«Жұлдызай-2024» ойындарының жеңімпаздары анықталды

Көкшетау қаласында екі күнге жалғасқан «Жұлдызай-2024» қысқы Ұлттық Инклюзивті ойындарының қорытындысы шығарылып, «Болашақ» оқушылар сарайында жабылу салтанаты өтті.

 Қорытынды шараға облыстық білім басқармасының басшысы Шоқан Оразалин, басқармаға қарасты Инклюзивті білім беруді дамыту жөніндегі үйлестіру кеңесінің төрағасы  Марат Ибраев пен Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қуаныш Қарауылов қатысып, жас жеңімпаздарды құттықтап, жүлдегерлерді марапаттады.

– Құрметті, әріптестер және ойынға қатысушы балалар. Бүгін біз қысқы Ұлттық Инклюзивті ойындарының жабылу салтанатына келіп отырмыз. Бұл үлкен іс-шара. Балалардың спортқа деген ынта-жігерін, сүйіспеншілігін арттырып, алдағы мақсаттарына жетуіне, қиындықтардан өтуіне жол ашатын маңызды ойын болды, – деді өз сөзінде Шоқан Оразалин ойынның маңыздылығына тоқталып. Ақмола облысында инклюзивті спортты дамыту және балаларды спорт секцияларына тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасына қарасты мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған«Мерген» клубында спорттың алты түрі бойынша 109 спортшы жаттығады. Мұндай  секциялар өңірдің шалғай аудандарында да ашылып, олардың қатысуымен 27-ден астам бұқаралық спорт іс-шаралары өткізілген.

Аталған ойынға Батыс Қазақстан, Солтүстік және Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Ақмола облыстары мен Астана қаласынан ерекше білім беруді қажет ететін 10-16 жас аралығындағы 150-ге жуық спортшы қатысқан болатын. Ойын аясында қатысушылар 100-400 метр аралық қашықтықтағы шаңғы жарысы және 400 метр командалық эстафетада бақ сынасты. Нәтижесінде аралық қашықтықтағы шаңғы жарысының 4 сатысы бойынша 80-ге жуық спортшы медаль, дипломдармен марапатталды. Ал, командалық эстафетада облысымыз бірінші орын болса, Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облыстары келесі орындарға жайғасты. Және де бірінші санаттың барлық жүлделері жерлестеріміздің еншісіне тиді. Сондай-ақ, барлық сатыдағы командалық ойындардың есебі бойынша  бас жүлдені Ақмола облысы иеленсе, бірінші санаттың екінші орынын Ақтөбе облысы, үшінші орынын Шығыс Қазақстан облысы қанжығаларына байлады. Оған қоса, екінші санатта шығыстық қазақстандық спортшылар екінші, Орал қаласынан келген ойыншылар үшінші орынды жеңіп алды. Барлық жүлдегерлер «Жұлдызай-2024» қысқы ойынының алтын, күміс және қола медальдарымен бірге, тиісті дәрежелі дипломдардың иегері атанды. Сонымен бірге, балалардың осындай нәтижеге жетіп, жеңімпаз және жүлдегер болуларына зор үлес қосқан бапкерлерде құр алақан қалмады. Оларға ұйымдастырушылар тарапынан дипломдар беріліп, құрмет көрсетілді.

Шара қорытынды сөз алған «BI Жұлдызай» Корпоративтік Қоры директорының орынбасары Алмагүл Сәлімбаева ойынның өткізілуіне қолдау көрсеткен Ақмола облысының әкімдігіне алғысын білдіріп, жүлдегер жас спортшыларды құттықтады.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар