Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі су тасқынына байланысты жасаған үндеуінде: «Су тасқыны болған аймақтарда бірде-бір адам ескерусіз қалмайды, барлығына мемлекет тарапынан көмек болады» деген болатын. Осыған орай, қызыл судан зардап шеккен Целиноград ауданының 6 ауылынан 80-нен астам оқушы жыл бойы жұмыс істейтін «Жас дәурен» лагеріне демалысқа жіберілді. Бұл оқушылар аталмыш ауданның Нұресіл, Қоянды, Оразақ, Қараөткел, Арайлы, Бірлік ауылдарынан. Олар ағымдағы жылдың 6-16 сәуір аралығында сауықтыру орталығында дем алып, уақыттарын көңілді өткізетін болады.
Облыстық білім басқармасының бас маманы Марина Лидің мәлімдеуінше, балалар лагерьде 5 рет тамақтанады, түрлі ұжымдық іс-шараларға қатысып, таза ауада тынығады, көрікті Сандықтаудың табиғат аясына серуендеуге шығады. Бүгінде оқушылар онда төрт топқа бөлініп, өзара танысып, қызықты демалыстарын бастап кетіпті.
Сабақ кезі болғандықтан, мұнда оқушылардың мектеп бағдарламасынан қалып қоймауы үшін қашықтықтан оқуға жағдай жасалған.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.