Қосшылық депутаттар қала тұрғындары алдында есеп берді

Жуырда сегізінші шақырылған Қосшы қалалық мәслихатының депутаттары №3 орта мектепте тұрғындармен кездесу өткізді. Жиынға қала әкімі Гайдар Қасенов, Ақмола облыстық мәслихатының депутаты Айдын Төребаев, Қосшы қалалық мәслихатының төрағасы Әлихан Қуатбеков, қалалық Қоғамдық кеңестің төрағасы Сайраш Матайбаева, Ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабділбар Абақов, шаһар әкімінің орынбасарлары мен мемлекеттік мекемелердің басшылары, құзырлы орган өкілдері және қала тұрғындары қатысты.

Кездесудің басты тақырыбы депутаттық корпустың 2023 жылғы атқарған жұмысы, тұрақты комиссиялары қызметінің есебі туралы болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың желтоқсан айында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында бірқатар маңызды саяси бастаманы жария етіп, соған сай ел Үкіметі тиісті жоспар құрған болатын-ды. Бұл еліміз үшін дер кезінде қолға алған маңызды реформаларды жүзеге асырудың қажеттілігінен туындады. Реформа аясында мәслихаттардың ықпалын барынша күшейту маңызды саяси шешім болды.

Халықпен өткізген кездесу, қосшылық депутаттардың қоян жылы атқарған жұмысы туралы дайындаған бейне баяндамалардан басталып, мәслихат төрағасы Әлихан Қуатбековтың қорытынды есебімен жалғасты. Әлихан Жұмаханұлының сөзінше, жаңадан сайланған мәслихат депутаттары үшін жаңа міндеттер жүктелген. Жергілікті атқарушы органдардың қызметін үйлестіруде қала әкімдігімен, жергілікті қоғамдық кеңеспен және қоғам белсенділерімен ынтымақтастықта жұмыс жасай отырып өткен жылы Қосшы қаласы мәслихатының депутаттары 38 мәрте өз бастамалары бойынша халықпен кездесуге барса, 58 рет қала әкімдігімен, қоғамдық кеңес өкілдерімен бірлесе отырып, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді. Және де мәслихат сессиялары мен қоғамдық кеңестің бірлескен отырыстары, депутаттық сағаттар ұйымдастырылып келді. Нәтижесінде 94 депутаттық сауал жолданып, тиісті жауаптар алынды.

Сондай-ақ, депутаттық корпус мәслихат қызметін жетілдіруде форумдар мен семинарларға тұрақты қатысып тұрады. Мәслихаттың 6 депутаты «АМАНАТ» партиясынан сайланған. Өткен жылы маусым айында партиядан сайланған барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының алғашқы республикалық форумы өтті. Панельдік сессиялар қатар жүргізілген форумда депутаттар Қосшы қаласына қатысты сауалдарын тікелей министрлерге қойып, өзекті мәселелерге назарларын аударған. Мысалы, Ақмарал Бекбаева Қосшы қаласындағы қоғамдық резонанс тудырған мектептегі тамақтану мәселесі бойынша сауалын жолдаса, мәслихат төрағасы Әлихан Қуатбеков Қосшы қаласы мен Тайтөбе ауылы тұрғындары үшін аса маңызды экологиялық мәселе, яғни, қоқыс полигоны туралы сауалды көтерді. Кейін бұл мәселені Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Юлия Кучинскаямен кездесу барысында және Аршалы ауданында Астана, аудан мәслихаттарының төрағаларымен өткен дөңгелек үстелде де көтеріп, 2024-2028 жылдарға арналған Астана агломерациясының даму жоспарына енгізуге себепкер болған. Оған қоса, мәслихат төрағасы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Айна Мысырәлімоваға Қосшы қаласында орта кәсіби оқу орнын ашу туралы сауал қойды. Бұл мәселе Мәжілісте қаралып, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігіне жолданған. Қазіргі уақытта депутаттық сауал қарастырылып жатқаны белгілі болды.

Халық пен биліктің арасындағы көпір ретіндегі депутаттық корпус тарапынан туындаған сауалдарға жауап берілуін, ұсыныстардың орындалуын қамтамасыз етуде қала әкімі Гайдар Қасеновтың атқарушы органның барлық құрылымдарына тиісті тапсырмалар бере отырып, жұмыстың нәтижелі болуы үшін жағдай жасап келе жатқанын айтпай кетуге болмас. Қала тіршілігі үшін маңызды істердің кешенді жоспарын құрумен бірге, сол бойынша іс-қимыл жасап жатқан мәслихат депутаттары жұртшылықтың өтініштері мен шағымдарын зерттеу, олардың оң шешімін табуы мақсатында тұрғындарға өздері барып, кездесулер өткізген. Сәуір айынан бастап шілдеге дейін «Лесная поляна», «Шоколад», «Сиреневый сад», «Табыс Құрылтай», «Даймонд парк», «Алтын дала», «Нұрай», «Алтын Орда», «Орион» қатарлы тұрғын үй кешендерінде өткізілген кездесулер сол аумақтардағы көптеген мәселенің шешімін табуға себепкер болса, тамыз айынан бастап жеке сектор тұрғындарымен ұйымдастырылған кездесулер тұтас Қосшы қаласының аумағын қамтыды. Әр жиында көтерілген түйткілді мәселелердің тізбегі жасалып, жұмысы жүргізілуде.

