Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Мен театрда қаламын!» - АРҚА АЖАРЫ

«Мен театрда қаламын!»

Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының негізін қалаушылардың бірі, театр және кино актері, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Төлеубек Көңбайдың 50 жасқа толуына арналған бенефисі бір аптаға созылып, «Киотоға жол» қойылымының премьерасымен мәресіне жетті.

Театр ашылғалы көрерменнің көзайымына – сүйікті актеріне айналған Төлеубек Көңбайдың шығармашылық жолына арналған бенефисі «Өнермен өрілген өмірім» атты тақырып аясында өтіп, әдемі шоу-концертпен басталған болатын. Сол мерекелік бағдарламада  актердің әріптестері барын салып, көрермендерге күлкі сыйлап, олардың ыстық ықыласына, зор қошеметіне бөленді.

Сонымен бірге, көкшелік көрермен басты рөлдердің бірін Төлеубек Көңбайұлы сомдайтын Жан Батис Поклен Мольердің«Тартюф» комедиясының кейіпкерлерімен бірге күліп,ойланса, келесі «Киотоға жол» премьерасында көтерілген адамзатқа ортақ проблемаларға бойлады.

«Киотоға жол» спектаклінің авторы қырғыздың халық жазушысы М.Гаппаров пен Г.Гаппарова, қоюшы режиссері – «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері Батырбек Шамбетов, суретші сценографы – халықаралық Шыңғыс Айтматов атындағы сыйлықтың иегері Садыр Ниязакунов. Шығарма қалың көрерменге абсурд жанрында ұсынылды.

–Бұл спектакльді таңдамас бұрыс көптеген шығармаларды сараптадық, ең соңында осы Мурза Гаппаровтың туындысына тоқталдық. Шығарма абсурд жанрында ұсынылып, адам жаны экологиясының бұзылғандығын суреттейді. Қойылым байырғы тас дәуірінде өмір сүрген аңшы жігіт –Қожажас, актер, кеуіп кеткен Арал теңізінде өмір сүріп жатқан бейбақтартуралыүш көріністен құралған. Оқиғалар бір-біріне ұқсамағанымен, бір актерлер ойнап шығады. Мағынасыз дүниеден мән іздеп жүрген бейбақтар тағдыры баяндалады. Көрерменге бірден түсінікті болып кетуі екіталай. Егер көрермен абсурд жанрында бұрын осы тектес қойылымды көрген болса, онда түсіну қиынға соқпайды. Спектакльді дайындау барысында ешқандай ауыртпалық болған жоқ, себебі, басты рөлдерді осы театрдың бетке ұстар актерлері ойнайды. Жалпы, театрдың қай жағынан болсын, үйренері мол, әлеуеті жоғары өнер ордасы екендігін байқадым, –дей келе,қойылым режиссері Батырбек Шамбетов өнер майталманы Төлеубек Көңбайға шығармашылық табыс пен отбасылық бақыт тіледі.

Бұл қойылым адам мен табиғат арасындағы байланысты өзек ете отырып, адамзатқа ортақ мәселелерді қаузайды. Өзгеше формада қойылған спектакль режиссер атап өткеніндей,үш бөлімнен тұрады. Алғашқысы «Зулайқаның сатысы» деп аталатын бөлімде аңшылықты ата кәсібі еткен Қожажастың тағдыры суреттеледі. Оның шектен шыққаны соншалық, айналасында аң біткенді қырып-жойып, соңыңда Сұр ешкіні көздейді. Бірақ, сол Сұр ешкіден айласын асыра алмай, жартасқа құлап, тығырыққа тіреліп қалады. Бұл оның жазықсыз жапа шеккен аң-құстың киесі мен табиғат ананың қаһарына ұшырағаны еді.  Оны ауылдастары қанша талпынса да, құтқара алмайды. Әйелі Зулайқа Қожажастың қолынан мерт болған түрлі аңның қураған сүйектерінен 20 жыл бойы саты жасап, көмек қолын созуға тырысып, барын салады. Алайда, ол да құдайдың қаһарына ұшыраған грек мифологиясындағы Сизифтің күйін кешіп, сүйектерден құраған сатысы жарты жолда үзіліп кете беріп, мақсатына жете алмайды.

«Антракт» деп аталатын келесі бөлімде ерлі-зайыпты актер мен актрисаның тыныс-тіршілігі, мәдениет саласы адамдарының бір кем дүниесі, ешқашан орындалмас қиялымен ғана өмір сүруге бейімделген сормаңдай пенделер жайлы сыр шертіледі. Ал, «Шөлдегі кеме» деп аталатын соңғы бөлімде Арал теңізі мен шөл даладағы кемені мекен еткен бейбақтар тағдыры баяндалады. Қойылымкөрерменге бүгінгі табиғат ананың сан құбылып түрлі мінез көрсетуі, аң мен құстың жойылуы, теңіздердің тартылуы, әлемнің қарама-қайшылықтарға бой алдыруы, экологиялық мәселелердің туындауы тікелей адам қолымен жасалып, адам жанының экологиясының бұзылуынан ба деген сауал туғызады.

Бір қойылымға сыйғызылған үш түрлі оқиғадағы үш түрлі образдардың басты рөлдерін Төлеубек Көңбай мен Маржан Бөкешова өте шебер ойнап шықты. Бенефис иесінің – Төлеубек Көңбайдың сахна серіктесі ретінде Маржан Бөкешованың таңдап алынғаны  өте сәтті болған. Бұл актер мен актриса аталмыш театрдың іргетасықаланғалы бір сахнада түрлі спектакльдерде бірге ойнап келе жатқанына ширек ғасырдан асты. Олар күні кеше ғана театрға келген жас актерлерге үлгі болатын, жол көрсетіп, тәрбиелей алатын өнер иелері.

Қойылым аяқталған соң, театр және кино актері Төлеубек Көңбайға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың және Қосшы қаласының әкімі Гайдар Қасеновтің атынан ықылас гүлдері табысталып, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова, Астана, Шымкент қалалары мен Солтүстік Қазақстан облыстық театрларының басшылары, өнердегі аға-іні, тілеуқор достары құттықтап, жылы лебіздерін білдірді, сый-сыяпаттарын жасады.Осы театрдың анасы атанып кеткен Қазақстанның Халық әртісі Жібек Бағысова да актерге ақ тілегін жеткізіп, қазақы дәстүрмен шашу шашты.

Мерейлі шарада Төлеубек Көңбайұлы жайлы «Өнермен өрілген өмірім» атты шағын деректі фильм көрсетіліп, «Суреттер» атты фото альбомның тұсауы кесілді.

–Мен театрда қаламын!.. Бұл «Киотоға жолдың» соңында айтылған басты кейіпкердің сөзі. Түсінген адамға ол кейіпкер сөзі ғана емес-ау, өнер айдынында қанатын еркін сермей қаққан таланттың, өнердің өз адамының –Төлеубек Көңбайдың сөзі!..

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар