Ұлттық бірегейлік пен қоғамдық келісім

Бүгінгі өмірдің түрлі салаларында дағдарыстар алдыңғы орынға өзіндік бірегейлік мәселесін шығарып отыр. Бірегейлік тұлғаның қоршаған әлеуметтік ортамен қарым-қатынасынан, іс-әрекеті ерекшеліктерінен көрінетін өзіндік белгілерден құрылған тұлғалық «қойма». Бірегейлік өз негізінде нақты тұрақты тұлғалық тәртіптің бағыттылығына жағдай жасайтын, әртүрлі салалардағы нақтылыққа байланысты адамның қажеттіліктерінің, сезімдерінің, мүдделерінің, идеалдарының, мақсаттарының үстемдігін көрсетеді.

Ұлттық бірегейлік құрылымында ерекше орынды оның ментальдық бірлестігі алады, ұлттың рухани тәжирибесімен сусындайды. Философиялық құрылымдар белгілі бір ұлттың тәжірибесімен тығыз байланысты. Ұлттың рухани мұрасы қаншалықты бай болса, ол ұлттың даму барысында мобильді іс-әрекеті жемісті болып келеді.

Ұлттық бірегейлікті бағытталған мемлекеттік идеология, мемлекеттік саясат арқылы өзгертуге болады, оның жақсы қасиеттерін басып-жаншып, жаман қасиеттерін әшкерелеуге де болады (бұған қатысты кеңестік тарихымыздан көптеген мысалдар келтіруге болады) немесе керісінше, мемлекеттің стратегиялық мақсатына жетуі, салауатты мемлекеттік ұлттық идеяны қалыптастыру үшін ұлттық бірегейліктің жақсы жақтарын дәріптей отырып, жастарды жаңа сапалы рухта тәрбиелеуге де болады.

Қазіргі кезеңдегі Қазақстандағы мәдени ахуал ұлттық рухани бағдарларды, адамгершілік құндылықтарын, салт-дәстүрлерді, ойлау тәсілі мен тілді жаңғыртуды қажет етеді. Дамыған елдерден қалмай, еліміздің ұлттық білім жүйесін қалыптастыру керек. Ол халқымыз бен мемлекетіміздің мәдени тәуелсіздігін қамтамасыз етеді.

Қазақстан секілді көпұлтты мемлекетте ұлтаралық келісімді нығайту жүргізіліп жатқан реформалардың жемісті болуы мен тұрақты дамуының ең басты шарттарының бірі екені анық.

Қазақстанның Конституциясы бойынша ешбір ұлттың, діннің өкілі өзін бұл мемлекетте шектеулі сезінбеуіне толық жағдай жасалды. Оған Қазақстан Конституциясының 14-бабында «тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе өзге де жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды» деп жазылуы толық негіз болды. Ата заңымыздың 39-бабында «ұлтаралық татулықты бұзатын кез келген әрекет конституциялық емес деп танылады» деп ұлтаралық татулық мәселесінің маңыздылығы тағы да айшықтай көрсетілді.

Осының арқасында елімізде барлық ұлттар мен ұлыстардың мәдениеті жалпыұлттық байлық ретінде қарастырылды. Күллі ұлт өкілдеріне Ата заңымыз арқылы өздерінің этномәдени байлықтарын сақтап, дамытуға мүмкіндіктер берілді.

Елдің ұлттық саясатының басты қағидаларының бірі ұлттар арасындағы түсіністіктің кілтін табу, қоғамдық тұрақтылықты ұлттық мәселелерді әділ шешудің негізі етіп алу, барша халықты ортақ құндылық — елдің тәуелсіздігін нығайту жолында біріктіру секілді мәселелер болып табылады.

Мемлекетіміздің стратегиясының ең басым бағыттарының бірі ретінде ішкі саяси тұрақтылық пен барлық ұлттардың тең құқылығын қамтамасыз етудің нәтижесінде мүмкін болатын қоғамның бірлігі, сондай-ақ, түрлі діндердің арасындағы қатынастардың өзара сыйластығы мен бір-біріне түсіністікпен қарауы қарастырылды.

Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің кеңейтілген отырысында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев қатаң түрде қоғамдық тәртіпті, тұтастай алғанда, ішкі тұрақтылықты бұзу әрекеттерінің алдын алу керек екенін мәлімдеді. Президенттің сөзінше, жергілікті атқарушы органдардың бірінші кезектегі міндеттерінің бірі – әлеуметтік, криминалдық, тұрмыстық жанжалдардың алдын алу болуы керек. Барлық деңгейдегі әкімдіктер азаматтардың этникалық немесе тілдік негіздегі құқықтарының бұзылуына байланысты превентивтік және ақпараттық жұмыстар жүргізуі қажет екендігі де баса атап көрсетілді.

Ең бастысы – этнос өкілдерінің ауызбіршілігі мен татулығы. Этносаяси қақтығыстардың өрбуіне жол бермей, оның алдын алу, қақтығысты жағдайға жеткізбей, барлық мәселені бейбіт түрде шешу бүгінгі заман талабы болып табылады.

Меруерт ШУМАТОВА,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті
тарих, география және әлеуметтік-гуманитарлы пәндер кафедрасының лекторы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар