Жұмыс бар, тек оған ықылас керек

Жуырда Ақмола облысы ішкі саясат басқармасы Жастар-ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Бос жұмыс орындар жәрмеңкесі» өткізілді. Ол мамандар үшін ғана емес, жұмыс берушілерге де маңызды болып табылады.

Себебі, жәрмеңке барысында жұмыс берушілер өздеріне қажетті мамандарды таңдауына, ал, жұмыс іздеп келген азаматтар мамандықтары бойынша жұмысқа орналасуына мүмкіндік туады. Аталмыш жәрмеңкеге өңірдегі мемлекеттік, жекеменшік кәсіпорындар, білім беру мен денсаулық сақтау ұйымдары, өзге де мекемелерден жұмыс ұсынушы 30-ға жуық мекеме, екі жүзге жуық студенттер мен жұмыс іздеушілер қатысты. Жастарды еңбекпен қамту елдегі жұмыссыздық мәселесін шешуге оң әсер етпек. Жастар-ресурстық орталығы әр тоқсан сайын бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін өткізуде. Тәжірибесі жоқ жас мамандар, жұмыссыз жастар үшін бұл таптырмас мүмкіндік.

– Қазіргі таңда, жергілікті атқарушы органдарда 200-ден астам бос орынбар. Облыстық басқармаларға да мамандар қажет. Оларға сұраныс жоғары. Және де техникалық мамандар, құрылысшылар бізге әрдайым керек, – дейді Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық филиалының бас маманы Еркін Жиян. Елдің өркендеп дамуы, халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс жағдайы қажырлы еңбекке байланысты. Жыл сайын өтетін жәрмеңкеде жастарды сұранысқа ие мамандықтарға бағыттап, еңбек өтілінсіз жұмысқа орналасуға мүмкіндік беру көзделіп отыр. Жалпы жәрмеңкеде 300-дей бос жұмыс орыны ұсынылғаны белгілі болды. Сонымен бірге, «Елге қызмет – абыройлы міндет» жобасы аясында облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мамандары да бос жұмыс орындарын ұсынды. «Офицерлер мен сержанттар құрамына жұмысқа шақырамыз. Орналасу үшін құқық қорғау органдарына емтихан тапсыру міндетті емес, әскери билет жеткілікті. Осы кезде Степногорск және Атбасар қалаларында белсенді қабылдау жүргізудеміз, – деді өз сөзінде облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті кадр бөлімінің инспектор-полиграфолог маманы Меруерт Ысқақова.

Сондай-ақ, биыл педагогика мамандығына басымдық беріліп отыр. Жұмыс ұсынушы өкілдердің көбі осы саладан екені байқалады. Оған қоса, жәрмеңкеде бос жұмыс орындарымен қатар, мемлекеттік қолдау шараларына қатысу бағытында көптеген кеңес, бағдарлар берілді. Осы секілді шаралардың арқасында жұмыс тауып, жемісін көріп отырған жандар да баршылық.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар