Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Шекарада ерлік болып қалған қыршындар - АРҚА АЖАРЫ

Шекарада ерлік болып қалған қыршындар

Тәжік-ауған шекарасындағы әскери қақтығыс кезінде қаза тапқан қазақстандық жауынгерлерді еске алу құрметіне Көкшетау қаласындағы Мәңгілік алау ескерткішіне гүл қою рәсімі болып өтті.

Биыл Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының ТМД-ның сыртқы шекарасын қорғау жөніндегі алғашқы жауынгерлік тапсырмасын орындаған қазақстандық жеке құрама атқыштар батальонының Тәжікстан Республикасынан шығарылғанына 23 жыл толды.

– Біздің жауынгерлер 1992-2001 жылдар аралығында жауынгерлік тапсырмаларды орындады. Олар өздерінің әскери борышын абыроймен атқарды, қарулы қақтығыстың өршуіне және соғыс қимылдарының Орталық Азияға өтуіне жол бермеді, – деді «Жауынгерлік іс-қимылдарға қатысушылардың ардагерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі Ақмола облыстық филиалының төрағасы Қайдар Бәкіров.

Қиын таулы жағдайларда қызмет етудің ерекшелігіне байланысты Қазақстан Республикасының жауынгерлерінің жеке құрамы сегіз жыл ішінде бірнеше рет өзгерді. Бұл сын-қатерден осы уақыт ішінде сегіз мыңнан астам қазақстандық әскери қызметші өтті. Олардың 53-і қаза тауып, 1900-ден астамы жараланды. Көпшілігі денсаулығы сыр беріп оралды. Бүгінде Ақмола облысында осындай 214 ардагер есепте тұрса, оның 96-сы Көкшетау қаласында тұрады.

– Ардагер жауынгерлер – ерлік пен Отанға адал қызмет етудің үлгісі. Барлық жергілікті қақтығыстар мен бітімгершілік операцияларының ардагерлеріне шексіз алғысымды білдіргім келеді. Сіздер қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз ету бойынша жауынгерлік міндеттеріңізді абыроймен атқардыңыздар. Қазір арамызда жоқ жауынгерлерге құрмет көрсету керек, – деді облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Жандәулет Қылышбаев рәсімде сөйлеген сөзінде. Оның сөзін жалғастырған Ауған соғысы ардагерлері одағының төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Ыбырай Дуанбай:

– Осыдан тура 23 жыл бұрын қазақстандық батальон бауырлас елден шығарылды, бірақ, қыршын кеткен әріптестеріміздің мезгілсіз қазасын ұмыту мүмкін емес, біз оларды өмір бойы есте сақтаймыз. Біз 15 ақпанда Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 35 жыл толуын атап өтеміз. Өкінішке орай, интернационалист-жауынгерлеріміздің ерліктері мен батырлықтары туралы қазақстандықтар аз біледі, – деді.

– Бірақ бұл тарихи даталар болашақ патриоттарды тәрбиелеуге негіз екені сөзсіз. Елге оралмаған жауынгерлердің ерліктері халық жадында мәңгі сақталуы тиіс.

Жиналғандар Тәжік-Ауған шекарасында қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алып, Мәңгілік алауға гүл дестелерін қойды. Шара барысында Қайдар Бәкіров соғыс ардагерлеріне және мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктер басшыларына республикалық әскери қақтығыстар ардагерлері одағының марапаттарын табыс етті.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

 Суреттерді түсірген: Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар