Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көкшетаулық ісмер қолөнер бұйымдарын жасап, салт-дәстүрді дәріптеп келеді - АРҚА АЖАРЫ

Көкшетаулық ісмер қолөнер бұйымдарын жасап, салт-дәстүрді дәріптеп келеді

— Салт-дәстүрді берік ұстанған қолы епсекті, жаны ізгілікке құмар көкшетаулық апа Кенжебай Смағұлқызы оюмен ойын жеткізе білетін жандардың бірі деуге болады.

Туған жерінің тылсым табиғатымен сырласып, сайын даланың тау-тасын, қырат-дөңесін жатқа біліп өскен, сол бейнені шынайы таза қалпында жүрегінде сақтай білген кейіпкеріміз сонау 1943 жылы Моңғолияның Баян-өлгей аймағында дүниеге келген екен. 1992 жылы атажұрты Қазақстанға көшіп келіпті.

ісмер
Фото: Аслан Оспанов/Kazinform

«Мен Қазақстанға алғаш рет 1991 жылы Семейдегі Абай Құнанбаевтың музей-кешеніндегі киіз үйді жасау үшін іссапарымен келдім. Жеті қолөнер шебері келдік, сондағы ою-өрнегінің барлығын біз жасадық. Бірнеше киіз үй жасадық. Бес айдай жұмыс істеп қайттық. Артынша, бір жыл өткен соң атажұртқа бүкіл отбасымды алып келдім», — дейді Кенжебай апа.

Бастапқыда Ақмола облысының Целиноград ауданына қоныс аударған. Онда мектепте еңбек пәнінен сабақ берiп, жас жеткіншектерге ұлттық қолөнердің қыр-сырын үйреткен. 1998 жылы Көкшетау қаласына ат басын бұрады. Қазіргі таңда облыс орталығында ұлттық қолөнер бұйымдарын жасап, салт-дәстүрді дәріптеп келеді.

ісмер
Фото: Аслан Оспанов/Kazinform

Жасы 81-дегі Кенжебай апа он саусағынан өнер тамған қөлөнердің хас шебері. Ине мен жіпті жанына серік еткен апаның басқан киізі мен кілемдері, матаға қиып жасаған кестелі бұйымдары еріксіз көздің жауын алып, таңдай қақтырады.

«Қолөнермен жастайымнан айналысып келемін. Кесте тігу, сырмақ ою, ши орау, кілем тоқуды анамнан үйрендім», — дейді кейіпкеріміз.

Бүгінде Көкшетау қаласы мен Солтүстік Қазақстан облысының барлық музейінде Кенжебай апаның қолынан шыққан туындылар көп. Тәуелсіз ел тарихындағы маңызды оқиғалардың қай-қайсысына болмасын, қолөнеріммен өзіндік үлес қосып келеді. Дайын матаны сатып алып, ою-өрнегін жабыстыра салмайды. Қойды қырқып, жүн түту, ұршық иіріп, құрақ басудың бәрін бір өзі бастан-аяқ атқарып шығады.

«Осы уақытқа дейін неше түрлі кілем де тоқыдым, адамдардың портретін кілемге түсірдім. ҚР Тұңғыш Президентінен бастап, Абай, Абылай хан және Қаныш Сәтпаев сияқты тұлағаларымыздың бейнелері өрнектелген кілемдер тоқыдым. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы арнап біраз дүниелер жасадым. Биыл Көкшетау қаласының іргесі қаланғанына 200 жыл толады. Осы датаға байланысты ши тоқыдым», — деп қосты шебер.

Хас шебер осы күні қол қуысырып отырған жоқ, түрлі қоғамдық iс-шараға белсенді қатысып, жастарға өнерін насихаттап, үйретумен және сонымен қатар қайырымдылықпен айналысып жүр. Тіпті, қазірдің өзінде айына екі рет Астанаға барып, сондағы үйірме орталығында жастарға қолөнердің қыр-сырын үйретіп, тәжірибесімен бөліседі.

Оның қолөнерге қосқан үлесі де ескерусіз қалып отырған жоқ. Ол Түркістанда өткен халықаралық қолөнершілер көрмесiне қатысып, III орынға ие болды. ҚР Тәуелсiздiгiнiң 10 жылдық мерейтойына орай Алматы қаласында өткен iс-шарада II орынды жеңіп алды. 2017 жылы бүкіл әлем елдерінің назарын аударған «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесiндегi Ақмола облысы мәдениеті күндерi аясында «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешенінде өткен сәндiк-қолданбалы өнер шеберлерiнiң көрмесiне, сондай-ақ, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына, Наурыз мейрамы тәрізді мемлекеттік мерекелерге байланысты жиі өтіп тұратын көрмелерге белсене қатысады.

Сонымен бірге, Кенжебай апа алты баланы дүниеге әкелген «Күміс алқа» иегері, немере, шөбере сүйіп отыр. Он саусағынан өнер тамған ісмердің кенше қызы Зейнеп анасының жолын қуып, қолөнер бұйымдарын жасаумен айналысады. Немерелерінің арасында да әжесінің ізін жалғап жүргендері бар.

Дереккөз: kaz.inform.kz

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар