Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Айлық жерді жақын еткен интернет - АРҚА АЖАРЫ

Айлық жерді жақын еткен интернет

Әлемде және Қазақстанда да мобильді интернеттің рөлі өте маңызды. «Қалтадағы» мобильді интернет бүгінде жарық, жылу, су, газ секілді игіліктердің бірі. Халықаралық электр байланысы одағының деректері бойынша, 2023 жылы мобильді байланыс пен мобильді интернет Қазақстан халқының 98 пайызына қолжетімді болған.

Бұл ретте, тұрғындардың 83 пайызы жоғары жылдамдықты 4G интернетін қолданады делінген. Интернет жылдамдығы мен сапасының артуы, цифрландыру бағытының қарқынды дамуына жол ашады.

Арттағы 10-15 жылды алып қарасақ, құжаттарды қағаз түрінде алу үшін көп уақыт жұмсауға тура келетін. Қазіргі таңдағы цифрландыру үрдісі барлығын жеңілдетті. Ашық дереккөздерге сенсек, мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы электронды форматта. Отбасының цифрлық картасы арқасында 6,3 миллион қазақстандық отбасының деректері цифрландырылған. Жалпы мемлекеттік қызметтің 40 түрі проактивті форматта көрсетіледі. Осыған байланысты Ақмола облысындағы интернет желісімен цифрландыру деңгейін білу үшін цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы Бауыржан Рапиковпен сұхбаттасып, мән-жайды білдік.

–Облысымыз бойынша, 589 елді мекеннің 451-і «2G», 206-сы «3G», 237-сі «4G» байланысымен қамтылған. Интернет желісінің сапасын да осы сандардан аңғара аламыз. Сандар көрсеткеніндей, өңірлердің 47 пайызы жоғары сапалы интернетке қолжетімді болса, мүлде интернет қосылмаған және желілік сапасы өте төмен 138 елді мекен анықталып тұр. Бізде интернет байланысының екі түрлі технологиясы орнатылған. Мыс сымдар арқылы бөлінетін технологиялық желімен 311 елді мекен, талшықты оптикамен байланыс жасайтын желілік технологиямен 257 өңір қосылған. «50 немесе 100 тұрғыны бар шағын әрі, шалғай ауылдарға талшықты оптикалық желіні тарту, орнату қымбат болады. Соған сай, тұрғындарға берілетін интернеттің ай сайынғы абоненттік төлемі де қымбат болып кетеді. Сол себепті, қазіргі таңда «Қазақтелеком» ол ауылдарға заманауи старлинк, спутник қатарлы технологиялық интернет байланысын қосу үшін жұмыс істеп жатыр. Ондай елді мекендердің саны бүкіл елді мекендер санының 15 пайызын құрайды, – дейді басқарма басшысы өз сөзінде.

Сондай-ақ, басқарма әр саладағы цифрландыру бойынша процесстерді, кешенді бағдарламаларды мемлекеттік органдарға енгізу, цифландыру құрылғыларын орнату, ақпараттық жүйелерді жүзеге асыру бойынша жұмыс жасайды. Жаңа жылдың аяғына дейін пилоттық жоба шеңберінде шалғай елді мекендердегі 270 мектепке, орташа жылдамдығы секундына 150-200 мегабитт болатын старлинк интернет желісін қосу жоспарланған. Қазір бұл жобаның мақұлдау үшін Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінде қаралып жатқаны, заң қабылданса, орнату жұмыстары екінші тоқсанда басталатыны белгілі болды. Оның нәтижесінде шалғай ауылдардағы 30 мыңдай оқушының онлайн білім алу платформаларына, ютуб желісіне, тағы басқа да мүмкіндіктерге қол жетімділігі артатын болады.

Алдағы уақыттағы басқарма басшысы атап өткен, көлемді жобалардың бірі 2023 жылы 27 қазанда қол қойылып, Үкімет Қаулысымен бекітілген «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы. Жоба аясында әр облыста Жол карталары дайындалған.

–Жол карталарын жүзеге асыру барысында 230 ауылдық елді мекенге талшықты оптикалық интернет желісін орнату жоспарланса, биыл 33 елді мекенді, келесі жылы 98 елді мекенді қамту көзделген. 2027 жылға дейін жалғасатын жобаға, алдағы уақытта конкурс жарияланып, республикалық бюджеттен қаражат бөлінеді,– дей келе, Бауыржан Рапиков облыс әкімі Марат Ахметжановтың тапсырмасымен атқарылатын жұмыстарды  да атап өтті. Ол – осы жылдан бастап, облыстық, аудандық маңызы бар жолдарда байланыс сапасын жақсарту бағытында ауылдық елді мекендерде байланыс операторларының құрылғылары орнатылатын 100-ден астам антенна-мачталық бағаналарын салу жұмыстары.

