Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Нұр себеле, Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз!» - АРҚА АЖАРЫ

«Нұр себеле, Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз!»

Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасына қарасты мекемелер арасында биылғы Наурыз мерекесі жылдағы дәстүр бойынша «Түркістан» мейрамханасында өз деңгейінде аталып өтті.

Наурызнаманы мерекелеуге, Біржан салдың туғанына 190 жыл, Сәкен Сейфуллиннің туғанына 130 жыл және Көкен Шәкеевтің туғанына 100 жыл толуларына арналған «Нұр себеле, Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз!»  атты байқауын өткізу  тұжырымдамасы жасалды.

Бұл байқауға жоғарыда айтқанымыздай, Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасы, облыстық қоғамдық даму орталығы»қ, облыстық жастар ресурстық орталығы, облыстық оқу-әдістемелік орталығы және «Ақмола — «Тіршілік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қатысты.

Негізінен, Наурыз мерекесін атап өту идеясын алғаш облыстық ішкі саясат басқармасы қолға алып, келесі жылы, яғни, былтыр бұл шараны жазушы-драматург, мемлекет қайраткері Жабал Ерғалиұлы Ерғалиев басшылық ететін,  құрамына екі облыстық газет пен өңірлік коммуникациялар қызметі ұжымдары кіретін «Ақмола — «Тіршілік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұйымдастырған болатын.

Енді міне, сол эстафетаны биылғы жылы Ермек Бекенұлы Нұғыманов басшылық ететін Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясының Қоғамдық келісім мекемесі жалғастырып отыр. Олар өздері байқауға қатыспай, ұйымдастыру жұмысына атсалысты.

Іс-шараның мақсаты – Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының ведомстволық бағыныстағы мекемелерінің әріптестері арасында қазақ халқының салт-дәстүрлерін насихаттауұлттық бірегейлікті сақтау болып табылады.

Сән-салтанатымен басталған мерекелік кештің ашылу салтанатында  Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Алин, Жабал Ерғалиев, эстафетаны жалғастырушы Ақмола Ассамблеясы Қоғамдық келісім мекемесінің басшысы Ермек Нұғыманов құттықтау сөз сөйлеп, байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі. Одан әрі Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесіне орай, бірқатар қызметкерлерге Алғыс хаттар мен гүл шоқтары табыс етілді.

Сол кеште «Түркістан» мейрамханасының кең залы күмбірлеген күймен, әсем әнмен тербеліп тұрды. Үстелдер қазақтың ежелден келе жатқан дәстүрлі тағамдарына толып, барлық ұжымдардың қызметкерлері көздің жауын алатын қазақтың ұлттық киімімен кеш көркін ажарландыра түсті.

Арнайы құрылған қазылар алқасы әр мекемеден ұсынылған «Ұлттық дастархан» мәзірін бағалап, Наурызкөже, мүше-мүшесімен салынған ет пен сары бауырсақ, қымыз, тіпті, «Ақмола-«Тіршілік» серіктестігінің қарынға салынған сары майынан дәм татып, таң-тамаша болды.

Бұдан кейін әр ұжым байқау шартына сәйкес Біржан сал, дауылпаз Сәкен және ақтаңгер айтыс ақыны Көкен Шәкейұлының мерейлі даталарына арналған қойылымдарын  көрсетті. Ол қойылымдар әсем ән-жырмен өрнектеліп отырды. Одан әрі кеш қызығы әр мекеменің «Этноfashion» ұлттық киімдер көрсетілімімен жалғасты. Онда қазақтың ұлттық киімдері, оның ішінде жас жеткіншектерден бастап, ерлер мен әйелдер, ата-әже, бозбала мен бойжеткен, күйеу мен қалыңдық киімдері көрініс тапты.

Сонымен қатар, ұлттық стильдегі әшекейлер коллекция атауымен көрсетілді. Барлық қатысушылардың дефилесі музыкалық сүйемелдеумен, костюм тарихы, сахналық қойылым және тағы басқалары рет-ретімен баяндалды.

Сонымен, тағылымы мол, әсерлі де мағыналы кештің соңында қазылар алқасының шешімімен, облыстық оқу-әдістемелік орталығы мен облыстық жастар ресурстық орталығы байқауға қатысқаны үшін ынталандыру сыйлығына, ал,облыстық «Қоғамдық даму орталығы» 3-ші орыналып, Алғыс хат пен 50 мың теңгенің сертификатына ие болды, 2-ші орынды Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасы жеңіп алып, 80 мың теңге сертификат пен Алғыс хатқа қол жеткізді.

Ал, байқауға қатысушылар арасында озық көрінген «Ақмола- «Тіршілік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүлделі бірінші орынды жеңіп алып, 100 мың теңге ақшалай сыйлықпен және Алғыс хатпен марапатталды.

Осылайша сәні мен салтанаты келіскен ұжымдар арасындағы «Нұр себеле, Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз!»  атты байқауы өз мәресіне жетті. Келесі жылғы Наурыз мерекесін өткізу эстафетасы облыстық ішкі саясат басқармасының ұжымына берілді.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар