Адам атаулысының өмірге деген көзқарасы мен ұстанымы, тәлім-тәрбиесі мен тәртібі отбасында қалыптасады. Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясының жанындағы Аналар кеңесінің негізгі мақсаты – қоғамдағы келісімді нығайтып қана қоймай, осы отбасылық құндылықтарды, ұлттық дәстүрлерді насихаттап, ұрпақтар сабақтастығын нығайту.
Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесі – ассамблеяның заңды құрылымдарының бірі. Еліміз бойынша Аналар кеңестері құрылғанына биыл 10 жыл толмақшы. Алғашқыда бұл құрылым қоғамды елеңдеткен өзекті мәселелерге ерекше көңіл бөліп, әсіресе, қыз баланың тәрбиесіне ерекше мән берген еді. Сол кездері «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» жобасы қолға алынып, облыстың Аналар кеңесін ел анасы атанған марқұм Зере Қиықовадай зерделі әжелеріміз басқарып, өңірдің білім ордаларындағы жеткіншек қыздардың тәрбиесіне, әдебі мен әдетіне, қимыл-әрекеттеріне ерекше назар аударып, оларға ұлттық дәстүрлерді, ұлтымыздың қолөнері мен рухани-мәдени өнерін үйретуге бағытталған айтулы жұмыстар жүргізілген-ді. Тіпті, жоғары оқу орындарында «Айғаным», «Зере» тәрізді қыздар клубтары ашылып, қыздардың тәрбиесіне, мәдениетіне ерекше көңіл аударылған. Сол кездері мектеп оқушылары шаштарына шолпы тағып, ұлттық нақыштағы сырғаларға ден қойып, қазақы тәрбиенің тұнығына бойлаған-ды.
Сөйтіп, Аналар кеңесі біздің ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртып, жас ұрпаққа берілетін өзіндік мектепке айналып үлгерді. Содан елімізге коронавирус індеті келгеннен кейін бұл кеңестердің жұмысы тоқтап қалды. Қазіргі уақытта Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің тізгінін Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің гуманитарлық ғылымдар магистрі, көпбалалы ана Айнұр Жахина қолына алып, құрылымның алдына қойылған міндеттер бойынша жұмыстар жүргізуде.
Ақмола облысында бүгінге бір облыстық, 3 қалалық, 13 аудандық, 87 ауылдық Аналар кеңестері жұмыс істеуде. Сондай-ақ, Аналар кеңесінің 2022 жылдан бері іске асырып жатқан «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» тұжырымдамасы аясында Аналар кеңестерін облыстың әр мектебінде ашу көзделген. Былтырғы жыл қорытындысы бойынша олар аталмыш тұжырымдама шеңберінде 200-ге жуық іс-шара ұйымдастырыпты.
–Меніңше, облыстық Аналар кеңесін жасы егде тартқан, өмірден көрген-түйгені мол, өнегелі де зерделі, ұлтымыздың бар асыл құндылықтарын бойына сіңірген, салиқалы, данагөй әже басқаруы тиіс. Өкінішке орай, қазір үлкен аналарымыз, яғни, әжелеріміз мұндай жұмыстарға белсенділік таныта бермейді. Көбі кәсіпкер атанып, өз істерін дөңгелетуге тырысады. Және бір өкініштісі, ұлт тәрбиесіне көңіл бөлініп, ұлттық құндылықтар насихатталатын осындай қоғамдық бірлестіктерге шақырғанда көп адамдар «онда ақша төлене ме?» деп сұрайды. Жоқ, бұл жұмыстар тегін жүргізіледі. Сол себепті шығар белсенді аналарға көбі еріккендер деп айтып жатады. Аналар кеңесіне мүшелікке қосылатын аналар еріккеннен емес, ұлтымыздың болашағын ойлағандықтан, ұрпақ тәрбиесіне алаңдағандықтан, осындай қоғамдық жұмыстарға барамыз. Әйтпесе, біздің жеке кәсібіміз, өз үй шаруамыз да бар. Қазір еріккендер «гендер-пати» деген түсініксіз мерекелерді атап өтеді. Қазаққа жат нәрсені мереке қылғанша, өзіміздің әдемі салт-дәстүрлерімізді насихаттамаймыз ба? Ал, біздер сондай шетелдің қаңсығын мерекелегенше, өзіміздің «Құрсақ шашуды» өткізіп, оның не екенін қыз-келіншектерге түсіндіреміз. Жастарға жиналыстарда ұлттық салт-дәстүрлерімізді, ырым-тыйымдарымызды, қазақ мәдениетінің әдеп-ғұрыптарын насихаттаймыз, –деп бастап кетті сөзін облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Айнұр Құрманбайқызы.
Жалпы, Аналар кеңестерінің құрамына көп балалы, патронат аналар, мемлекеттік құрылымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың қызметкерлері, психологиялық-медициналық ұйымдардың, дағдарыс орталықтарының мамандары, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, әйелдердің қоғамдық ұйымдарының белсенділері, медиаторлар, жастар кіреді екен. Осы жерде менің тарапымнан: «дүниеге бала әкелген кез келген әйел Аналар кеңесіне мүшелікке өте ала ма? Мәселен, өмірде от басып, өмірге бала әкелген келіншектер де кеңестердің құрамына қосыла алатындай жағдай бар ма?» деген сұрақ туындап, кеңес төрайымынан осы жағын да анықтауды жөн көрдім.
–Иә, кез келген ана Аналар кеңесінің мүшесі бола алады. Неге десеңіздер, ол қыздарымыз от басып, дүниеге сәби әкелсе де, мына өмірдің сынағынан сынып кетпей, әрі қарай өмір сүруге талпынды ғой. Егер ол қиындыққа шыдамай, ішімдік ішіп, шылым шегіп, басқа да теріс қылықтарға бой алдырған болса, онда әңгіме басқа. Ал, егер баласын аяққа тұрғызып, өз ісімен, не болмаса белгілі бір қызметпен айналысып жүрсе, онда неге мүшелікке алмасқа?! Олар жас қыздарға өз бастарынан өткен оқиғаларын мысал ретінде айтып, жаман жолға түспеуге, қиындыққа мойымауға, ақыл-кеңестерін бере алады, –деді кеңес төрайымы.
2021 жылғы 21 қазанда Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасын ұйымдастыруды тапсырған болатын. Жобаның мақсаты – қоғамда әйел-ананың рөлін, отбасы құндылықтары мен отбасы институтының маңыздылығын, сондай-ақ, жастар мен болашақ ұрпақты рухани-адамгершілік пен патриоттық рухта тәрбиелеудегі ата-аналардың рөлін арттыру. Аталмыш жоба аясында Аналар кеңесінің биылға жоспарлаған жұмыстары сәтті басталған көрінеді. Жыл басы – қаңтарда отбасылық құндылықтарды дәріптеу мақсатында ата-аналарға арналған «Әкелер мен аналар» семинарын өткізіп, онда балаларды тәрбиелеудегі ұлттық дәстүрлер бойынша кеңестер беріліп, мектептерде аналар мен әкелер кеңестерін, қыздар мен ұлдар клубтарын ашу бойынша ұсыныстар жасалыпты. Ал, ақпан айында қырғыздардың «Манас» этномәдени орталығымен бірлесіп, «Ақ орамал» челленджін бастапты. Іс-шараға қыз-келіншектер шақырылып, әжелер оларға ақ орамалдың қасиеті мен киесін, құндылығын, ана болсын деген ниетпен жаңа түскен келінге ақ орамал тағылатынын түсіндіріп, орамалмен байланысты ұлттық дәстүрлерден сыр шертіпті.
Сонымен бірге, «Асыл аналар», «Іскер әйелдер», «Шанс», «Сенімен болашақ» қоғамдық бірлестіктерімен бірлесіп, Көкшетау қаласының Аналар үйіне барып, ондағы келіншектермен жұмыс істеп, балаларын «Қырқынан шығарып», «Тұсау кесу» рәсімдерін өткізіп береді екен. Жақында Бурабай ауданында «Қазақ тарихында есімі қалған аналар келбеті» атты аудандық Аналар кеңестерінің форумын өткізіпті.
– Былтыр біз «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» республикалық жобасы аясында облыстық форум өткіздік. Форумға республикалық Кеңестің төрайымы Нәзипа Шанаи, облыс әкімінің орынбасары, Ақмола ҚХА төрағасының орынбасары Алтынай Әміренова, көп балалы аналар мен іскер әйелдер, облыстың барлық аудандарынан келген аналар кеңестерінің өкілдері, депутаттар қатысты. Нәзипа Ыдырысқызы жұмысымызға жоғары бағасын берді. Қазір Ақмола облысының Аналар кеңесі республика бойынша алғашқы бестікте. Форум барысында балаларды тәрбиелеу және олардың денсаулығы мәселесі талқыланды. Онда «Ел Анасы» номинациясы бойынша Целиноград ауданының Аналар кеңесінің төрайымы Зәуре Қақабаева, ал, «Аялы алақан» номинациясы бойынша Қабылбаевтар отбасы марапатталды. Целиноград, Зеренді, Бурабай, Ерейментау аудандары мен Степногорск қаласында Аналар кеңестері жақсы жұмыс істеп жатыр, –дейді Айнұр Жахина.
Бүгінде Аналар кеңесі «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында өңірдің барлық мектептерінде Аналар, Әкелер кеңестерін, қыздар мен бозбалалар клубтарын ашу бағытындағы жұмысты қолға алыпты. Облыстық білім басқармасымен осы мақсатта Меморандум жасасып, аталған іске белсене кіріскен екен.
–Барлық мектептерде Аналар кеңестері ашылуда. Бұл кеңестер мектепте мұғалім мен оқушының арасында көпір тәрізді, –дейді Айнұр Құрманбайқызы. –Мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларының жұмысы өте көп. Қазір мектептерде аптасына бір рет болсын, бұрынғыдай сынып сағаттары өткізілмейді. Сол себепті жұмысты жеңілдету үшін Аналар кеңестері жұмыс істеуі тиіс. Мектептерде Әкелер кеңестерін де құрудағы себеп, қазір қоғамда жалғыз басты аналар өте көп. Ер баланы тәрбиелеуде әкенің рөлі өте зор. Балаға ананың ғана емес, әкенің де мейірім-шапағаты қажет. Сол кеңестерде ер балалар анасына қоя алмайтын сұрақтарын қойып, олармен ақылдасып, кеңесе алады. Бұл ретте, облыстық Әкелер одағымен тығыз жұмыс жасаймыз. Аналар кеңесінің «Әжелер» клубтары да бар. Олар балабақшаларға «Әжемнің ертегісі» жобасымен шығып, әжелер тәрбиесінің маңызын насихаттайды. Біздің ұрпақтарымыз аналары мен әжелерінің тәрбиесін бірдей алулары керек. Ата мен әженің қолында өскен ұрпақ ақылды, тәрбиелі болып өседі ғой.
Облыстық Аналар кеңесінің төрайымы да, оның орынбасары Анаргүл Қайыржанқызы да көп балалы аналар қатарынан. Сондықтан, қоғамдағы ана мен балаға қатысты мәселелерге олар бейжай қарап отыра алмайтындықтарын алға тартады.
–Қандай жағдай болсын, балаларға жанымыз ашып тұрады. Сондықтан, мектептерде өтетін Аналар кеңестері мен қыздар клубтарының жиналыстарына өзіміз барамыз. Облыстық әйелдер Альянсымен бірлесіп, «Ұйықтап қалған мектеп» жобасын ұйымдастырдық. Онда мектептердегі әр баланың қоғамдық өмірге ат салысуына мүмкіндік туғыздық. «Қанатты баспалдақ» жобасы арқылы мектептің баспалдақтарына қанатты сөздер жазып, балалардың одан ой түюін, ойланып, тәрбиеленуін қарастырдық. Қазір қоғам еуропалықтарға еліктеп кеткен. Мектептерде ұл-қыздарымыз қомпитып бір түрлі киімдер киіп алады. Қыздармен жұмыс істегенде еуропалықтардың алба-жұлба киіміне қызыға бермей, аптасына 1-2 күн ұлттық киімдерді киіп, оларды өз орталарыңда дәріптеуді, шашбау мен шолпы, ұлттық нақыштағы сырғаларды тағуды, олардың шығу тарихына үңілуді үйретеміз. Сол арқылы ұлттық құндылықтарымызды, қыз баланың әдебі мен мәдениетін, ертеңгі болашақ ана екенін түсіндіреміз.
Сонымен бірге, Аналар кеңесі биылға «Әжелер тәрбиесі – ұлылықтың дәні» жобасы бойынша да бірқатар жоспарлар құрыпты. Оның ішінде көшпелі іс-шаралар да қамтылған екен. «Ананың әні» жобасы бойынша өзге ұлт өкілдері қазақ тілінде ана туралы ән айтып жарысады. Ал, «Жасыл сертификат» жобасына келсек, дәріханалармен есірткісіз болашақ бағытында жұмыс белгіленіпті. «Бір өкініштісі, қазір Қазақстан есірткі бойынша әлемде 10-шы орында тұр. Дәріханалардың көбі бизнес құрылымдары болғандықтан, бізді маңдарына да жолатқылары келмейді» деп ашынады кеңес төрайымы.
–Алдағы уақытта «Бұрымды қыз» облыстық байқауын ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Онда қыздарымыз шаштың күтіміне, шаш өсіруге байланысты бақ сынайды. Сол тәрізді тіл мәдениетін дамыту, қазақ дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын дәріптеу мақсатында «Батагөй» челенджін өткіземіз. Отбасы құндылықтарын насихаттау бағытында байқаулар ұйымдастырып, 25 жыл отасқан жанұяларға «Күміс кереге», 50 жыл отасқан ата-әжелерімізге «Алтын шаңырақ» номинацияларын табыстаймыз, –деді кеңес төрайымы.
Аналар кеңестері әскери комиссариатпен де тығыз жұмыс істейді. Комиссия мүшесі ретінде әскерге шақырылған бозбалалардың отбасылық жағдайына байланысты сөйлесіп, ана ретінде олардың ішкі жан-дүниесін ұғынуға тырысады. Әскери бөлімде қызметтік борыштарын өткеріп жүрген сарбаздармен де кездесулер ұйымдастырып, оларға аналық мейірім мен жылылық сыйлайды. Қоғамда ешкімді ана мейірімінен тыс қалдырмауға тырысады.
–Қандай жағдай болсын, барлығы отбасындағы тәрбиеден басталады. Қазақы тәрбиемен қалыптасқан отбасында отағасы үстел басына келмей, ешкім ас ішуді бастамайды. Әкенің қадірін біледі, оны сыйлайды, ананың мейірім шапағатына бөленеді. Әкенің бір көзқарасының өзі неге тұрады десеңізші. Ата-аналардың өздері отбасында ұлттық құндылықтарды насихаттап, ұрпағына салт-дәстүрлерін, ұлт мәдениетін көрсеткен жағдайда ғана біздің елімізде тәрбиелі ұрпақ қалыптасады. Аналар кеңестерінің жұмыстары жеңілдейді. Біздің басты мақсатымыз – ұлттық құндылықтарды жастарға жеткізу, қазақы салтымызды ұмытқызбау, – деді Айнұр Жахина сөз соңында.
Әрине, біз де бұл пікірге толық қосыламыз әрі өз отбасындағы жеткіншектерінің тәлім-тәрбиесі де көп уақыт алатындығына қарамастан, Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясының жанындағы Аналар кеңесінің тізгінін ұстап, ұлтымызға қажет осыншама жұмыстар атқарып жүрген көп балалы ана Айнұр Жахина мен оның жақтастарына шын жүректен ризашылығымызды білдіреміз.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.