– Бұл жоспарлар жүзеге асқаннан кейін аудандық, ауылдық елді мекендердегі мемлекеттік мекеме, білім ошақтары, денсаулық сақтау органдары, мәдениет үйі, полиция бөлімдері, кітапхана, тағы басқа қызмет көрсету орталықтарында интернет байланысы мен сапасын арттыру мүмкіндігі туады. Сол арқылы цифрландыру бағыты да өз жұмысын жалғастыра бермек, – дейді басшы 2024 жылдың жоспарлы жұмыстарына тоқталып.

Сонымен бірге, уақыт талабына сай, осыдан бірер жыл бұрын ғана құрылған жаңа басқарманың ат салысуымен жүзеге асырылған жұмыстардың бірі жол және қоғамдық қауіпсіздік шаралары. Бүгінгі уақытта облыс көлемінде 20 мың бейне бақылау камералары орнатылған. Бұл камералар полиция департаментінің қарауында болып, қылмыстардың анықталуы және болмауының алдын алу үшін сараптама жұмыстар жүргізіліп келеді. Соңғы екі жылда облыстық, аудандық маңызы бар жолдардың бойына жылдамдықты анықтайтын 47 бейне бақылау камералары орнатылған. Нәтижесінде, жол апатының көрсеткіші 30 пайызға дейін төмендеген.

– Цифрландыру саласындағы тағы бір жоба – «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы. Бұрынғы бағдарламалар өз нәтижесін берді. Бірақ, әр жарты жыл сайын жаңашылдықтардың туындауына байланысты бұрынғы қабылданған жобалар 3-4 жылдан артық қолданылмайды. Заман талабына сай өзектілігі жойылады. Сондықтан, жаңа технология сай келетін жобалар қабылданады. Осы себепті, «Цифрлы Қазақстан», «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» сияқты бағдарламалар өз жұмысын тоқтатқан, – дейді Бауыржан  Серікбайұлы цифрландыру үрдісіндегі өткен жобаларды да атап өткен күйі.

Қазіргі интернетпен байланыс түрі кез-келген технологияларды аудан орталықтары, ауылдар немесе өзге елді мекендерде енгізудің себепшісі болып отыр. Ауылдарға әуелі сапалы интернет желісін орнатпай, онда цифрландыру жұмыстарын жүргізу мүмкін емес. Интернет болмаса, технологиялық құрылғылар мен бейне камералар орнатып, ақпарат алу, өңдеу мүмкіндігі де қолжетімсіз. Сондықтан, «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасының іске асырылуы елімізге ауадай қажет. Ұлттық жоба Мемлекет басшысының республиканың интернет саласын дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында қабылданды. Оның негізгі мақсаты – халықты жылдамдығы кемінде секундына 100 мегабитт болатын кең жолақты интернетпен қамту. «Қолжетімді Интернет» ұлттық жобасы 2024 жылдан бастап 2027 жылға дейінгі кезеңді қамтиды және оны іске асыруға Үкіметтен 1,5 триллион теңгеден астам қаражат көзделген. Жоғары сапалы интернет байланысы қосылған жағдайда мемлекеттік қызмет пен құжаттардың 80 пайызын онлайн рәсімдеуге және цифрлы құжат, электронды анықтамалар, үй және жер телімі кезектеріне тұру, жеке деректерді өзгерту, түрлі мекемелерге қызмет көрсету  кезегіне тұру сияқты қызметтерге онлайн қол жеткізуге мүмкіндік туады.

Сұхбат соңында басқарма басшысы интернетте алаяқтықтың көбейіп кетуіне байланысты тұрғындарға онлайн жұмыс жасау барысында абай болуды ескертті.

–Ақпараттық қауіпсіздік қызметінің құзырындағы бұл жұмыс назарымызда. Жеке және заңды тұлғалар дербес ақпараттары мен телефон нөмірі, аты-жөні, туған-туысқандары мен бала-шағасы туралы деректерді, ЖСН, есеп-шот сандарын, ПИН кодтарын танымайтын адамдарға жібермегені немесе айтпағаны, интернет банктер арқылы аударым жасау жұмыстарында абай болғаны дұрыс, – деп өз сөзін аяқтады.

     Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар