Пеші бар үйлер қауіп-қатердің де ошағы

Жыл сайын жылыту маусымында елімізде және біздің облыс аумағында тұрғын үй секторында өрттердің себебі пештерді және электрмен жылыту аспаптарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамаудан орын алады. Салдарынан адамдар улы газбен уланудан жарақат алады.

Мәселен, 2023-2024 жылдардағы жылыту кезеңінде облыс аумағында 291 өрт сөндірілген. Өрт жағдайлары кезінде құтқарушылардың күшімен жиырма үш адам құтқарылса, оның бесеуі бала болған. Барлығы он төрт адам қаза тапқан. Олардың төртеуі ішімдік ішкен. Және де 9 адам жарақат алған. Оның ішінде көміртегі газынан үш адам уланған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық төтенше жағдайлар демартаментінің мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Думан Дәлешов айтып берді.

Ағымдағы жылдың жылыту кезеңінде өрттердің негізгі себептері пештерді монтаждау және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу, электр жабдықтарын монтаждау және техникалық пайдалану ережелерін бұзу, электр жабдығына дұрыс қарамау жағдайларынан болған.

– Осы ретте, ағымдағы жылдың жылыту маусымында өрт сөндірушілер алғашқы кезеңде 30 қысқа тұйықталу және 23 қоқыс өртінің алдын алып, өрттің үлкен аумақтарға таралуына жол бермеді. Көбінесе бұл өрттердің салдарынан адамдар, соның ішінде кәмелетке толмаған балалар қайтыс болады. Осылайша, өткен жылы Атбасар ауданы, Сочинское ауылында жылыту пешін орнату кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу салдарынан үш адамнан тұратын тұтас бір отбасы қаза тапты. Осындай себеппен биыл, Бурабай ауданының орталығы Щучинск қаласында өрт салдарынан екі ересек адам қайтыс болды. Тұрмыстық өрттердің санын азайту мақсатында құтқарушылар жергілікті атқарушы органдардың, полиция қызметкерлерімен, еріктілермен бірлесіп, тұрғындар арасында белсенді профилактикалық жұмыстар жүргізуде, – дейді Думан Дәлешов.

2024 жылғы жылыту маусымында тұрғын үйлерге қосымша 1748 датчик орнатылып, жұмыстың оң нәтижелері көрінген. Таяуда өрт кезінде бес көмірқышқыл газының датчигі іске қосылып, жиырма бір адамның өмірін сақтап қалған. Қорытындылай келе, тұрғындар үшін өрттің алдын алудың маңызды шарты, өрт қауіпсіздігі ережелерін мүлтіксіз сақтау және орындау екенін есте шығармау керек.

–Ең алдымен, тұрғындарға жылыту пештері мен жабдықтарын жөндеп, мұржа мен пештің құрылымындағы жарықтарды, саңылауларды бітеп, содан кейін әктеуді ұсынамыз. Сондай-ақ, қолданыстағы ережелерге сәйкес, мұржаны күйеден тазалау кем дегенде үш айда бір рет жүргізілуі керек. Жылыту пештерін пайдаланған кезде пештердің жанына жиһаз және басқа да жанғыш заттарды қоюға, пештерді тұтандыру үшін тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтарды пайдалануға тыйым салынады, – дей келе, басқарма бастығы қауіпсіздік ережелеріне тоқталып өтті.

Сонымен бірге, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі өте маңызды мәселе, электр сымдарының, құрылғылар мен жабдықтардың жағдайы. Осыған байланысты электр сымдарын қалыпты жағдайға келтіру, қолдан жасалған электр жылыту құралдарын пайдалануға жол бермеу дұрыс болады. Ең бастысы, балаларға тұрмыстық жылыту құралдарын рұқсатсыз пайдалануға, сіріңкелерді олардың қолы жететін жерге қоюға және ешбір жағдайда кішкентай балаларды үлкендердің қарауынсыз үйде жалғыз қалдыруға болмайды. Осы қарапайым талаптардың барлығын сақтау сіздердің үйлеріңізді өрттен қорғауға зор септігін тигізеді.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар