Атбасардың көне ғимараттары өткен тарихтан сыр шертеді

– Атбасар қаласында ХІХ ғасырдың соңғы жылдарында бой көтерген ғимараттар күні бүгінге дейін алғашқы қалпын сақтап тұр. Әсіресе ағайынды көпестер Александр, Петр, Евграф Беловтардан мұра болып жеткен үйлері мен дүкендері өткен тарихынан сыр шертеді.

Атбасар қаласының тұрғыны, өлкетанушы Темірбек Қасымжановтың айтуынша, екі қабатты бастауыш училищесінің іргетасы 1909 жылы қаланған. Қазіргі таңда білім ордасының қызығын бүгінгі ұрпақ көріп отыр.

«Осы мектепте қазақтың ұлы жазушысы Ілияс Есенберлин, оқымысты, ғалым Раунақ Есенберлин, Кеңес Одағының Батыры Ақан Құрманов және тағы басқа танымал тұлғалар білім алды. 1880 жылдың аяғында Атбасарға жер аударылған социал-демократ Н.Гусев училищенің алғашқы оқытушылардың бірі болды. Кейін ол РСДРП Омбы қалалық комитетінің мүшелігіне сайланады. Сонымен бірге Надежда Лыкина, Агапов, Ковтун деген мұғалімдер оқушыларға дәріс береді. Алғашқы түлектер училищені бітіргенде Евграф Степанович Белов құрметті қонақ ретінде шақырылыпты. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында училище ғимаратына эвакуациялық госпиталь орналастырылады. 1960 жылдары үш қабатты қосымша ғимарат салынып, ол «Әділбек Майкөтов атындағы қазақ орта мектеп-интернаты» болып аталды. Ауыл балалары мектеп-интернатта жатып, біліммен сусынданады. Орыстандыру саясаты кезінде қазақ орта мектеп-интернаты 1975 жылы жабылған еді», – дейді Темірбек Қасымжанов.

көне ғимарат
Фото: Т.Қасымжановтың жеке архивінен және Атбасар тарихи-өлкетану музейінен

Сонымен бірге, өлкетанушы шаһардың өркендеуіне, өсуіне айтарлықтай қолтаңбаларын қалдырған ағайынды Беловтар туралы деректер іздестіргенін айтады.

«Арада жүз жылдам астам уақыт өтті. Оларды білетін адамдар бүгінде жоқ. Кейінгі буын өкілдері мардымды, жарытып ештеңе айта алмайды. Бір таңғаларлығы Беловтардың атасы Николай Ивановичтың зиратының басына қойылған құлпытасы табылды. Суретке түсіріп алдым. Көтеріп едім салмағы ауыр, 30 кг тартып қалар. Таза темірден құйылған. Ескерткіштің бетінде «Во Имя Отца и Сына и Святаго духа Аминь. Николай Иванович Бьловь. Родился вь 1790 г. 6 Декаб. Померь 1877 г. 28 марта. Оть внуковь» деген жазуы бар», – деп қосты өлкетанушы.

Айтуынша, жәдігерді қала тұрғыны Василий Возний 1973 жылы тарихи-өлкетану музейі қорына сақтауға өткізіпті. Қазіргі таңда Беловтардың екі кластық бастауыш училище ғимаратына «2 облыстық арнайы оңалту мектеп-интернаты» орналасқан. Мұнда мүмкіндігі шектеулі балалар оқып тәрбиеленуде. Тастан өріліп қаланған ғимараттың екінші қабаты шегесіз бөренемен салынған. Нысан тарихи ескерткіш ретінде 1975 жылы қорғауға алынғандықтан ішкі-сыртқы жөндеу жұмыстарын рұқсатсыз жүргізуге болмайды. Мектепке 2000-ші жылы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Терезе жақтаулары тозып шірігендіктен ауыстырылып жаңартылған. Өткен жылы төбесінен су аққан соң, бұрынғы ескі жабындыны ауыстырып, шифер төселген. Сол кезде құрылысшылар шатырдан жан-жағы таспен қаланып, су тимес үшін беті тақтаймен жабылып топырақпен көміп тастаған класс журналын тауып алған. Журнал бүлінбеген, сол күйінде сақталған.

«Мектеп басшылығынан журналды қолыма алып парақтап көрдім. Қайран қалғаным сыртқы мұқабасы шірімеген. Сарғайып ескірмеген. «Журналь перваго класса на 1910-1911 уч. г» деп жазылған кітапшада 55 адамның аты-жөні тіркелген. «Классный журналь Атбасарского 2-х кл. Начального училища на 1915-1916 учебный годь» деп жазылған екінші журналда 48 адамның есімі бар. Дені ер балалардың аты-жөні. Арасында бір-екі қыздардың есімдері кездеседі. Бірінші бетінде өткізген сабақтар болуы керек «Законь Божи», «Русскйі языкь», «Арифметика», «Чистописаніе» деген пән аттары жазылыпты. Тіпті бір оқушыға берілген анықтама (справка) қағазы сол күйінде. Оқу орнын гимназия болған деп айтып жүрміз. Класс журналының сыртқы мұқабасында «бастауыш училищесі» деп анық көрсетілген. Ағайынды көпестер Александр, Петр, Евграфтың Атбасардың қала болып қалыптасуына қосқанын үлестері зор», – деп түйіндеді Темірбек Қасымжанов.

Атбасар көне ғимарат
Фото: Т.Қасымжановтың жеке архивінен және Атбасар тарихи-өлкетану музейінен

Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында трактормен жыртылған археологиялық ескерткіштер туралы жазған едік.

Дереккөз: kaz.inform.kz

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар