Үш ауданда да  бір-біріне ұқсас жағдай байқалады

2021-2025 жылдарға арналған Ақмола облысының даму жоспары бойынша облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясының отырысы болып өтті. Шараға облыстық мәслихаттың депутаттары, тұрақты комиссияның мүшелері қатысты. Жиында Жақсы, Есіл және Жарқайың аудандарының басшылары аталған жоспарғасәйкес атқарылып жатқан жұмыстаржөнінде баяндап берді.

Бүгінгі таңда Жарқайың ауданы бойынша даму жоспарына сәйкес 73 мақсатты индикаторды орындау қарастырылған. Оның 54-і ғана орындалып, 14 көрсеткіш бойынша жұмыс ақсап тұр. Соның ішінде салаға инвестиция тарту көлемін арттыру, ауыл шаруашылығы саласындағы ішкі жалпы өнім көлемін 2019 жылмен салыстырғанда біршама ұлғайту, субсидия көлемін арттыру есебінен ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуды көбейтуге қатысты жұмыстар кенжелеп қалды.  Өзге де кемшіліктер де бар.

–Азық-түлік өнімдерін өндіруге негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі жоспар бойынша 1,6 миллиард теңгені құрайды. Сонымен бірге, ауданда өнімді қайта өңдеуге қатысты жобалар қарастырылмаған. Сондай-ақ, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіп кешені саласына жұмысқа келген мамандардың ішінде тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бюджеттік кредит алғандар жоқ. Отбасы банкі арқылы бюджеттік кредит алуға өтінім берілмеген. Осы ретте, аудан әкімі ауылдық жерлерде жұмыс істейтін мамандарды бұл жағынан қолдайтындықтарын жеткізді.

Ал, Есіл ауданы бойынша жағдай көңіл көншітпейді. Былтыр 73 бағыт бойынша жоспар түзілген еді. «Азаматтардың әл-ауқатын, тұрмыс тіршілігін жақсарту» бағыты бойынша 30 бағыттың 23-і ғана жүзеге асырылған. «Қуатты экономика» бағыты бойынша 16 индикатор ғана орындалды.

–Бүгінгі таңда Есіл ауданында экономиканың күретамыры ауыл шаруашылығы болып саналады. Былтыр бұл салада егіннің шығымдылығы нашар болды.  Ал,ол кезегінде негізгі капиталға тартылған инвестицияның көлеміне кері әсерін тигізді. Ауыл шаруашылығындағы негізгі капиталға 12,3 миллиард теңге тартылуы тиіс еді. Соның жартысы ғана орындалған. Былтыр ауданға қарасты Ақсай, Игілік, Заречное, Знаменка, Красивое ауылдарындағы сумен жабдықтау жүйесі мен су құбыры желілері жаңғыртылды. Алайда, ол толық бітпеді. Знаменка, Заречное және Красивое ауылдарындағы жұмыстар биыл аяқталуы тиіс. Оған 615 миллион теңге қаржы қарастырылған, – деді өз сөзінде Есіл ауданының басшысы Асқар Мақсұмхан.

Отырыста қаралған үшінші аудан –Жақсы ауданы былтыр жоспарланған бірнеше жобаны қаржының тапшылығына байланысты іске асыра алмаған. Аудан әкімінің міндетін атқарушы Бахтияр Қасенов  депутаттар мен комиссия мүшелерінен қосымша қаржы қарастыруды сұрады. Баяндамашының айтуынша, былтыр Жақсы ауылында 27 пәтерлік тұрғын үй құрылысы аяқталмай қалды.  Оған 246 миллион теңге қаражат қажет болған. Биыл оны аяқтау үшін облыстық бюджеттен 150 миллион теңге қарастырылған.

–Осыған орай, құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына қалған соманы бөлу туралы бюджеттік өтінім жібердік. Жоба толығымен қаржыландырылса, жылдың аяғында нысанды тапсыруды жоспарлап отырмыз. Осы жылы барлығы көңілдегідей болады деп үміттенеміз, –деді өз сөзінде  Бахтияр Қасенов.

Тұрақты комиссияның отырысында  даму жоспарына қатысты игерілмеген бағыттар бойынша жұмыстарды жандандыру қажеттігі айтылды. Былтыр жүзеге асырылмай қалған жобалар биыл қайтадан қарастырылып, әрі қарай жоспарға сай қолға алынуы тиіс. Қатысушылар осыған сенім білдірді.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар