– Оқу-ағарту министрлігі еліміздің бірыңғай саға белдеуіне көшуіне байланысты мектептегі сабақтың басталу уақытының өзгеру мүмкіндігіне қатысты сауалға нақты жауабын берді.
Ведомствоның атап өтуінше, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының жұмыс уақытын белгілеу жергілікті атқарушы органдардың құзіретіне кіреді.
«Өңірлердің білім басқармалары ұсынған ақпаратқа сәйкес, сабақ бекітілген қолданыстағы кестеге сәйкес басталады. Сабақ еш өзгеріссіз штаттық режимде жалғасады», — деп атап өтті Оқу-ағарту министрлігі агенттік тілшісінің ресми сауалына берген жауабында.
Сонымен қатар оқу процесін оңтайлы ұйымдастыру үшін облыстардың, Астана, Алматы және Шымкенттің білім басқармаларына білім мекемелерінің басшыларына, педагогтар, оқушылар және олардың ата-анасына түсіндіру жұмысын жүргізіп, ел аумағындағы уақыт белдеуінің өзгеретінін құлағдар қылуға кеңес берілді.
Айта кетейік, Үкіметтің қаулысына сәйкес 1 наурыз сағат 00:00–ден бастап елдің бүкіл аумағында бірыңғай сағаттық белдеу (UTC+5) белгіленеді.
Астана, Алматы, Шымкент қалаларының, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарының және Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарының әкімдіктері 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні (сағат 00:00–де) жергілікті уақытты 1 сағат кейінге шегереді.
Дереккөз: kaz.inform.kz