Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Елі алаң, жері сараң Еркіншілік - АРҚА АЖАРЫ

Елі алаң, жері сараң Еркіншілік

Қазіргі таңда әлемнің қай елі, қай жерінде болсын, басты мәселенің бірі  су тапшылығы болып кеткені шындық. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі бейжай қарап отырған жоқ.  Өткен жылғы Үкіметтің жалпы отырысында су, оның ішінде ауыз су мен ауыл шаруашылығы саласына байланысты суды үнемдеу қажеттігі туралы қадап айтқан болатын. Десе де ауыз судың бар мәселесін шешу бүгін-ертеңдер орындала қоятын дүниеге ұқсамайды.

Еліміз бойынша  Ақмола өңірі қыста қар, жазда жаңбыр көп түсетін аймақтардың қатарында. Демек ылғал мол. Сол мол ылғалдың қайда кететіні белгісіз, жаз ортасында-ақ кейбір өзендердің табаны тартылып, суы құрғап кетсе, құдықтардың түбінен ащы су шығып, халық әуреге түсіп жатады. Осы су тапшылығы арқаларына аяздай батып отырған ауылдардың бірі Ерейментау ауданына қарасты Еркіншілік ауылы.

Ауыл халқын қазір ауыз су мәселесі амалсыз алаңдатып отыр.  Иә, өткен күзде ауылдың халқы ауыз судан тарығып, алыстан су тасып ішуге мәжбүр болған-ды. Енді қазір ептеп құбырларға су келген көрінеді. Бірақ, құбырға келіп тұрған тұщы су бірде ащы, бірде кермек болып кететін көрінеді. Кей күндері краннан су ақпай халық сағаттап судың келуін күтіп қалады екен.

Сол 2023-тің жазында пойызбен ауылға су тасып ішіп отыр дегенді естігенде еріксіз таң қалғанмын. Естігенім өтірік емес, шын екен. Халық жазда көрші ауылдардан су тасып ішіп, күнелткен көрінеді.

Ауылда отырып, Астанадан су тасып ішкен халықтың халі еріксіз есеңгіретті білем. Содан бері арада аттай 6 ай өтті. Айлар жылжып өткен сайын ауыл халқы су болмай қалу қаупінен сақтанатын сыңайлы. Осы Еркіншілік ауылына 1998 жылдың шамасында тұщы су келіп, халық содан бергі уақытта судың қызығын молынан көрген. Ауылдың шығыс бетіндегі Ақбастаудың көзіне сорғы қойып, сол сорғының күшімен су жеткен ауылға сол кездегі атқамінерлер «енді  50 жыл су тапшылығын көрмейсіздер» деп кепілдік берген де болатын.  50 жыл емес, айналасы 10 жылдан енді асқанда судың тартылып кетуі қалай?  Бұл да бір өз кезегінде түбіне дейін зерделеп, ескі құжаттарды қопарып тұрып зерттеуді талап ететін дүниеге ұқсайды.

Еркіншілік халқы неге қобалжулы?..

Жә, хош, сонымен Еркіншілік халқы неге қобалжып отыр? Осыған  ойыссақ.  Сұрауы көп болып тұрған судың мәселесін білмекке ауылдың бүгінгі әкімі Жанпейісов Марат Болатұлына хабарласқанбыз. «Қазір Еркіншілік ауылында су жеткілікті. Судан тапшылық көріп отырған ел жоқ. Алдағы уақытта қосымша ұңғыма қазылатын болады. Осыдан бірнеше ай бұрын ауыл халқының өтінішімен қосымша сорғы қойылды. Су бар, халықтың алаңдауына негіз жоқ»,– деген болатын басшы.

Десе де әкімнің қысқа қайырған жауабына қанағаттанбай,  ауыл халқының сеніміне ие болып,  аудандық маслихатқа депутат болып сайланған Айдос Депутатұлына хабарластық. Мәслихат депутатының сендіруінше, халықтың алаңдап отырғаны рас екен. «Қазір ауылымызда 3500 тұрғын бар. Дегенмен ауыл халқы жыл өткен сайын азайған үстіне азайып жатыр. Бірінші мәселе – жұмыссыздық. Ауылда жастар мүлдем жоқ десем де болады. Ауылда жұмыс беруші мекемелердің саны саусақпен санарлық. Олардың қатарында мектеп, теміржол станциясы, балабақша, әкімшілік пен шағын амбулаторлық емхана. Сондықтан, ауыл халқы алаңдаулы десем болады»,– дейді, Айдос Мырзат.

–Ауыл халқының судан тапшылық көріп отырғаны рас па?,–деген сауалды көлденең тартқанымызда, ауыз судың да айтар жыры мол екенін сөз етті.

–Ауылда су болмай қалып, халықтың сергелдеңге түскені рас. Өткен жазда аудан әкімі демеушілер тауып, екі жерден ұңғыма қазды. Екеуінен де ішуге жарамсыз болып шыққан су елдің еңсесін түсірген. Бірақ, қысқа салым тағы бір ұңғыманы бұрғылаған мердігерлер тұщы судың көзін тапқан. Десе де ол жердегі су мөлшері жеткіліксіз болып отыр. Бұл енді уақытша ғана екені шындық. Енді жаз келе аудан әкімдігі басқа жерден мөлдір судың көзін таппақшы. Болмаса Еңбек ауылындағы ауыз судан ауылымызға құбыр тарту ісін қолға алмақшы. Дегенмен, бұл жобаның іске асатынына ел күмәнмен қарап отыр. Аудан әкімдігі уәдесінде тұрса, әрине, халық қуанар еді,– дейді Айдос Мырзат.

Жасыратыны жоқ, кезінде осы Еркіншілік ауылы Павловка деп аталған болатын. Ауыл халқының саны да әжептәуір болған көрінеді. Шамамен 10 мыңға жуық халқы бар ауылдың гүлденген шағы Еңбек Ері Риммердің басшылық жасаған уақыты деседі ауылдың байырғы тұрғындары. Ол уақытта 2 бірдей автобазасы, кірпіш шығаратын зауыты, 10 мыңнан астам сауын сиыры, 2 мың жылқы мен түйесі болған бай совхоз-тұғын.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ осынау байлық түгесіліп, ел жан-жаққа бытырап көшкен. Алды Германия асса, соңы Ресейге жеткен. Қаңырап бос қалған үйлерді арзан бағамен сатып алған қазақ ағайын айналасы екі жылда жұмыссыз қалып еді. Ең қуанарлығы, ешқашан қазақша сыныбы болмаған ауылда бірден қазақша мектеп ашылған-ды. Ауыл халқы қолға мал ұстап, оны өсіріп отырған. Ауылда ендігі арада не малға, не жанға ішер су табылмаса, халық көшпей қайтпек?

Еркіншіліктегілер қарап отырған қара судан тарықса, ел үдере көшіп кетпесіне кім кепіл? Өзі де «шыда жаным, шыдамен» отырған қарашаның іргесі бір сөгілсе, оны тоқтату мүмкін емес екенін талай рет көрдік.

«Ауыз судан денемізге бөртпе қаптап кетті» дейді ауыл тұрғыны әрі Еркіншіліктің белсендісі, жергілікті қоғамдастық мүшесі Мұхамбет Болатұлы. «Судың да сұрауы бар»,–деген сөздің мағынасын әбден ұқтық. Адамдар ауылдан шалғайдағы бұлақ көзінен су тасып ішті. Көлігі барлар әкелді, көлігі жоқ халық амалсыз осы тұзды суды талғажау етті.  Кешегі көзге түрткісіз боранда сол бұлақтан су алуға кеткен бір азаматымыз адасып кеткен. Араға жарым күн салып ТЖҚ-нің арқасында табылды. Су іздеп жүріп, өмірін қатерге тікті деген осы. Әрине, дәл қазір ауылда су бар. Бірақ, кейде кермек дәм шығып кететінін жасырмаймын. Қазған жерден ащы су шықты. Оны халыққа тазартып береміз деп 55 миллион теңгеге сүзгі әкеліп қойды. Бірақ, ол сүзгі сол бойы қосылмады. Әкімдікке су мәселесін айтып барсаң, бетін жылы жауып, жаз айының келгенін күтіп отырғанын сылтау қылып шығарып салады»,– дейді ауыл белсендісі Мұхамбет.

Мал бағатын жері жоқ

Судан тарыққан халық көктем шыға мал бағатын жер таппай, тағы да сарсаңға түсетін түрі бар.  Осылайша елдің үдере көшуінің алдын алу мүмкін болмай қалатынына алаңдап отыр ауыл белсенділері.

«Кезінде ауыл халқы мыңғыртып мал өсірді. Қазір сол малды бағатын жер жоқ. Ауыл маңындағы шұрайлы жер түгелдей өзгенің иелігіне өтіп кеткен. Ауыл маңында жер болмаған соң атқамінерлер 50-60 шақырым жердегі алқапты нұсқаған. Халық 50-60 шақырым шалғайдағы алқапқа барып, мал бағуға құлықсыз. Себебі, мал күн көріс қамы болғандықтан  алыстағы малға күнде барып, еті мен сүтін тасу және оны Астанаға апару мүмкін болмай қалған екен. Жақындағы малды күнделікті пұл ету жеңіл екені белгілі. Халық болса да  жұмыссыз. Малға қарап отырған қарашаның халі мүшкіл»,–дегенді тағы айтты ауылдың қоғамдастық мүшесі.

–Негізінде, Еркіншілік ауылының маңында 12 мың гектар алқап болған. Бұл жер телімдері ауыл азаматтары құрған  «Алиби» шаруа қожалығына тиесілі еді. Қожалық банкрот деп танылған соң тиесілі жер телімдері заң жүзінде аукцион арқылы сатылымға шығарылып, нәтижесінде түрлі шаруашылықтардың иелігіне бөлінген. Сондықтан, ауыл маңында шынымен, жер жоқ. Басында ел ағалары алдымен ауыл халқының мәселесін шешіп алмай тұрып, жерді өзгенің иелігіне беріп жібергендері үлкен қателік болған»,–дейді облыстық мәслихат депутаты Бекім Серікұлы.

Көшесінде жарығы, су ағатын арығы жоқ

Қазір осы Еркіншіліктің барлық 24 көшесінің тек 8-іне ғана жол салу туралы шешім шығарылған екен. Барлығы 22 шақырым болатын көше жолдарының тек 4-5 шақырымына жол түскенмен, қалған көшелердің ойлы шұңқырын жамайтын топырақты да тасып әкелуге ауыл әкімдігінде қаражат қарастырылмайтын көрінеді. Әупірімдеп күн көріп отырған ауыл жұртында арман көп. Ауыл халқының арманын тыңдасаң «аһ» ұрасың. Жолдан басталып, мәдениет ошағының болуымен бітеді.

–Осыдан 3-4 жыл бұрын ауылдағы алып Еркіншілік элеваторында темір жонушы болып жұмыс істедім. Қазір элеватордың есігіне қара құлып ілінген. Бәріміз бос қалдық. Енді міне, жекеменшік балабақшаға күзетші болып жүрмін. Айлығым 50 мың теңге.  Қазір жастар ауылға тоқтамайды дейміз. Қайдан тоқтасын, ауылда не жұмыс, не жастарға арналған мәдени ошақ жоқ. Мектептің өзінде жылдан-жылға бала саны азаю үстінде. Осыдан он жыл бұрын 1500 бала оқыған мектеп бос қалу қаупінде. Себебі, қазір сол мектепте 600-ге жетпейтін оқушы бар деп естимін. Жастар түгел қалаға қашса, мектепте бала да қалмайды. Ал, бала болмаса, ауылдың келешегі бұлыңғыр болмақ»,–дейді ауыл тұрғыны Орал Үмітханұлы.

Рас. Мектебі жабылса, ауылы қоса құрып кететіні біздің елдің  қағидасы болып қалғалы қашан.  Бір ғана мектепке қарап отырған ауылдардың білім ошағын жапқан күні ауылдың да тоз-тозының шыққанын көз көрген. Осы Ерейментау ауданының өзінде мектебінің есігіне қара құлып ілінген талай ауыл бүгін картадан да жойылған. Мысал керек болса тізіп шығуға болар. Жолбасшы, Веренка, Жаңатас, Қойтас, Новодоенка, Целинное, Өрнек … Айта берсең таусылмас.

Шойын жолдың жиегінде, шұрайлы жері бар, өндіріс орнын салуға аса қолайлы мұндай ауылдың іргесін құлатсақ, елдігімізге сын болмақшы.  Шынымен де ауыл белсенділері Еркіншіліктен 160 үйдің қаңырап бос тұрғанын санап шыққан. 160 үй дегеніміз орташа бір ауылдың түтіні. Екі жылдан бері бос қалып жатқан үйлердің кейбірінің терезесі сынып, шатырлары опырыла бастағанға ұқсайды. Демек ол үйлердің иелері біржола ауылға оралудан бас тартты деген сөз.

Сонымен, судан басталған ауылдың мәселесін білмек ниетпен аудан бойынша облыстық мәслихатқа депутат болып сайланған  Әкімов Бекім Серікұлына тағы хабарластық.

Оның айтуынша, қазіргі таңда біршама жұмыстар жүргізіліп жатыр. Су тапшылығы көктем шыға түбегейлі жойылады екен. Себебі, ауылдан 6 шақырым жерден тұщы судың мол қоры табылған. Сол мол қор үстінен ұңғыма тасталып,  ауыл халқы пайдаланып отырған қазіргі құбыр желісіне қосу көзделген.

Судан тапшылық болмасын білген соң ауылдың өзге мәселесіне ауыстық.

–Еркіншілік ауылына осы 2024 жылы «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы жобасына енгізіліп, мол қаражат тартылмақ. Ауылдың негізгі 8 көшесіне орта деңгейдегі жол салынып, көшелер жарықтандырылады. Одан бөлек қазірдің өзінде мәдениет үйінде күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Алдағы қыркүйекте пайдалануға беріледі деп отырмыз. Өзге жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіле береді,–дейді облыстық мәслихат депутаты Бекім Серікұлы.

Ауыл халқы қайда кетіп жатыр?..

Ауыл халқы Астананы сағалап, қалаларды жағалап кетті. Ауылда ел не мал баға алмай, не шөп шаба алмай қалған. Қалаға келіп, нәпақа айырып тапқанының жарымын пәтерге төлеуде. Кезінді «Сыбаға» бағдарламасы арқылы кәсіп ашып, шағын несие алып, мал өсіреміз деген ниетте болған Еркіншіліктің 155 кәсіпкері бүгінде сол несиенің қарызын қалаға барып, жұмыс істеп қайтарып жатқан көрінеді. Банктен алған ақшаға мал алған жұрттың малынан аусыл шығып, бір жылда қырылып қалған. Көмек сұрап жоғары-төмен жүгірген жұртқа не ауданнан, не облыстан бір адам қарайласпаған. Қайтсін, банктен алған қызыл ақшаның қайтарымын құрылысқа барып жалданып қайтаруда халық. Не жері, не шөбі, не жемі болмаған елдің енді бірі шарасыздан малын сатып таяғын ұстап тағы да қалаға кетуге бел шешкен. Ауыл халқының арызын тыңдар құлақ та қалмағанға ұқсайды.

«Ауылдан кетем деп» отырған халықты қалай тоқтата аламын» деп шырылдаған жалғыз адам сол баяғы  облыстық мәслихат депутаты Бекім Серікұлы болып отыр. –Ауыл халқы астанаға барып жұмыс істеп жатыр. Ол енді күнкөріс қамы. Елдің жылы орындарын суытқысы келмейтінін білем. Шарасыз көшуге мәжбүр. Себебі, Астанаға барып-келетін жол әбден тозған. Пойызбен жүре беруге болар еді, тек уақыт сәйкеспейді. Осыны айтып, қараша халық облысқа хат жолдаған. Әупірімдеп жүріп, Астанаға қатынайтын автожолдың мәселесінің түйінін тарқатқандай болдық. Құжаттар дайын, қаражат та бөліну үстінде. Алғашқы 15 шақырым жолға 1 миллиард теңгеге жуық қаражат қарастырылып отыр. Ал, Аршалы ауданына қарасты аумаққа дейін тағы 13 шақырым жолдың құрылысын 2025 жылы бастау көзделуде. Егер осы жол салынып бітсе, елдің тынысы да кеңіп қалар еді. Көш те саябырлауы тиіс»,–дейді депутат.

Ауылдағы мәдениет ошағының мәнін айтқан халық қалаулысынан емхана мәселесін де сұрап білдік. Айтуынша, алдағы жылдары сол «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының аясында облыстың 9 ауылына жағдай жасалмақшы екен. Жоба аясында жаңадан емхана салу жұмысы да бар көрінеді.

Ұрымтал жерде тұрған аталмыш ауыл кезіндегідей жұмыс болса, гүлденері сөзсіз. Ауылда жұмыс болса, ел сандалып қала кезбесі сөзсіз. Осы мақсатта ауылға шағын болса да, өндіріс ошағын салу кезек күттірмейтін мәселе бүгінде. Ең бастысы, жұмыссыздық салдарын жою. Бұл мәселенің Мемлекет басшысының назарында екені де даусыз. Ұзынқұлақтан естігеніміз, 2025 жылы Ерейментау ауданының орталығына шет елдің инвесторлары 20 мың бас ірі қара малға бордақылау орталығын салмақ екен. Мұнша малды бағып-қағу үшін кемінде 300 адам жұмысқа тартылмақшы. Елдің уәжі, мұндай іргелі жобаны қалаға емес, ауылдың өзіне, айталық, Еркіншілікке әкеліп орнатса, ауыл азаматтары сол ауылдан ешқайда көшпей-ақ, қалыпты тіршілігін жасай бермекші.

Ауылды аман сақтау бүгінгі күннің басты мәселесі екені рас. Дегенмен, мүмкіндігі бар, әлі де болса халқының іргесі сөгілмей отырған Еркіншілік сияқты ауылдардың іргесін бекемдеу әрі өңірдің әрі мемлекеттің басты бағдарламасына айналуы керек деген ой түйдік.

Бердібек ҚАБАЙ.

Ерейментау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар