Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жер тамырын дөп басқан дала академигі - АРҚА АЖАРЫ

Жер тамырын дөп басқан дала академигі

Кезінде ата-бабаларымыз ұлан-байтақ жерімізге көз алартқан жаумен қолына найза алып, соңғы демі қалғанша шайқасқан еді. Бүгінде мұраға қалғаносы құнарлы топырақтан еселі еңбектің, еліміздің агроөнеркәсіп саласы ғалымдарының ауқымды нәтижелерінің арқасында мол ырысқа кенеліп келеміз.

Сондай елімізге еңбегі сіңген, әлемге есімі белгілі дара ғалымдарымыздың бірі –ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, аграршы ғалым Мехлис Қасымұлы Сүлейменов биыл 85 жасқа толып отыр. Ол 60 жылдан астам уақыт бойы сала еңбеккерлері мен фермерлерге ауыл шаруашылығы жайлы баға жеткізгісіз бағыт-бағдар беріп келеді.

1939 жылы 1 наурызда Қарағанды қаласында партия қызметкерінің отбасында дүниеге келген ғалым Шымкент, Мәскеу, Семей, Ақтөбе қалаларындағы мектептер қабырғасында білім алды.1955 жылы Қазақ мемлекеттік ауылшаруашылығы  институтына түсіп, 1960 жылы ғалым-агроном дипломын алады. Өмірлік жары мен ұлы да ғылыми бағытты таңдады. Ғалымның ғылыми жолыАқтөбе ауыл шаруашылығы ғылыми-тәжірибе станциясында басталды. Бірақ ғалым ретінде негізгі қалыптасуы Ақмола облысының Шортанды ауданында, бұрынғы Бүкілодақтық астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында, қазіргі А.И.Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығында өтіп, сол жерде аспиранттан бастап, директорға дейін жол салды. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, одан докторы ғылыми дәрежесін қорғауға арналған «Солтүстік Қазақстандағы жаздық бидайдың егін жинау ерекшеліктері және қоректену алаңдарының теориясы», «Топырақты қорғау егіншілігінің негіздері» атты диссертациялар жазды. Академиялық талаптардың барлық сатыларынан сүрінбей өтіп, М.Сүлейменов өзі таңдаған ғылыми ізденіс саласында көпшілікке кеңінен танылды.

Ол көпжылдық зерттеулерді талдаудың негізіндеегіншілік ғылымында тұқым айналымы бойынша алқаптық тұқым айналымының теориясы мен тәжірибесінде жаңа бағыт әкелді. Бұл ғылыми қызметінің негізгі бағыттары: дәнді дақылдарды өсірудің қарқынды технологияларын әзірлеу және өндіріске енгізу,құрғақшылық жағдайында егіншілікті жүргізу негіздері, топырақты өңдеу, егіншілік саласын қарқындату, топырақ құнарлылығын арттыру, топырақты жел эрозиясынан қорғау жөніндегі іс-шараларды жетілдіру, қарқынды технология бойынша дәнді дақылдарды ғылыми негізде өңдеу, ауыспалы егістерді зерттеу әдістемесі, ғылыми зерттеулерді алдын ала дамыту және тағысол сияқты түбегейлі ізденістер.

Негізгі ғылыми жұмыстары – «Жаздық бидайдың агротехникасы», «Топырақты қорғау егіншілігінің негіздері». М.Сүлейменовегістік танаптарда қар тоқтатып, минералдық және органикалық тыңайтқыштарды, сонымен бірге,өсімдікті қорғау құралдарын кең қолдана отырып, астық түсімділігін әрбір гектардан 25-30 центнерге, тіпті, одан да жоғары көтеруге болатынын іс жүзінде дәлелдеген ғалым. Республикада бұршақ тұқымдас дақылдардың егіс көлемін арттыру мәселелерін көтергені, соны жеріне жеткізе зерттегені тағы бар.

Қазақстанда тұтастай ғалымдардың мектебін қалыптастыра білді. Олар егіншіліктің жинақтаушы дәндік-тұқымдық жүйесін жетілдірумен табысты жұмыс істеп келеді. Атап айтқанда, астық, дәнді бұршақ, майлы және жемазықтық дақылдардың тұрақты түрде зор өндірісіне қол жеткізу үшін топырақтың құнарлылығын арттыру бойынша егіншілік жүйесінің басты міндетін орындады.

М.Сүлейменов қазіргі ғалымдардың ішінде егіншілікті дамытуда көшбасшы болып табылады. Ол егіншілік саласы бойынша көптеген халықаралық ғылыми форумдардың басшылық органдарына сайланған ТМД-дағы тұңғыш ғалым. Халықаралық өсімдік шаруашылығы конгресінің тұрақты комитет мүшесі, Астық жөніндегі Халықаралық конференцияның басшылық комитетінің, сарапшылық тобының, қуаң жерлердің болашағы жөніндегі Халықаралық конференцияның ғылыми кеңесінің, топырақты өңдеу жөніндегі Халықаралық зерттеулер ұйымының бюро мүшесі болғандығы осы сөзіміздің айқын дәледі.

Қазақстан, Ресей, Орталық Азия елдерінің арасынан 13 ғылым кандидатын дайындады. 220 ғылыми мақалалар, 426 ғылыми зерттеулер, баяндамалармен 12 кітап пен 7 монографияның авторы. Кейбір еңбектері шет тіліне аударылды. Ғылыми ынтымақтастық аясында 20-ға жуық шет елге барып, тәжірибе алмасып, бірнеше ірі ғылыми жұмысын таныстырды. Ақмола облыстықмемлекеттік архивінде Мехлис Сүлейменовтің жеке тектік қоры бар. Ғалымның 1978, 1986-1990 жылдар аралығындағы өз қолымен жазылған шығармашылық қызмет құжаттары, атап айтсақ, «Солтүстік Қазақстанда жаздық бидайдың егін жинау ерекшеліктері және қоректену алаңының теориясы» диссертациясы, «Жаздық бидайды өсірудің қарқынды технологиясы», «Топырақты қорғау егіншілігінің негіздері» монографиялармен есептер, мақалалар, баяндамалардың алғашқы жазба нұсқасы қорда сақтаулы  (АОМА. 1282 қор, 1 тізімдеме, 8 іс).

Ағылшын, неміс, француз тілін жетік меңгергенаса көрнекті ғалым АҚШ, Канада және Жапонияның жетекші университеттерінде дәріс оқыды. Көпжылдық тынымсыз еңбегінің нәтижесінде Қазақстан Республикасының беделді қоғам қайраткері, В.И.Ленин атындағы Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі, А.И.Бараев атындағы Қазақ астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры, Қазақ ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты, БҰҰ Қазақ жәрдемдесу қауымдастығы төрағасының орынбасары, топырақты өңдеу жөніндегі халықаралық зерттеушілер ұйымының мүшесі, Қазақстан Республикасы Бейбітшілік және рухани келісім саласындағы Президент сыйлығының тұңғыш лауреаты, екі мәрте Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты, кезінде ҚазКСР Коммунистік Партиясы Орталық Комитетінің мүшесі, Бүкілодақтық «Білім» қоғамы басқармасының мүшесі болды. Ол «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы», «Парасат» ордендерімен, «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін», тағы басқада көптеген медальдармен марапатталған. М.Сүлейменовтің халықтар достығын және халықаралық ынтымақтастықты нығайту ісінде атқарған еңбегі баршаға кеңінен мәлім.

Қазіргі таңда ғалым зейнеткерлік демалыста, Алматы қаласында тұрады. Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхановтың жер туралы ұстанымы бүгінгі күнде де өзектілігін жоймаған десек болады. Байырғы жерімізді өзіміз ғылым мен техникаға сүйеніп толық игеруіміз керектігін, маңдай термен тынымсыз еңбек етіп, мықтап елкәдесіне жаратуымыз қажеттігін айтқан ата-бабаларымыз арманын ақиқатқа айналдырып, зерделі зерттеумен айналысқан атақты ғалым Мехлис Қасымұлы Сүлейменов шынайы жер жанашыры, Алаш ұстанымын  берік  ұстанған тұлға.

Самал АЙДАРБЕКОВА,
Ақмола облыстық мемлекеттік архивінің
ақпараттық-ұйымдастыру бөлімінің архивисі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар