Кеше Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Алин өңір тұрғындарын Алғыс айту күнімен құттықтап, қоғамдық келісім мен ұлтаралық достықты қалыптастыруға және ел дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан бір топ азаматтарды облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапаттады.
Еліміз Алғыс айту күнін атап өтуді игі дәстүрге айналдырды. Бұл күн Қазақстан жерінде тұрып жатқан өзге ұлт өкілдерінің қазақ халқына ризашылығын білдіретін сыйластық пен мейірім мерекесі. Қоғамда достық, мейірімділік құндылықтарын ілгерілету, халық бірлігін нығайту мақсатында ұйымдастырылған салтанатты шарада облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Алин құттықтау сөз сөйлеп, өңір тұрғындарына игі жақсы тілектерін жолдады.
–Мемлекетбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде азаматтарымыз егеменді елімізді дамытуға, қастерлі қазақ жеріндегі бейбітшілік пен келісімді нығайтуға өлшеусіз үлес қосуда. Қазақ халқы қай заманда да татулық пен достықтың үлгісі бола білді. Біз өткенімізді ұмытпаймыз. Қазіргі таңда өңірімізде Қазақстанды өз Отаным деп санайтын 100-ден астам ұлт пен ұлыс бірлік пен татулықта өмір сүруде. Бүгінде осында тұрып жатқан әр ұлт өкілі өздерін қазақ деген отбасының, қазақ ұлтының бір мүшесі сезінеді. Бүгінде олар облыстың әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына айрықша үлес қосып келеді. Олардың қатарында Целиноград ауданының «Достық үйінің» директоры Могамед Сукалов, Аршалы ауданы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Владимир Биджиев, Шортанды ауданындағы «Новокубанка» ЖШС-нің бас директоры Шалва Джахуташвили, Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасының неврология бөлімшесінің меңгерушісі Макшарип Мартазанов жүр, – депбасқарма басшысы бірқатар азаматтардың елеулі еңбегін атап, жиналған қауымға өзара сыйластық пен достық, бақ-береке, татулық пен ынтымақ тіледі. Сонымен бірге, бүгінгі таңда Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының мүшелерінің барлығы өңірдің тұрақтылығы мен тыныштығын сақтауға қосып жүрген зор үлесіне тоқталды.
Шара барысында отанымыздың өркендеуі жолында елеулі еңбек сіңіріп, түрлі жағдайлар мен оқиғалар кезінде белсенділік пен жоғары азаматтық ұстаным танытқан ақмолалықтарға Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары және Ақмола облысы әкімінің Алғыс хаттары табысталды.
Қазақстан халқы Ассамблеясының Алғыс хатымен марапатталғандар арасында облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары, Ақмола ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Сабырхан Кенжебаев, «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Ермек Нұғыманов, Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы ғылыми-сараптамалық топтың мүшесіАрдақ Қапышев болды.
Тайтөбе ауылының дәрігерлік амбулаториясын медициналық жабдықтармен, орта мектеп пен кенттік спортзалды спорттық жабдықтармен қамтамасыз етуге көмек көрсеткен Қосшы қаласы мәслихатының депутаты, меценат Болат Әбдірахманов, Ақмола облысы бойынша Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының уәкілетті өкілі, «Науан хазірет» облыстық мешітінің бас имамы Қуаныш Сәбит, қысқы кезеңде Ерейментау ауданының азаматтық қорғау гарнизонының қызметкерлеріне басшылық жасап, қар көшкінінен 4 адамды құтқарып, трассадан 128 адамды, оның ішінде 33 баланы эвакуациялаған, ағымдағы жылы қар астында қалған көліктің ішіндегі жүкті әйел мен 14 жастағы баланы құтқарған Ерейментау ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Амангелді Доскенов,5 ақпанда Көкшетау қаласындағы «Мечта» сауда үйінің жанындағы көпірді өтіп бара жатқан кезінде кішкентай баланың Қылшақты өзенінде мұз астына түсіп кеткенін көріп, дереу көмекке барып, баланы құтқарып алған Марат Зиядин, өңірде мемлекеттік тілді этнос өкілдері арасында дамыту мен насихаттауға үлес қосып жүрген Нилуфар Амирасланова және тағы бір топ осындай азаматтық ұстанымы жоғары ақмолалықтар облысәкімі Марат Ахметжановтың Алғыс хаттары мен тауарлық сертификаттарға ие болды.
Салтанатты шараның соңында жиналған қауым әсем әннің әуеніне бөленіп, күміс күймен құлақ құрышын қандырды.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген В.ОТТ.