Жауапты жұмысқа тиянақтылық қажет

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың төрағалығымен өткен әкімдік отырысында өңірде ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және көктемгі су тасқынын апатсыз өткізу дайындығы талқыланып, аудандарда бұл бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысы пысықталды.

Әкімдік отырысына облыстық мәслихаттың хатшысы Бейбіт Жүсіпов, облыс әкімінің орынбасарлары, аудан-қалаәкімдері,  облыстық департаменттер мен басқармалардың басшыларықатысты.

Алғашқы баяндаманы облыстық ветеринария басқармасының басшысы Талғат Жүнісов жасады. Ол аталмыш мекеме көрсететін мемлекеттік қызмет түрлерін айта келе, өңірде мал дәрігерлерінің тапшылығына тоқталды. Мәселен, аталған салада облыс бойынша жалпы 716 бірлікті құрайтын штат болуы тиіс, бірақ, нақты 583 маман ғана бар екен. Ал, облысқа жалпы 439 мал дәрігері қажет болса нақты 350 маман қызмет көрсетуде.

Жалпы, мал басының амандығы мен өнімділігі жергілікті жерлердегі ветеринарлардың жұмысына тікелей байланысты. Бұл түптеп келгенде, ауылдағы ағайынның әл-ауқатына бірталай әсер етеді. Бұлай дейтініміз, ветеринары жоқ ауылдарда мал басы ауруғашалдықса, соңы мал басының жаппай қырылуына, не болмаса адамдардың жұқтырып алуы секілді келеңсіз жағдайларға әкелуі мүмкін. Сол себепті әр елді мекенде, мал дәрігерлері болғаны дұрыс. Бірақ, жоғарыдағы статистикаға жүгінсек, біздің облыста бұл жағы 80 пайызды ғана құрап отыр. Жұмыс істеп жүрген мал дәрігерлерінің көбі егде тартқандар. Олардың орташа жасы 54-ті құрайды. Осы ретте, кадр мәселесін реттеу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы басқарма басшысы:

–Өңірдегі кадр тапшылығын жою үшін әр ауданнан жыл сайын 2 адамнан Қатаркөлдегі ауыл шаруашылығы колледжінің ветеринария бөліміне жолдамамен оқуға жібереміз. Сонымен бірге, жыл сайын наурыз айында Астанадағы С.Сейфуллин атындағы агротехникалық және Е.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеттерінде ұйымдастырылатын жұмыспен қамту жәрмеңкесіне қатысып, осы сала бойынша оқу бітіретін жастарды облысқа шақырамыз. Жастардың бұл салаға келмеуінің басты себебі – еңбекақының төмендігі, баспана мәселесі, ­–деді Талғат Тоқбайұлы. Бұл ретте, облыс басшысы облыстық білім басқармасының басшысына ветеринарларды да «Дипломмен – ауылға!» жобасына енгізу бойынша жұмыстар жүргізуді тапсырды.

Облыста статистика мәліметтері бойынша 424,2 мың бас ірі қара мал, 606,7 мың бас ұсақ мал, 268 мың бас жылғы, 155 бас түйе тіркеліпті. Аймақ басшысы аудан әкімдерінің мал басы бойынша берген есептерінде 44 мың жалған мал басы тіркелгенін, өтірік статистика құрастыруды қоймай келе жатқандықтарын сынап, ескерту жасады және 1 мамырға дейін есептерін дұрыстауды, тіркелмеген мал басын деректер қорына енгізуді тапсырды, өйтпеген жағдайда қатаң жауапқа тартылатын болады. Сондай-ақ, баяндамашы малдарды вакциналау, оларды бордақылау алаңдарының санитариясы,  қауіпті жұқпалардан қорғау секілді жұмыстар бойынша баяндай келе, биылғы қыстағы ауа райының жылқы малына жайсыз болғанын ескере келе, бүгінде қолда бар жылқыны сақтап қалу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды. Ауылды жерлерде жылқылариелеріне таратылып беріліпті. Жем-шөппен қамту жайын мекеме аймақтардағы әкімдіктермен бірлесе шешіп жатқан көрінеді.

