Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Елінің ардақтаған Еркеші еді... - АРҚА АЖАРЫ

Елінің ардақтаған Еркеші еді…

Целиноград қаласындағы ауыл шаруашылығы институтының 1968 жылғы түлегі Еркеш Баяхметов әуелі бұрынғы Көкшетау облысының Володар ауданындағы «Карасев» кеңшарында бөлімше агрономы болып жұмыс істеді. Білімі мен тәжірибесі қатар толыса бастаған балауса жас алғашқы беттен-ақ тындырымдылығымен көзге түсті.

Сол тындырымды жас көп ұзамай, сол кездегі Көкшетау облысының Щучье ауданының «Ұрымқай» кеңшарына бас агроном болып тағайындалды. Бұл кеңшар егістік көлемі, астық өндіру жағынан ауданды былай қойғанда, облыс деңгейіндегі ең бір ірілердің санатында болатын. Астықты осы кеңшардың бас агрономы Еркеш Баяхметұлы тағы да жалынды жігерімен, қайтпас қайсарлығымен, табанды еңбегімен танылды. Егіс алқаптарын өңдеудің және астық өсірудің жаңа агротехнологиялары мен оны жинаудың сол кездегі Кеңестер Одағы бойынша ең озық әдісі болған «ипатовтық» әдісін 1975-1976 жылдары тың өлкесінде тұңғыш қолданып,  өз ұжымының әріптестерімен кәдеге жаратқан да агроном өзі болатын. Содан да болар, осы кеңшарда тұңғыш рет егістік жерлерді өңдеудің жоғары мәдениетін меңгеру жөнінде республикалық семинар-кеңес те өткізілгендігін айта кеткен жөн болар.

1976 жылғы бітік шыққан егісті уақытымен, шығынсыз жинап алу басты мақсат болды. Егіс алқаптарында тау теңіз болып үйіліп жатар астықты қызыл қырманға үзбелі әдіспен тасымалдау тәжірибесін де агроном Баяхметов ойлап тапты. Сол жылғы мемлекет қоймасына жоғары сапада тапсырылған бір миллион пұт астықта «Ұрымқай» кеңшары ұжымының, ұйымдастырушылық қабілеті өте жоғары агроном Баяхметовтың да еңбегі бар еді.  Көп ұзамай бас агроном Еркеш Баяхметовтың ізденісті еңбегінің нәтижесінде «Ұрымқай» кеңшары «Егістік мәдениеті жоғары шаруашылық» атағына ие болды. Бас агроном 1977 жылы Кеңестер Одағының «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталды. Тағы да сол жылы Қазақстан Комсомолы Орталық Комитетінің он төртінші съезіне, Бүкілодақтық Лениншіл Коммунистік жастар одағының он сегізінші съезіне делегат болып сайланды.

1978 жылы «Ұрымқай» кеңшары партия комитетінің хатшысы болып сайланды.  Дәл сол кезде бұл партия ұйымы облыстағы ең ірі ұйымдардың бірі болып саналатын. Партиялық жұмысқа төселе бастағаны сол еді, көп ұзамай 1979 жылдың аяғында Зеренді ауданына қарасты жаңадан ұйымдастырылған «Тыңның 25 жылдығы» атындағы кеңшарға директор қызметіне тағайындалды. Шынтуайтын айтқанда, іргесі енді қалана бастаған шаруашылықтың да шаруасы шаш-етектен артылып жатқан еді. Еркештің іскерлігінің тағы бір сыналатын тұсы еді бұл. Абырой болғанда, әйтеуір таңды түнге, түнді күнге ұластырған қажырлы еңбегі жанып, Еркеш Баяхметов ұйымдастырған бұл кеңшар да озаттардың сапына ілесіп кете барды. Алайда, соның барлығын «мен істедім» демеуші еді. Көзі тірісінде Еркеш Баяхметов өзінің өткен өмір жолдарын санамен салмақтап, былай деп бір айтқаны бар еді:

–Мен жақсылардың шарапатын көп көрдім. Бәлкім, сондай жандардың жақсылықтары мен қамқорлықтарының арқасында басшы ретінде қалыптасқан да шығармын. Кеңшарға директор болып тағайындалғанымда Зеренді аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Баян Жанғалов еді. Ең алдымен, Көкшетау өңірінің сол абыз қариясы, Еңбек Ері Баян Жанғаловтың тәлім-тәрбиесін көп көрдім. Өзім де Баян ағаға ұқсасам ба деп бақтым.

Кеңшар директоры Еркеш Баяхметов 1982 жылы Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталып, Көкшетау облыстық партия комитетінің мүшесі болып сайланды, кеңшар ұжымының мамандары және жұмысшылары ордендермен, медальдармен марапатталды. Отыз үш жасқа толар-толмасында халық депутаттары Щучье аудандық Кеңесінің төрағасы болды. Сол тұстағы ең жас төраға да біздің Еркеш болатын. Сатылап кете барар өмір жолының келер бір биігі Еркеш Баяхметовтың 1987 жылы Көкшетау облыстық агроөнеркәсіп комитеті төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалуы болса, қазақ елі өз тәуелсіздігін алып жатқан тұста Еңбекшілдер ауданының әкімі болып қызмет етті. Кейін ұйымдастырушылық қабілеті ескеріліп, Еркеш Баяхметов Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кеңсесінде бас инспектор қызметіне дейін көтерілді.

Қай жерде, қай салада еңбек етіп жүрсе де, Көкшетау халқы өз ұлы Еркешті жадынан бір сәт шығарып көрмегені де анық. Соған сәйкес Еркеш те өзінің өр Көкшесін, төр Көкшесін әспеттеп, ардақ тұтудан бір жаңылып көрмеген еді. 2001 жылы Көкшетау қаласының әкімі болып тағайындалған тұста Еркештің елге келгеніне қалың елі, өзінің туған еліне келіп еңбек етудің сәті түскендігіне Еркештің өзі де шынайы қуанып еді. Еңбегін сіңіре білді. Адал қызмет етті.  Қалаға жылу беру мәселелерін реттеу үшін Германияға да сапар шегіп келді. Елдің рухын көтеруге, абыройын асқақтатуға ат салысты. Шот-Аман Уәлихановтың, Сәкен сері Жүнісовтің, Бақытжан Қанапиянов, Қожахмет Балахметовтың мерейтойларын өткізіп, шығармашылықтарын насихаттауға белсене ат салысты. Алашқа аты шыққан Роза Бағланова, Әлібек Дінішев, Бибігүл Төлегенованы қасиетті Көкше топырағында қарсы алып, жерлестеріміздің рухани нәр алуына жағдай жасады. Қиын уақытта облыс орталығындағы Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрына, өзге де өнер ұжымдарына қамқорлығын аямай көрсетті. Заманында Шапай Әбутәліпов, Рүстем Шериязданов ағаларымыз басшылық жасаған облыстық ардагерлер Кеңесінен де жанашырлығын аяп қалған жері жоқ. Осы бір іргелі істерінен-ақ елін сүйген, елінің ерін ардақтаған кісілігі көрініп тұрар еді.

Өз тіршілігінде, бәлкім, қысқалау да болған өз ғұмырында адал еңбек етіп, қыруар іс тындырып, өз соңынан өшпес өмір ізін қалдырған Еркеш Баяхметовтың кейінгілерге ұлағаты мол сол өмірінің мәңгілік жалғасы да бар. Еркештің өз туған өлкесі Айыртау жақта «келін болса, Мырзабикедей болсын!» дейтін де сөз бар. Елінің аяулы азаматы, Еркешінің аяулы жан жары Мырзабике Досымқызы екеуінің жарасты да жарасымды отбасылық ғұмырларының мәңгілік арқауы болып, бұл шаңырақта Еркештің ұрпақтары өсіп келеді. Немерелермен толысып та жатыр. Еркештің өз ұрпағымен ұласып бара жатқан тоқсан тараулы мына тіршіліктің ошағындағы өзі маздатып кеткен өмір отының өшпейтіндігі белгілі. Еліне еңбегі сіңген Еркеш есімінің естен кетпесі де анық.

Байқал БАЙӘДІЛОВ,
Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар