Ақмола облысында өткен жылдың он екі айында есірткінің заңсыз айналымына байланысты 251 қылмыстық құқық бұзушылық анықталған. Оның ішінде 61-і есірткі өткізу фактісі болса, 19-ы оны аса ірі мөлшерде сақтағандар, 162-сі есірткі қылмысы.
Ал, ағымдағы жылдың басынан бері облыс аумағында 46 есірткіге байланысты құқық бұзушылық тіркелсе, олардың қатарында Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 264-ші бабы бойынша трансұлттық қылмыстық топ құрудың екі фактісі анықталған. Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімі, жыл басынан бері есірткінің 36 килограмнан астам алуан түрлерінің заңсыз айналымға түсуіне жол бермеген. Және де 4 синтетикалық есірткіні жасырын салушысы ұсталған. Олардан барлығы 2 килограмға жуық синтетикалық есірткі түрлері тәркіленген. Бұл әрекеттер 2023-2025 жылдарға арналған «Есірткі қылмысына қарсы іс қимыл және нашақорлықтың алдын алу» нашақорлықпен және есірткі бизнесімен күресу кешенді жоспарында көрініс тапқан.
Жауапты органның ат салысуымен жасөспірімдер мен жастардың есірткіге қарсы иммунитетін қалыптастыру үшін әртүрлі құралдарды қолдана отырып, 2023 жылы 30 мың адамды қамтитын 1000-нан астам түрлі іс-шаралар өткізілсе, ағымдағы жылдың есепті кезеңінде 190 алдын алу іс-шарасы жүргізілген. Онда жалпы білім беретін мектептер, колледждер мен университеттердің бес мыңға жуық жоғары сынып оқушылары қамтылған. Ведомствоның мәліметінше, облыс көлемінде, қоғамдық қор, бірлестік, үкіметтік емес сектор, волонтерлік ұйымдармен есірткіге қарсы насихатты күшейту және қоғамдық есірткі иммунитетін қалыптастыру мақсатында жоспарлы жұмыстар тұрақты жүргізіліп келеді.
Өткен жылы, сондай бір мақсатты жедел-тергеу іс-шараларын өткізу барысында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің қызметкерлері, құрамында 11 адам бар ұйымдасқан қылмыстық топты қолға түсірген. Олар, Астана мен Ақмола облысының аумағында каннабис тобының есірткі заттарын сатып алушыларды байланыссыз өткізумен айналысқан. Қазіргі таңда ұсталғандарға Қылмыстық Кодекстің 262-бабы 1,2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеудің аяқталу сатысына жеткен.
Сонымен бірге, Елорда мен облыс аумағына есірткінің тағы бір түрі гашишті жеткізу мен өткізудің үш арнасы таратылса, жыл басынан бері полиция департаментінің қызметкерлері облыс аумағында 5 нарколабораторияны, 1 синтетикалық есірткі құралдарын өндіру бойынша фитолабораторияны таратқан. Олар Астрахан, Бурабай, Ерейментау, Шортанды ауданы мен Қосшы қаласында орналасқан. Сондай-ақ, 2023 жылдың аяғында есірткінің марихуана, гашиш, синтетика, героин сияқты түрлерінен 217 килограмм 317 грамм есірткі заңсыз айналымнан алынған.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл қызметінің басым бағыттарының бірі – синтетикалық есірткі құралдарымен күрес болып табылады. Биылғы жылдың басынан бері 15 синтетикалық есірткіні жасырын салушы ұсталған. Синтетиканы шағын және ірі көлемде заңсыз сақтау фактілері бойынша 60 есірткі қылмысы тіркелген.
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.