Қаңғыбас иттердің көшелерде емін-еркін жүргені де күн тәртібінде талқыланды. Соңғы жылдары иттерді аулап, чиптеу, вакциналау жұмыстары жүргізілгенімен, оларды ұстау орындары қарастырылмаған. Аймақ басшысы иттерді аулау бойынша жұмыс істеген мекемеге көңілі толмайтынын, бұл қаңғыбас иттердің бала-шағаға қауіпті екенін ескертіп, қаржыны бей-берекет шашуға жол бермейтінін айтып, оларды шоғырландыратын орын ашу қажеттігін алға тартты. Ақмола облысының Астана маңындағы елдімекендерді дамыту агломерациясыжоспары аясында елордада бірлескен бір ортақ питомник ашылмақшы.

Облыс аудандарын су тасқынына дайындау мәселелері бұған дейін осындай екі отырыста қаралған болатын. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының уақытша міндетін атқарушы Қанат Доспаевтың мәлімдеуінше,  ақпандағы жауын-шашын мөлшері өткен жылғыдан 2 есе артық түскен. Сондықтан, болжам бойынша облыстың біраз аудандарында су тасқыны орын алуы мүмкін. Оның алдын алу үшін бірқатар жұмыстар кешені белгіленіп, іске асырылуда екен.

– Өңірде су тасқыны орын алу ықтималдығы жоғары Аршалы, Атбасар, Сандықтау, Астрахан, Целиноград  аудандары. Себебі, Есіл, Сілеті, Шағалалы, Жабай мен Калкутан өзендерінің маңындағы жерлердің ылғалдылық нормасы алдыңғы жылдардағыдан 151-265 пайызға дейін артқан. Облыс аумағында жалпы 127 елді мекенге су тасқынының қаупі төніп тұр. Тасқын болуы мүмкін аймақтарда 4 мыңнан астам үй мен 14 мыңға жуық тұрғын бар. Облыстық бюджеттің резервінде 2,239 миллиард теңге қарастырылған. Бірақ, кейбір аудандар мен қалалар, соның ішінде облыс орталығы бар төтенше жағдайға арналған резервке қаржы қарастырмаған, – деп департамент бастығының міндетін атқарушы қар тазалау, алқаптарды «қарайту» жұмыстарының басталып кеткендігіне тоқталды. Наурыз айының екінші онкүндігінде15 ауданда мұздарды жару жоспарланыпты. Елдімекендердің су тасқынына дайындығын тексеру мақсатында 137 рейд өткізіліп, халықпен түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Облыстың 10 ауданының 35 елді мекені су тасқыны мезгілінде мына сыртқы тіршілікпен байланысынан қол үзіп қалуы мүмкін, себебі олар тұрған аумақтағы жолдарды су басып кетуі ықтимал. Бұған дейін 8 ауданның 19 елді мекені жыл сайын осындай жағдайға тап болып отырған. Осындай жағдайға ұшырайтын аудандық әкімдіктер қазірден жұмысты ширатып, тұрғындарға азық-түлік, дәрі-дәрмек, тіршілікке қажетті заттарын дайындап қоюларын ескертуді ұмытпау қажеттігі, су тасқыны кезінде тұрғындарды уақытша паналату орындарын да даярлау тапсырылды.

Облыс әкімі осындай өзекті мәселе қаралған отырыс соңында аудандар мен қала басшыларына, әсіресе, қауіпті аймақта тұрған елдімекендерде тиісті шараларды дер кезінде ұйымдастырып, айтып келмейтін тілсіз жауға төтеп беруге дайындықтарын күшейтуді, халықпен түсіндіру жұмыстарын үзбей жүргізуді тапсырды.

Әкімдік отырысынан кейін облыс әкімі Марат Ахметжанов жоғары да аталған департамент пен басқарма басшылары Қанат Доспаев пен Талғат Жүнісов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесіп, аталған екі өзекті мәселе бойынша туындаған сауалдарға жауап берді.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар