Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Сандықтауда әлі қар жатыр. Тас-түйін дайын болу керек! - АРҚА АЖАРЫ

Сандықтауда әлі қар жатыр. Тас-түйін дайын болу керек!

Аймақ басшысы Марат Ахметжанов көктемгі су тасқынына дайындық мәселесі жөнінде Сандықтау ауданына іссапармен барып, ондағы барлық қызметтердің төтенше жағдайдың алдын алу бойынша жүргізіп жатқан жұмыстарын пысықтады.

– Сәуір айының басында Жабай өзенінде мұздардың ағыны орын алып, даладан келетін қар суларының жиналуы ықтимал. Мұндай тасқын суды тойтаруға аудан толығымен дайын. Көпірлер мен ауданның барлық су өткізу құрылғылары тазартылды. Сондай-ақ, елді мекендерде еріген суды сору үшін 10 мотопомпа дайын тұр, – деді төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Ерлан Молдаханов облыс әкіміне.

Аудан әкімдігінің жауапты қызметкерлерінің айтуынша, қыс түскеннен бергі осы уақытқа дейін ауданның елді мекендерінен 126 мың текше метрден астам қар шығарылған, 18,5 шақырымды құрайтын су бұру каналдары жабдықталып, 5,1 шақырымдық арналар мен арықтар тазартылған, 19 тонна дизель отыны және 2,5 тонна бензин қоры дайындалып, 356 тонна инертті материал, 3 мың дана қапшық әзірленген. Аудандық маңызы бар автожолдарда 42 су өткізу құрылғысы тазартылып, 1 жүзу құралы мен қарда жүретін көлік сатып алыныпты. Сонымен бірге, медициналық мекемелер барлық қажетті дәрі-дәрмектер қорын жинап алған, жүкті әйелдер мен ауыр науқастар аудандық ауруханаға жеткізілуде. Бұған қоса, су басу қаупі жоғары ауылдарға бір жарым айға жететін азық-түлік пен қажетті заттар тасымалдануда. Сандықтау, Балкашино, Спасскжәне Каменка ауылдарында өзен арналары тазаланыпты. Су тасқынына қарсы іс-шараларды өткізу үшін 115 адам және 51 инженерлік және арнайы техника дайындалып, су басуы мүмкін жерлерде халықты хабардар ету сұлбасы пысықталған.

– Жағдайды тәулік бойы бақылауда ұстау қажет. Еріктілерді де дайындап қойыңыздар, олар қиын жағдай туындай қалса, көмегін тигізері сөзсіз. Адамдар су басу қаупі төнген жағдайда қалай әрекет ету керектігін түсінуі үшін алдын алу шараларын да ұйымдастырған жөн, – деді облыс әкімі тиісті қызмет басшыларына тапсырма беру барысында.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
Вероника БУРДА.

 Суретті түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар