Бұланды ауданында жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланғаны белгілі. Өйткені, 11 сәуір күні Жолболды, Бақсұқ және Қайрақты өзендерінің арналары көтеріліп, Капитоновка, Иванковка, Журавлевка және Вознесенка ауылдарының үйлері су астында қалды.
Бүгінде ауданның зардап шеккен ауылдарына Астана, Көкшетау қаласы, Біржан сал және Бурабай аудандарының азаматтары атынан 15 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жиналып, аталмыш елді мекендердің тұрғындарына табыс етілді. Оның ішінде азық-түлікпен қоса, жаңа киім-кешек, төсек-орын, су етік және тұрмыстық тауарлардың бәрі жиналған.
– Су күтпеген жерден келді. Мен мұндай су тасқынын біздің ауылда бірінші рет көріп отырмын. Бізді қиындыққа қалдырмаған үшін, ел Президентіне, өңір басшысына, барлық жанашыр азаматтарға үлкен рахмет айтамын. Осындай қиын-қыстау кезеңде басымыз бірігіп, жағдайларымыздың жеңілдікпен шешілгеніне қуаныштымын, — деді Капитоновка ауылының тұрғыны Ольга Мандрик.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.