Осы орайда, мәслихат төрағасы Әлихан Қуатбековтың бастамасымен мәслихат депутаттары қаламыздың мәселесімен жіті таныс болуы және әрі мәселені шешуде кәсіби көмек көрсетуі үшін депутаттарды сала бойынша қосымша бекіту жүргізгенін атап өтуге болады. Бекіту аясы мынадай, Болат Әбдірахманов – Тайтөбе ауылының өзекті мәселелеріне, Ақмарал Бекбаева – білім сапасы және әлеуметтік салаға, Ақылбек Данабек – мәдениет пен спорт саласына, Ерғали Ділдәбек – су тасқынына қарсы іс-шараларға электр, кәріз, сумен жабдықтау, көшені жарықтандыруға, Шохан Ибраев – жылумен жабдықтауды қамтамасыз етуге, Нұрдәулет Қасенов пен Мақсат Тәшенов – жолдарды жобалау және салу сапасына қатысты, Ирина Осипова – қауіпсіздікті қамтамасыз ету, полиция қызметтерімен жұмысты үйлестіру, абаттандыру, Динара Райханова – кәсіпкерлікті дамыту, Баянды Сахария – мәдениет және спорт нысандарының құрылысын бақылау мәселелері бойынша жұмыс жасайды. Бірақ, ауқымды, әрі шұғыл шешуді қажет ететін жұмыстар барысында барлық депутат тек өз округтерімен ғана шектеліп қалмай, тұтас қаламыздың мәселесімен айналыса береді.

Сонымен бірге, өз сөзінде Әлихан Қуатбеков әр депутаттың жыл бойы атқарған жұмыстарына шолу жасай отырып, қала бойынша атқарылған басты істердің бірқатарына тоқталып өтті. Депутаттық корпус жергілікті атқарушы органмен, Қоғамдық кеңеспен және қоғам белсенділерімен бірлесіп, Президенттің балалар алаңын көбейту туралы нақты ұсынысы негізінде 2023 жылы жоспардағы 5 балалар алаңына қосымша 4 балалар алаңын, 1 футбол алаңын орнатуға қол жеткізді. Қалада іске асырылып жатқан үш жылдық сумен жабдықтау бағдарламасының аяқталуын күтпей, Ақмола, Көкшетау көшелеріне және 19-20 шағын ауданға ауыз су берілуіне ықпал етті. Аталған тағы бір жұмыс, үш жыл құрылыс жұмыстары аяқталмай келген №3 мектептің пайдалануға берілуі мен қалалық емхананың ашылуы. Депутаттар көпшілік тұрғындардың қоғамдық көлік мәселесіне қатысты шағымдарын назарға ала отырып №1 Автобус паркінің, «СTS» компаниясының басшылығымен, Астана мәслихатының төрағасымен бірнеше рет келіссөздер өткізді. Нәтижесінде қаладағы қоғамдық көлік саны 11 бірлікке дейін ұлғайды.

Айта кетейік, депутаттардың есеп беру кездесуінде мәслихат төрағасы, бұдан өзге де атқарылған жұмыстар туралы ақпаратымен бөлісе келе, қаламызды дамытуда әлі де болса жасалатын жұмыстардың көп екенін атап өтті. Оның ішінде Қосшы қаласын электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз ету, «Қосшы қаласын электрмен жабдықтаудың 4-кезегі», «Тайтөбе ауылын электрмен жабдықтаудың 2-кезегі» жобалары бойынша жұмыс жүріп жатқанын, бұл мәселе мәслихат депутаттарының назарынан тыс қалмайтынын тілге тиек етті.

Кездесу соңында залға жиналған жұртшылық депутаттарға көкейлерінде жүрген сауалдарын қойды. Олардың қатарында қаламыздағы қараусыз қалған ит, мысықтар мәселесі, абаттандыру, құрылыс жұмыстары туралы және тағы басқа салаларға қатысты сауалдар болды.

Мәслихат төрағасы Әлихан Қуатбеков әрқашан көпшіліктің үніне құлақ түре отырып, жұмыс жоспарын түзетін депутаттық корпус, қоғамдық кеңес мүшелеріне, ардагерлер кеңесінің өкілдеріне және қаламыздағы ірі тұрғын үй кешендері мен жеке сектор тұрғындарының мұң-мұқтажын жеткізіп, олардың шешілуіне атсалысып жүрген бірқатар белсенді азаматтарға өз алғысын білдірді.

Қуаныш ТЫНЫБЕК,
Қосшы қаласы мәслихатының баспасөз хатшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар