Дарабоз  дін сардары

Бұл 1992 жылдың қыркүйек айының алғашқы онкүндігінде болған оқиға еді. Сол бір күздің қоңыр салқынында мен есімі алты Алашқа белгілі Халифа Алтайдай ғалым ағаны, өзінің тілегі бойынша Астанадан Ерейментау ауданына апарған болатынмын. Ол кісінің келе жатқанынан құлағдар болған ел бұл жүздесуге алдын ала мұқият дайындалыпты.

Ол кезде соғыс және еңбек ардагерлерінің, белсенді қоғамдық топ мүшелерінің көбінің көзі тірі кездері.

Атақты ғалымның қазақтың салт-дәстүрі бұзылмаған Ереймен жеріне арнайы келуі ешкімді бейжай қалдырмады. Айта кетсек, бұл бір қоғамымызды түрлі діни ағымдар, соның ішінде христиан дініндегі миссионерлер алдап-арбап жатқан кез болатын. Одан ислам дінін өз «қажетіне» жаратып жатқандар да кем түспеді.  Не керек, осылайша бір үлкен шарасыздықтың алдында тұрдық.

Машинаға отырғандар ішінде Халифа Алтайдан басқа, ол кісінің зайыбы, сондай-ақ, дауысы ерекше жас жігіт – Абдолла қари болған еді. Бас мейман Халифа Алтай ұзақ жол үстіндегі әңгімесін бастап та кетті.

– Осы бара жатқанда сөз тыңдайтын ел бар шығар, – деді ол алдымен.

– Құйма құлақ ақсақалдар, шежірені сүйетіндер жиналып та қалған шығар, – дедім мен.

– Жақсы. Бізге керегі де сол. Қазіргі кезде жұрт сөзге емес, дүниеге мұқтаж сияқты көрінеді маған. Бұған дейін Алматыдағы біраз жерлерде болдым. Байқағаным, сөз ұғатын жан көп емес сияқты.

– Бұл жақтың жұртының бет-бейнесі, мінезі басқаша. Олар сізбен болатын кездесуді асыға күтіп отыр. Сөзіңізді тыңдауға ерекше ынтық.

– Сен  Сәдуақас Ғылмани туралы не білесің? – деді осы сәтте аяқ астынан Халифа Алтай.

– Біздің елдің тумасы, оқымысты адам, атамның қанды көйлек  жолдасы, – дедім мен. – Өмірде көрдім, біздің үйге Алматыдан әдейі келіп, атама сәлем бергені бар.

– Е, е, біраз дүниеге қанық жігіт екенсің. Ғалым Сәдуақас Ғылманиды көрсең, көп нәрсені білгенің, – деді бас қонақ. –Ондай оқымысты қазір жоқ, сірә. Осы Ерейментауды таңдауыма себеп болған да сол жан.

Қонақтарымыз сөзіме бір көтеріліп, ризалық кейіп танытты. Халифа Алтай сол кезде жасы 70-тен асқандай көрінді маған. Ғұламалық мінезі әрбір айтқан сөзінен байқалып тұрды. Мен де бұрын бұл кісінің атын, жазған кітаптарын естігенім болмаса, бетпе-бет кездесіп көргем жоқ. Жолда өзінің өмірбаянына, шыққан тегі мен ортасына байланысты біраз сырын айтты.

Қытайдың Алтай өлкесінде туып-өскен екен. Сауатын ерте ашып, ұстаздық қызмет атқарған. Отызыншы жылдары Қытайдағы аласапыран оқиғаларға байланысты біраз ағайын жұртпен Тибет арқылы Үнді, Пәкістан мемлекеттеріне қоныс аударады. Бұл Тибет асулары қазақ көші үшін қаншалықты ауыр болғанын ғалым әлгі жерде саралап тұрып айтып өтті. Талай жандар, үлкені-кішісі бар, мұз бауырлап жатқан жерлерінен тұра алмай қалған.

