Жақында «Достар» мәдениет сарайында белгілі шығыстанушы, ағартушы, журналист Санжар Керімбайдың қатысуымен «Өзбекәлі және мәдени майдан» кітабының тұсаукесері өтті.
Зал көрермендерге лық толы болған. Тамаша кездесуді Көкшетау қалалық электронды кітапханасы жанындағы «Темірқазық» жастар клубы ұйымдастырып, жоғары деңгейде өтуіне ат салысты. Алматыдағы «Отбасы» баспа үйінде биыл басылып шыққан Санжар Керімбай мен Айбек Нәбидің жаңа еңбектеріне жастардың ықыласы зор. Санада жүрген «Жастар кітап оқымай кетті. Бар ойлары ұялы телефонда» деген ойға мүжіліп жүргенімізде, олардың мұндай құлшыныс танытуы елең еткізерлік оқиға болды. Бұл жолғы көріністе өзгеше. Ұлттық киім киіп, қолдарына қара домбыраларын алған өнерлі жастар арнауларын да дайындап келіпті. Олары көз сүйсініп, көңіл қуанарлық. Ұлттық өнер, ұлттық салт-дәстүр үшін айқасып өткен Өзбекәлі Жәнібеков аталарына құрметтерін осылай паш еткендей.
Көңілді кеш барысында Санжар Керімбай кітап желісін баяндап, сөзін фотосуреттермен әспеттеп, арасына ойын-күлкісін қосып, әңгіме өрбітті. Өзбекәлі Жәнібековтей ұлт үшін отқа да, суға түскен азаматтың басынан өткен небір оқиғаларды тебірене айтты. Ішінде бұрын біз әртүрлі баспасөз беттерінен, өз жазбаларынан оқыған дүниелеріміз де бар,ешқашан естіп-білмеген деректерде жеткілікті. Сондай-ақ, автор қазақтың осы бір біртуар азаматыныңкөзін көріп, қызметтес болған, қамқорлығын сезінген жандарды іздеп жүріп, сұхбаттасыпты. Бұл еңбектің де нәтижесінде кітаптың құны арта түскені сөзсіз. Кездесуден түйгеніміз, өз іскерлігімен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы қызметіне дейін өскен Өзбекәлі Жәнібековтің өз ұлтына, ел-жұртына қалтқысыз қызметі, іскерлігі мен алғырлығы, ерекше ұйымдастыру қабілеті, батылдығы мен тазалығы қайран қалдырады. Оған қоса, кітапта Ғани Мұратбаев, Темірбек Жүргенов, Ілияс Омаров сияқты ұлт мақтаныштары туралы да дереккөздер мен тың мәліметтер берілген. Сонымен бірге, оқырманға жол тартқан еңбектің жастарға өмірдің мәнін үйретумен бірге, туған халқына, еліне қызмет етуге, адалдық пен әділдікке баулитын құнды пайымдар түсіндіріледі.
Кеш қонағы Санжар Керімбайдың толғамды ойы мен жүйелі сөзіненбүгінгі жастар психологиясына жетіктігі, оларды қызықтырып, тыңдата алуы, жалықтырмауы тәнті етті. Бұны көрермендердің үш сағатқа созылған рухани кешті тапжылмай тамашалауынан аңғару қиын болмады. Нәтижесінде ұлтының тарихы, оны сақтап қалу жолындағы біртуар тұлғалар жөнінде тың деректерге қанығып, ұлағатты әңгіме естіді. Алдағы уақытта жастардың дәл осы кітапты оқитындарына сенім мол.
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.