроттық рәсіміне қатысушылар қатарында, сот, банкрот борышкер, кредиторлар, қаржы менеджері, уәкілетті орган және басқа да мүдделі тұлғалар мен кепілгерлер аталған. Төлем қабілеттілігін және сот банкроттығын қалпына келтіру рәсімін борышкердің өзі ғана бастауы мүмкін. Оның өтініші өзінің тұрғылықты жері бойынша сотқа жазбаша нысанда немесе электрондық құжат нысанында беріледі.Борышкердiң өтiнiшiне барлық кредиторлар мен борышкерлердiң орналасқан жерi, берешегiнiң сомалары және олардың жинақталған күндерікөрсетiлген тiзiм қоса жіберіледі. Заңның 20-бабының талаптарына сәйкес келмейтін арыздарды сот қарамай кері қайтарады делінген.
Сонымен бірге, банкроттық туралы сот рәсімін қолдану шешімін сот қаржы жетекшісінің қорытындысын ескере отырып қабылдайды.
–Банкроттық туралы сот рәсімінің ұзақтығы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап 6 айдан аспайды. Және де, бұл мерзім сот арқылытағы сонша мерзімге ұзартылуы мүмкін. Ал, жеке тұлғалар үшін банкроттық туралы сот рәсімінің ұзақтығы 12 аймен шектеледі, — дей келе Қазбек Дегенбаев банкроттық туралы заң рәсімдерінің үш түрін атап өтті. Оларсоттан тыс банкроттық, соттық банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Аталмыш рәсім түрлерін, тек қарыз алушының өзі қозғай алады, яғни, несие берушінің борышкерді банкрот деп тану туралы арыз беруге құқығы жоқ.
Сот банкроттығы рәсімінде азаматтар 160 айлық есепті көрсеткіштен жоғары берешек және кредиторлар алдындағы қарыздың барлық түрі бойынша өтініш бере алады. Алайда, алимент өндіру және басқа адамның өмірі мен денсаулығына келтірілген залал, қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша зиянды өтеу, сот шешімімен өндірілген бюджетке төленетін төлемдер бойынша берешекті есептен шығаруға болмайтынына назар аударған дұрыс. Оған қоса, банкротқа ұшырау арқылы азамат өзінің несиелік рейтингін төмендететінін әркім түсінуі керек. Барлық жақсы және жаман жақтарын таразылау, яғни, банкротқа ұшырау туралы шешімді мұқият ойланып, қабылдағаны абзал.
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.