Жұлдыз боп жарқыраған Қаныш дана

«Қазақтың қасиетті топырағы XX ғасырда көптеген ғалымдарды өмірге әкелді, солардың арасында Қаныш Имантайұлының тұлғасы құзар шыңға ұқсайды. Ол Баянауылдан бастау алып, қазақтың даласын қақ жарып өтіп, Алатаудан асып, әлемдік ғылым шыңына көтерілген ұлы тұлға. Қ.И.Сәтбаев – аса көрнекті ғалым-геолог қана емес, өз заманының шоқ жұлдызы, ойшыл ғұламасы, мемлекет және қоғам қайраткері ретінде өте шебер ұйымдастыру қабілетінің арқасында Қазақстанда ғылым мен индустриялық дамудың көшбасшысы болып, кемеңгер ғалым атанды».

Жазушы Медеу СӘРСЕКЕЕВ.

 «Есімі ел жүрегінде сақталған ер бақытты» дейді дана халқымыз. Өнегелі өмірі көпке үлгі болатын, өлшеусіз еңбегімен, ақыл-парасатымен қалың жұртшылықтың құрметіне бөленген адамдар біздің кең байтақ елімізде аз емес. Кеңес үкіметі кезінде түрлі себептерге байланысты олар ұлықталмады, өскелең ұрпақ олар туралы деректі толық біле алмады, білуге тырысқан жастарға мәдени, рухани және ғылым салаларына жауапты басшылар не деп жауап берерін білмеді. Соның салдарынан өмір мен өнердің, ұлттық ғылымның өркендеуіне сүбелі үлес қосқан майталман тұлғалар көзден таса қалып жатты. Бұған дарынды мемлекет қайраткері, батыр тұлғалы Жұмабек Тәшеневтің өмірі мен биліктегі қызметін зерттеу кезінде көзім анық жетті.

Мен өзім Қаныш Имантайұлын өмірімде бір-ақ рет қана көрдім. Бұл 1956 жылы болатын. Павлодар облысы Май ауданына қарасты Киров атындағы совхоз директоры, әкем Жолтай Байғазыұлы сегізінші сыныпқа көшкен соң мені Алматыда тұратын апамның қолына жіберді. Алматыда қазақ мектебін іздеп сарсаңға түстік. Сөйтсек, Қазақ  КСР-ының астанасы Алматыда сол кезде жалғыз ғана Киров атындағы қазақ мектебі бар екен.

Бұл мектептің ерекшелігі тек  жалғыздығындағана емес. Мектептің материалдық жағдайы үнемі Қазақ КСР-ының Оқу-білім министрлігі мен Алматы қалалық оқу-білім басқармасының назарында болды. Тағы бір ерекшелік, мектепте оқитын балалардың көбінің әкелері ақын-жазушылар мен әртістер болғандықтан болар. Апта сайын мектеп басшылығы бізге есімдері елге танымал жазушылармен, әртістермен және ғалымдармен кездесулер ұйымдастырып отырды. Ең алғашқы кездесуіміз Мұхтар Әуезовпен, содан кейін Мәлік Ғабдуллинмен болды.Осы екі кездесуден кейін мұғалімдеріміз қоятын сұрақтарымызды мұқият ойланып қою керектігін ескертті. Әсіресе, Ғылым академиясының президенті, академик Қаныш Сәтбаевқа қоятын сауалдарыңдыойланып қойыңдар деп талап қойды. Оқушылардың бәрін ынтықтырған Қаныш көкеміздің атағына қосылған академик атауы еді. Академик көкеміз қандай екен, уақытында келе ме жоқ, бұрынғы ағалар сияқты кешігіп келе ме екен деп ойымызды сан саққа жорамалдадық. Ғылым туралы түсінігіміз шамалы болғандықтан, қандай сұрақ қоярымызды білмей, дал-сал болдық. Акт залына кірген тарих пәнінің мұғалімі Әлия апай:

–Ал, балалар, тынышталыңдар, Қаныш көкелерің келді, залға кіргенде түгелдей түрегеп, қол шапалақтап, Қаныш Имантайұлын қошеметтеп қарсы алыңдар, – деп ескертуі мұң еді, есіктен мектеп директорымен бірге Қаныш көкеміз де кіріп келді.

