Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Әскер – шыңдалу мектебі - АРҚА АЖАРЫ

Әскер – шыңдалу мектебі

Тәуелсіз республикамыздың заңдылық құқықтарына байланысты 1992 жылы 7 мамыр Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасы Қарулы күштері күні деп белгіленді.

Содан бері 23 ақпан айы аталып өтпейтін болды. Әскер қатарында Кеңес Одағы кезінде болғандар оны өздерінше атап өтіп жатады. Тәуелсіздік алғаннан кейін халқымыздың батыр ұлы С.Қ.Нұрмағанбетов тұңғыш Қорғаныс министрі болды. Қазіргі кезде Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне жалпы мақсаттағы күштер, әуе қорғаныс күштері, мемлекеттік шекараны қорғау күштері және Ұлттық ұлан мен ішкі әскерлер кіреді екен. Өз кезегіне қарай, Қарулы Күштер түрлері құрлық әскерінің артиллериясы, құрлық әскерлерінің арнайы бөлімшелері мен бөлімдері, арнайы әскерлер, химиялық әскерлер, байланыс әскерлері, автомобильдік әскерлер, мобильдік күштер тобы, әуе қорғаныс күштері, радиотехникалық әскерлер, әскери әуе авиациясы, шекараны қорғау күштері, Ұлттық Ұлан, ішкі әскерлер болып кете береді. Тарихтың жүздеген жылдарынан бері мемлекеттердің әскер ұстауының екі әдісі бар. Олар – өз еркімен жалдамалы тәртіптегі және әскери міндет түріндегі әскерлер. Әскери және ғылыми-педагогикалық кадрлардың қажеттілігін ескере отырып, 1997 жылғы 11 ақпанда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қарулы күштердің әскери академиясы құрылды.

Қазақстан әлемдік қауымдастықтың әскери саласының тең құқықты мүшесі ретінде танылған. Қазақ әскерлері, басқа елдермен әскери жарыстарда жақсы көрсеткіштерге ие бола білуде. Осыған қарап еліміздің тағдыры сенімді қолда ма деген ойдамын. Рас «дедовщина» деген жаман әдет әскерде әлі күнге дейін бар. Тіпті, бірге жүріп-тұрғандар бір-бірімен тіл табыса алмай жарақат салып, кейде арты өліммен аяқталып жатады. Бақылау, тәртіп жағы дұрыс жолға қойылса, бұндай жағдай болмас еді. Бұл үйдегі тәрбиенің жетіспегенінің салдары ғой. Кейбір ата-аналар балаларының ыңғайымен кетіп қалады. Кейбіреулері жұмыс-жұмыс деп жүріп, балаға қарауға уақыты бола бермейді.

Бөлімдерді, құрамаларды жаңадан әскерге шақырылушылармен толықтырғанда, төменгі және орта буындағы офицерлерді тәжірибелілер қатарынан, тексерілген адамдардан, қазақ және орыс тілдерін білетін, жоғарыдағыдай жағдайларда кінәлілерді жазасыз жібермейтін, әскери тәртіптің бұзылуына жол бермейтіндерден тағайындаса екен дейміз ғой, әрине. Ал, әзірге әскерде бұл жағынан жауырды жаба тоқу басым, яғни, бір сарбаз әлгіндей әлімжеттіктен қаза таба қалса, кінәні өзіне жауып әлек. Бұлай болмайды ғой. Осыдан кейін қай ата-ана әскерге баласын жібергісі келеді?!.

Бүгінде әскери-саяси жағдай әлемдік, аумақтық, сонымен бірге, мемлекеттік деңгейде жеңіл емес, қиын түрде қалыптасып отыр. Әрбір әскери  қызметші осы болып жатқан жағдайлардың мәнін терең түсініп қана қоймай, сонымен бірге, ел тыныштығын қамтамасыз етуде өз орны мен жауапкершілігін барынша айқындай білуі тиіс.

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері болашақта кәсіби негізге көшпек. Яғни, онда білікті мамандар көп болады, соған қоса, жеке құраммен адамгершілік-патриоттық тәрбиенің маңызын бұрынғыдан да жоғары көтеруіміз керек. Өйткені, кәсіби маман бұл қару мен техниканы жетік меңгерген жан ғана емес, сонымен бірге, өзінің қызметінің маңызын, Отан алдындағы әскери парызының неден тұратынын жақсы түсінетін адам болуы тиіс. Әскер жастарды шыңдайды, Отанға деген сүйіспеншілікті арттырады. Адам көп нәрсені көріп, үйреніп келеді. Келешегіне жол ашады. Бұрынғыдай 2-3 жыл қызмет ету жоқ. Айналдырған бір жылдың қалай өтіп кеткенін білмей де  қаласың. Айнаға қарап, өзіңді танымай да қалуың мүмкін. Келгенде қандай едің, қазір қандайсың?! Өйткені, әскер адамды есейтеді, өзіңді ер-азамат ретінде сезіндіреді. Үкімет, тиісті ұйымдар соған күш  салуы керек.  Олай болмаса, кешегі Одақ кезінде жастардың бәрі әскер қатарына неге асықты дейсіз. Ол – сол мектептен өтуі керектігін түсінгендіктен, патриоттық тәрбиенің жоғары деңгейде болғандығынан. Қазір әскери міндетін атқарып келгендерге оқуға түсу мүмкіндігі қарастырылған. Әскери қызметті әрі қарай жалғастырамын деушілерге де арнайы оқу орындарына жол ашық. Кеңес Одағы кезінде екі інім сол жақтан үйленіп келді. Осы күні үлгілі отбасылар қатарында. Демек, бұл әскер кейде адамның тағдыры деген сөз. Сіздерге де осы жолда сәттілік тілеймін, болашақ сарбаздар!

Бақытқали БӘЛІЛҰЛЫ,
зейнеткер ұстаз.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар