Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті.
Жиынға тұрақты комиссия мүшелері, облыстық департаменттер мен басқармалардың басшылары, аудан-қала әкімдері, облыс әкімдігі аппаратының жауапты қызметкерлері, БАҚ өкілдері қатысты.Шара барысында мемлекеттік сатып алу бойынша бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалануды болдырмау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды іске асыру мәселелері қаралды. Аймақ басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, қоғамдағы сыбайлас жемқорлықты тиятын құндылықтар жүйесін сақтау және нығайту маңызды шаралардың бірі болып табылатынын тілге тиек етті.
Бүгінгі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында еліміздің барлық мемлекеттік аппараттарының алдында халықтың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын қамтамасыз ету міндеті тұр. Мұнда басты бағдар –Агенттік әзірлеген сыбайлас жемқорлыққа қарсы жол карталары. Біздің өңірдің картасына агроөнеркәсіптік кешен, жер қатынастары, экология, бизнес, жолдар, инфрақұрылым, апатты тозығы жеткен тұрғын үй, әлеуметтік сала, құрылыстың проблемалық объектілері қатарлы мәселелер кірген.
–Өткен жылы біз әлеуметтік маңызы бар салаларда сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне неғұрлым бейім 3 сыртқы талдау және 8 сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізіп, кемшіліктер бойынша 40-тан астам ұсынымдар енгіздік. Көптеген салаларда олқылықтар да анықталды, – деді өз кезегінде баяндама жасаған Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақмола облысы бойынша департаментінің бастығы Асхат Оразхан.
Сонымен бірге, білім беру саласында сыбайлас жемқорлықты болдырмау үшін білім беру ұйымдарында бірыңғай цифрлық есепке алу бойынша бюджеттік қаражаттың барлық үдерістерін жүйелі түрде қамтамасыз етуге арналған пилоттық жоба енгізілген. Онда ұйым басшысының «бет биометриясы» бойынша төлем құжаттарына қол қою мәселесі пысықталған. Бұл электронды цифрлы қолтаңбаны бухгалтерлерге беру әрекетін жойып, ұйым басшыларының жауапкершілігін күшейтеді.
Оған қоса, өткен жылдың соңында өңірдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі құрылысы созылып кеткен 15 әлеуметтік нысанды сүйемелдеуге алған. Құрылыс ресурстары құнының қымбаттауына байланысты мерзімдерді ұзарту және жобаларды түзету бюджетке қосымша жүктеме түсіреді.Салдарынанүйлер мен инфрақұрылымды жылдар бойы күткен халық зардап шегеді.
– Бұл мәселелер жедел шешімді қажет етеді. Облыс әкімдігімен бірлесіп, проблемалық объектілердің құрылысын аяқтау жоспары бекітілді. Қазір сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізіп жатырмыз, – деді департамент бастығы.
Комиссия отырысын қорытындылай келе, аймақ басшысымерзімі ұзаққа созылған құрылыстарды аяқтау бойынша жұмысты жалғастыруды, жұмсалатын бюджет қаражатының ұтымдылығы мен ашықтығын қамтамасыз етуді, мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысты іске асыру мерзімдері мен сапасына бақылауды күшейтуді тапсырып, «қалалар мен аудандардың әкімдерін,басқарма басшыларын аталған бағыттардағы жұмыстарды іске асыру үшін дербес жауапкершілік туралы ескертемін, әрбір басшыдан бұзушылықтарды болдырмау және кемшіліктерді түзету бойынша пәрменді шаралар қабылдауды талап етемін, – деп түйіндеді.
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.