Бойшаң келген Қаныш көкемізге қою шашы да, өзіне жарасты киім киісі де жарасып тұрды. Бірден қатарда отырған оқушылардың арасынан өтіп бара жатып, кейбіреулерінің жанына бөгеліп, шаштарынан сипап өтті. Сөзі анық, баяндамасында  түрлі теңеулер мен мақал-мәтелдерді қосып отырды. Біздің ұққанымыз, Қаныш көкеміз Қазақстан аймағын жетік білетіні, оның қай жерінде қандай қазба байлықтарының және қай мөлшерде екенін жатқа білетіні аңғарылып тұрды.Кездесу екі жарым сағатқа созылды. Қаныш көкеміздің сөзінен ұққанымыз, біздің Қазақстан қазба байлықтарына ең бай өлке екен.

Оның көбі әлі игерілмей жатыр. Ол үшін республикамыздыңәр аймағында қажетті завод-комбинаттар салу керек. Сол өндіріс орындарына қажетті мамандар даярлау да кезек күттірмейтін міндет. Сендердің көбің еліміздегі өндіріс орындарына қажетті мамандық алуларың керек. Ол үшін білімді болу, табиғи байлықты игере білу білікті мамандарға байланысты. Сендердің көбің сондай  маман болатындарыңа мен сенемін.

Ж.Тәшенев пен Қ.Сәтбаев және үкімет мүшелері Индия премьер-министрін қабылдау кезінде.

Бүгін Министрлер Кеңесінің төрағасы Жұмабек Тәшенев жолдас екеуміз үш жоғары техникалық оқу орнын ашу жөнінде Қаулыға қол қойдық. Алматы мен Қарағандыда политех институттарын, Павлодарда индустриалды институт ашатын болдық. Өндіріске қажетті инженер мамандығын қалағандарыңа жол ашық. Мектеп бітірем деушілерге сәт-сапар тілеймін, –  деп Қаныш көкеміз сөзін аяқтады. Сұрақ қойған балалардың қасына барып, қай жақтан келгенін, мектеп бітірген соң қандай  мамандық алғысы келетінін сұрап, тиісті кеңестер беруден жалықпады. Жоғарыда аталған институттарға оқуға түскісі келетін балаларға, жоғары оқу орнын бітірісімен сол арадағы өнеркәсіп орындарында істегісі келетіндерге бірден жатақхана берілетінін және отбасы жағдайына байланысты пәтер алуға болатынын атап өтті.

Осылайша уақыттың қалайша өткенін де байқамадық. Тек Қаныш аға сағатына қарап:

–Ал балалар, сендермен кездесу маған да қызықты болды. Сендер сияқты бала кезімізде біз оқитын осындай еңселі ғимарат болған жоқ еді, сабақ беретін білімді мұғалімдер ол кезде атымен жоқ болатын. Сендерге дәріс беретін ұстаздардың көбі жоғары білімді мамандар екен. Бұл қандай мақтаныш! Сондықтан, қолдағы осындай мүмкіндікті тиімді пайдаланыңдар, болашақ сендердің қолдарыңда, оны уыстарыңнан шығарып алмаңдар. Баршаңа сәт-сапар тілеймін, – деп қоштаса бастады.

Содан бері қанша уақыт өтсе де Қаныш көкеміздің келісті келбеті мен ұлағатты сөзі көкірегіміз бен көзімізден кетер емес. Ұлылық ұлыға ғана жарасады демекші,академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың асыл тұлғасы  мен қалдырып кеткен өлшеусіз мұрасы қазақ халқы мен қоғамымызда үлгі-өнеге ретінде ұрпақтан ұрпаққа рухани азық болып қала береді. Өкінішке орай, өзі жоқтың, көзі жоқ дегендей, Сәтбаев дүниеден өткен соң оның соңынан неше түрлі қисынсыз ғайбаттар айтатындар, оның мәңгілік елге қалдырған ғылыми мұраларына күдікпен қарайтын пысықайлар табылды.

Өзінің шәкірті дарынды ғалым,Шахмардан Есенов ағамыз Қаныш Имантайұлы өмірден озған соң оның бұрын тұрған үйінің жанынан өтіп бара жатып, үйдің тып-типыл екенін байқап, үй қайда кетті деп сұрастыра бастаса, оны Д.Қонаевтың інісі Асқар Қонаев тау жақтағы саяжайының жанына орнатып, монша ретінде пайдаланып отыр екен. Бұл масқара жайды Асқардың ағасы Дінмұхамед Қонаевқа айтып барса, ол кісі дереу тиісті шара қолданудың орнына ғалым, әрі министр Шахмардан Есеновты Маңғыстау аймағына барлау экспедицияның бастығы етіп жіберген.

…1979 жылдың 12 сәуірі болатын. Әдеттегідей таңғы шәйімізді ішіп, зайыбым екеуміз жұмысқа кетеміз деп жатқанда телефон шылдыр ете қалды. Телефон тұтқасын алсам, әр жағынан Сара апамыз (академик Манаш Қозыбаев көкеміздің зайыбы) екен:

–Мейрам, Манаш ағаларың кешке әдеттегідей, біздің үйде жиналыңдар дейді. Өзі академияда Қаныш Сәтбаевтың 80 жылдығына байланысты жиналыста болады. Содан кейін үйге келеді, – деді.

Манаш көкеміз осындай елеулі кездесулерден кейін үйге жастарды жинап, «ликбез» өткізуді дәстүрге айналдырған.

Қаныш Имантайұлы ғылым, білім ісіне ерте араласып, қарадан шыққан хан тәрізді еңбек адамдарының, қарапайым жандардың тыныс-тіршілігін, жан-дүниесін  жетік білетіндігін танытты. Мұндай тұжырым жасауыма себепкер болғаны мен аралас-құралас болған орта маған жат емес еді. Олардың қатарында жерлес академик ағам Жабайқан Әбділдин, қайынағам академик Манаш Қозыбаев, Мәскеуде Парламент тілшісі қызметін атқарып жүргенімде танысқан академик Өмірзақ Сұлтанғазин, Қаныш ағаның ізбасарлары, академик Шопық Шокин және Шахмардан Есенов және Кенжеғали Сағдиевтер болатын.

Белгіленген уақытта баршамыз Манаш көкеміздің үйінде жиналдық. Манаш көкемнің інісі Сағымбай, қарындасы Әлия, өзінің ұлы Ілияс, ағасы Оразалының ұлдары, бәріміз жиналып, әңгіме құрып отырмыз. Кенет есік қоңырауы сылдыр ете қалды. Есік ашылып, үйге асыға кірген Манашкөкеміз біздің сәлемімізді қабылдамай, бірден өз белмесіне кіріп кетті. Көкеміздің шығатын түрі жоқ. Баршамыз үрпиісіп «не болды екен?» деп отырмыз. Жарты сағаттан кейін көкеміз бөлмесінен шығып залға келді. Бар айтқаны – «Масқара, жетім баланың тойындай өткізді, Қаныштың аруағынан да қорықпады ғой, бұл сұмырайлар», – деп бөлмесіне қайта кіріп кетті.

