Әзірбайжанның астанасы Баку қаласында бокстан қазақстандық спортшылар да қатысқан «Ұлы Жібек жолы» халықаралық турнирі өз мәресіне жетті.
Турнир қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы жеті медальді, соның ішінде үш алтын, екі күміс және екі қола медальді қоржынына салды. Жалпы командалық есеп бойынша үшінші орынға табан тіреген Қазақстан бұл жолы да өзінің негізгі қарсыласы Өзбекстан құрамасын алға жіберіп алды. Бұл құраманың үлесінде бес алтын медаль бар.
Қазақстан құрамасының сапында осы турнирде өнер көрсеткен боксшылардың ішіндегі ең тәжірибелісі ақмолалық Теміртас Жүсіпов екендігін бөле-жара атауға болады. Жасы қырыққа тақап қалса да біздің жерлес боксшымыз әлі күнге 48 келіге дейін салмақ дәрежесінде рингте өзін мығым ұстап, небір қарсыластарына тегеуірінді қимыл танытумен келеді. Соған орай құрама сапында өз орнын ешкімге бермей, талай байрақты бәсекелердің алдыңғы легінен көрінуде.
Соның бір айғағы осы біз айтып отырған турнир десек, артық емес. Бұл жолы Белградта өткен 2021 жылғы Әлем чемпионатының жеңімпазы, сол жылғы әскерилер арасындағы әлем чемпионы, екі дүркін Азия біріншілігінің жеңімпазы, Қазақстанның 8 дүркін чемпионы сияқты ең бір лайықты атақтардың иегері атанған, оған қоса, бүкілдүниежүзілік әскери ойындарда алтыннан алқа таққан жерлесіміз шаршы алаңда үш кездесу өткізіп, оның үшеуінде де жасындай жарқылдап, өзінің әлі спорттық бабында екендігін шалт қимыл, жоғары шеберлігімен тағы бір көрсете білді. Өкінішке орай, ең соңғы ақтық сайыста, яғни, финалда әзербайжандық Хасан Маликовпен өткізген кездесуі де біздің боксшының пайдасына шешілетіндей жөні бар болғанымен, төрешілер алма-кезек дауыспен жеңісті алаң иесіне беріп қойды. Бұл осы жекпе-жекті тамашалаған жанкүйерлер арасында да түсінбестік туғызғанымен, мұндайда шаршы алаңдағы боксшылар қимылына баға беретін төрешілер арасында ұпай санын жарысты қабылдап отырған жаққа бұрып жіберетін әдет бұрыннан да жоқ емес, бар. Оны талай спорт сайыстарында өзіміз де көріп келеміз.
Сол себепті Бакудегі турнирде өзін жақсы қырынан танытқан Теміртасты бокс әлеміндегі осы бір кезекті табысымен де құттықтап қоюымызға әбден болады. Алдағы жекпе-жектерде де бабыңда болып, жеңіс тұғырынан көріне бер, бокс саңлағы!
«Арқа ажарының» өз ақпараты.