– Сол бір сан құбылған кезеңде Оспан батырдың жасаған ерлігін ауызбен айтып жеткізу қиын. Аталмыш зұлматтың естен кетпес бір құрбаны болды ол, –деді ғалым өткенді ауырсына еске алып.

Қазақ баласының ауыртпалығын жеңілдеткен жұрт – түріктер. Елу үшінші жылдың орта кезінде бұл көштің бағыты Түркия еліне қарай бұрылыпты. Түріктердің қазаққа жасаған жақсылығын ғалым аға ерекше бір толғаныспен еске алды. Тұрмыс-тіршілігі оңалған ел көп ұзамай еңселерін тіктеп, қатарға қосыла бастайды.

Сондықтан, ғалым Халифа Алтай Қазақстанға қоныс аударғаннан кейін «Атажұрттан Анадолыға» деген кітап жазып шығарған. Бұл еңбегі Қазақстан Жазушылар одағының халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын иеленеді.

Тағы бір еске алатын маңызды шығармасы Исламның қасиетті кітабы Құранды қазақшаға аудара білуі. Бұдан басқа жазушының қаламынан «Құран әліппесі және иманның шарттары», «Хазірет Пайғамбар, Ғалайхиссаламның өмірбаяны», «Таңдаулы Хадистер», «Қысқаша Ислам тарихы» сияқты бірнеше туындылары жарық көрген.

Бізді Ерейментау ауданы әкімінің орынбасары Сара Нүрпейісқызы Дүйсенбаева бастаған қарт ардагерлер зор қошеметпен қарсы алды. Бұл тарихи бір кездесу болғаны анық. Елдің ықыласы ерекше ауған бас қонақ өзінің әрбір салиқалы ойымен дін, қазіргі қазақ қоғамы, жан-жақта шашырап өмір сүрген қазақ баласының тарихы жайлы толғанысқа толы сөздерін бастап кетті. Қойылған сауалдар, айтылған пікірлер мейілінше көп болды. Жұртшылық Халифа Алтайдың әр сөзіне бар ынта-жігерін аударып, көңілдерінде жүрген сауалдарына дейін тұщымды жауап алды.

Егемендік алған мемлекеттің таза дін жолындағы бағытын түзеуге осы дарабоз дін сардарының сіңірген еңбегі зор. Мұның бәрі кейінгі өмірімізде айқын көрініс бергені анық. Осы бір тарихи оқиға содан бергі уақытта менің есімнен бірде-бір шыққан емес. Ұлы ғалым аға Халифа Алтайдың шырайлы бейнесі, жұмсақ әуезді сөздері тыңдаушы жұртты қатты еліткені біздің көз алдымызда. Бұдан кейін Түркиядан келген қадірлі мейман Жарық ауылында тұратын соғыс және еңбек ардагері Темірғали Жапабаевтың үйінен арнайы дәм татты. Сұңғыла жас жігіт Абдолла қари мәнеріне келтіріп құран оқыған тұста, оның дауысына елтімеген жан қалмады. Бұл бір осыншама ғұлама дерлік білімді адаммен  есте қалған алғашқы әрі соңғы кездесу болып еді.

Естуімізше, біз көзін көрген Халифа Алтай содан кейін біржолата Алматыға көшіп келіпті. Мұның өзі Дүниежүзі қазақтарының Алматыда өткен Тұңғыш Құрылтайы қарсаңында болған оқиға еді. Шетте жүріп қазақтығын, тілі мен дінін, дәстүрі мен салтын ұмытпаған, ол аз болса, ұлты үшін осыншама еңбек сіңіріп кеткен мұндай адамға деген құрметіміз ерекше. Бұл көпке сабақ болар бір ғана адамның өмірі. Мен көрген Халифа Алтай сондай сирек ғұламаның бірі!..

Жанат ТҮГЕЛБАЕВ,
Ақпарат саласының үздігі.


Суретте: Халифа Алтайдың қазақ жазушыларымен кездескен бір сәті.
Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар