Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Асылбек Қуандықұлы атқарылған жұмыс қорытындылары мен табиғи монополиялар саласындағы заңнамаға енгізілген өзгерістері туралы айтып берді.
Бүгінгі таңда департамент қызметінің негізгі бағыттары экономиканың монополиялық секторын мемлекеттік реттеу жүйесінің тиімді жұмысы мен инвестициялық тартымдылыққа қол жеткізу, энергия, ресурстарды үнемдеу және халықтың мүдделерін қорғау мәселелерін шешу болып табылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тариф белгілеудің ашықтығын қамтамасыз ету және табиғи монополиялар субъектілерінің тұтынушылардың қаражатын мақсатты пайдалануын бақылауда ұстау қажеттігін атап өткен болатын. Сондықтан, тарифтердің жоспарланып отырған өзгерістерін жария талқылауға және халықпен кері байланыстың тиімді тетіктерін енгізуге бағытталған ережелер заңнамалық тұрғыдан бекітілген еді. Дегенмен, бүгінде бұл бағытта бірқатар күрделі проблемалар бар. Мәселен, Ақмола облысы аумағында электрмен, сумен жабдықтау желілері әбден тозған. Осыған орай, шартты «қызыл» аймақтағы, яғни, тозығы жету көрсеткіші ең жоғары аймақтардағы субъектілерге тариф құны өзгертілді.
–2023 жылы Ақмола облысында қызмет көрсететін табиғи монополиялар субъектілеріне 1,2 миллиард теңге сомасына инвестициялық бағдарламалар ұлғайтылды. Ал, биылғы жылы «Инвестицияларға айырбастау тарифі» бағдарламасы шеңберінде шартты «қызыл» және «сары» аймақтардағы инвестициялық бағдарламалар 5,1 миллиард теңге сомасына ұлғайтылды, – деді өз сөзінде Асылбек Қуандықұлы.
Брифинг барысында 2022 жылғы тарифтік сметалар мен инвестициялық бағдарламалардың орындалуы туралы есептерге талдау жүргізу шеңберінде 1,6 миллиард теңге мөлшерінде орындамау сомасы анықталғаны жөнінде айтылды. Баяндамашының мәліметіне сүйенсек, жылумен жабдықтауда 1 миллиард 103 миллион теңге, электр энергиясын беруде 19 миллион 101 мың теңге, сумен жабдықтауда 353 мың теңге және кірме жолдарда 5 миллион 548 мың теңге көлеміндегі жұмыстар орындалмады. Департамент басшысының айтуынша, бұл сомма тұтынушыларға уақытша өтемақы тарифін енгізу арқылы қайтарылады немесе ұсынылып отырған өсімді төмендету үшін тарифтің кіріс жағынан алынып тасталады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ұлттық экономика министрлігі жылумен, сумен жабдықтау және су бұру бойынша тұтынудың әлеуметтік нормаларын енгізуді көздейтін тарифтерді қалыптастыру қағидаларына өзгерістер енгізді. Олар ағымдағы жылдың 11ақпанынан бастап күшіне енді. Департамент басшысы бұл өзгерістердің жеке тұлғаларды ресурс үнемдеуге ынталандыру мақсатында және жылу энергиясын тұтынудың әлеуметтік лимиттерін белгілеу шеңберінде көзделгенін атап өтті.
Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.