Қаныш Сәтбаев тіршілік жасаған алпыс бес жыл өмірінің 45 жылында елімізде геология, тарих, мәдениет және ғылым салаларында Нобель сыйлығының деңгейіне дейін жаңалықтар ашып, алып дала Сарыарқаны зерттеуге арнады. Ұлы Отан соғысы басталғанда оқ-дәріге қажетті шикізаттар мен заводтар фашистердің қолында қалды. Осындай қиын-қыстау сәтте ел басшысы Иосиф Сталин ғалым ретінде есімі Кеңес Одағына танымал болған Қаныш Сәтбаевқа Қазақстанда оқ-дәріге қажетті қорғасын, мыс және де басқа шикізаттардың көзін тауып, оны өндіретін заводты қысқа мерзімде іске қосуды тапсырды. Жезқазған өңірінде мұндай завод Сәтбаевтың жанкешті әрекетінің арқасында іске қосылып, әрбір жауға атылатын оқтың тоғызы Қазақстанда шығатын болды.

Қаныш Сәтбаев Қазақстанның шикізатқа бай өлке екенін анықтап, оның ғылымын әлемдік деңгейге көтеру үшін Ұлы Отан соғысы жылдары республика астанасы Алматыда Ғылым академиясының ғимаратын салдыруға бас-көз болды. Қаныш көкеміздің бұл бастамасын сол жылдары ҚазКСР Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшы қызметін атқарған Жұмабай Шаяхметов қолдап отырды.

Реті келгенде айта кетейін, республиканы қанішер Голощекин басқарған жылдары қазақ зиялыларының соңына түсіп, олардың көзінжоюдың түрлі амалдарын ойластырды. Әсіресе, ұлтымыздың бетке ұстайтын Мұхтар Әуезов пен Қаныш Сәтбаевтарды әне-міне тұтқындайды деген қауіп сейілмеді. Осыны сезген Жұмабай Шаяхметов НКВД-да істейтін қазақ офицерлеріне тапсырма беріп, Мұхтар Әуезовты ұшақпен Мәскеуге жөнелттірді. Ал, Мәскеуге барған сапарында Ж.Шаяхметов КСРО Ғылым академиясының президенті Александровке жолығып, Қаныш СәтбаевтыңКСРОҒылым академиясында жұмыс істеуі және тұратын пәтер мәселесін шешіп қайтты. Осылайша, ұлтымыздың бетке ұстайтын екі азаматы Жұмабай Шаяхметовтың арқасында аман-есен қалды.

Бірде қазақ радиосы мен телевидение журналистерінің бірлескен лездемесінде комитет төрағасы Камал Смайылов ағамыз сол жылы (1991 ж.) Қазақ КСРО Үкіметінің Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың 90 жылдығына байланысты көлемді іс-шаралардың белгілегенін, соған орай, академик Сәтбаевтың өмірі мен ғылыми еңбектерін және азаматтығын жан-жақты көрсету керек екенін міндеттеді.Одан бұрынғыжылдары журналистердің көпшілігі Қаныш Сәтбаев туралы жазғылары келсе де белгісіз себептермен сол кездегі цензурадан аса алмады. Енді міне, халқымыздың сүйікті перзенті Қаныш Имантайұлы туралы жазыңдар, көрсетіңдер деген нұсқау берілді. Ізденіс  барысында менің алғашқы жолыққаным Қ.Сәтбаевтан кейін Қазақ КСР Ғылым Академиясының президенті болған көрнекті ғалым, Қазақстанда энергетика ілімін зерттеп, оны жоғары деңгейге көтерген Шопық Шокин ағамыз болатын.Ғылым академиясының Қазақ ғылыми-зерттеу энергетика институтының негізін қалаған алғашқы тұлға. Қ.Сәтбаевтың сенімді ізбасарларының бірі.Ш.Шокиннің басшылығымен Шығыс Қазақстан облысында Бұқтырма ГРЭС-і салынды және Шопық ағамыздың жетекшілігімен Ертіс-Қарағанды каналыныңжобасы жасалды. Осы маңызды нысандар қазірде тәуелсіз мемлекет   экономикасының басты буындарының біріне айналды.

Шопық ағамызбен үйінде кездестік. Жазу үстелінің үсті  кітаптар мен газет-журналдарға толы екен. Өзінің сөзіне қарағанда естелік жазуды қолға алған көрінеді.

–Мейрам, сен Қаныш туралы жазам дегеннен кейін мен сенімен кездесуге келістім. Әйтпесе,  уақытты қалай болса, солай рәсуә етуге зауқым жоқ. Қазір журналистер мен жазушылар Қанекеңнің ғылыми еңбегі мен оның нәтижелері туралы жеткілікті жазып жатыр. Қанекең туралы жазбағанда одан басқа қай ғалымды жазбақпыз. Бәрін айт та, бірін айт дегендей, мен саған Қанекеңнің адами және азаматтық бейнесін сипаттайтын бір мысалды айтайын.

–Қаныш Имантайұлы өмірден озғаннан кейін, Академияның жарлығына сәйкес, оның президентін сайлау өтті. Сайлау нәтижесіне сәйкес мен президент болып сайландым.Сонымен бірге, Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті лауазымы КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болуы тиіс. Кезінде Қаныш Имантайұлы тек депутат қана болған емес, сонымен бірге, Жоғарғы Кеңестің Ғылым-білім комитетінің жетекшісі қызметін бірге атқарғанеді.Осы қызметтерге кіріскеннен кейін КСРО Жоғарғы Кеңесінің парламент делегациясы Канада парламентінің шақыруы бойынша сол елге бардық.

Канаданың астанасы Оттавадағы зәулім алаң Ленинградтағы Революция алаңына ұқсайды екен. Алаңды асықпай аралап жүргенде кенет қарсы алдымнан  аласа бойлы адам шыға келіп, шала-шарпы орыс тілінде:

– Вы не из Казахстана? – деп сұрақ қойды.

–Да, я из Қазахстана.

–Вы знаете Сатбаева, как он живет?

–К сожалению, он скончался, – деуім мұң еді, жаңағы жапон азаматы еңіреп кеп жылай бастады. Жай жыламай, Қанекеңді жоқтағандай, дауысын шығарып жылауы мені ыңғайсыз жағдайға қалдырғандай болды. Бейтаныс адамдар мен оны жәбірлендіріп жіберген шығар деп ойлауы мүмкін. Сөйтіп, жаңағы жапон азаматын әрең дегенде тыныштандырып, өзі туралы сұрай бастадым.

Сөйтсем, ол тұтқынға түскен жапон солдаты болып шықты. Ғылым академиясының ғимаратын салып бітірген жапондардың бірі екен. Қаныш Имантайұлы сол жылдары жұмысқа келісімен күнделікті әдеті бойынша құрылыстың барысымен танысып, тұтқындағы жапон солдаттарымен сөйлесіп, қал-жағдайларын  біліп тұратын еді. Қаныкеңнің осындай адамгершілігіне тәнті болған жапон солдаттарының көңілінде Қаныш Имантайұлының адами қасиеті берік орын алғанының куәсі болдым, – деп Шопық ағамыз естен кетпес сол кездесуді есіне алды.

«Есімі ел жүрегінде сақталатын ер бақытты» дейді дана халқымыз. Өнегелі өмірі көпке үлгі болған, өлшеусіз еңбегімен, ақыл-парасатымен халқының құрметіне бөленген Қаныш көкеміздің өмірінен жарқын мысалдар аз емес. Әсіресе, достарына шексіз адалдық, уәдесіне беріктік Қаныш Имантайұлының болмысында қалыптасуы тектіліктен болар. Осы орайда,Қаныш көкеміздің дарынды шәкірті, оның ғалым ретінде шыңдалып, қалыптасуына зор еңбек сіңірген қайраткер інісі Шахмардан Есенов ағамыздың да еске түсірер мысалдары аз емес. Мен Шахмардан ағаммен ол кезде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған шақта жолыққан едім.

–КСРО Жоғарғы Кеңесі президиумының кезекті сессиясына мен Қаныш Имантайұлымен Мәскеуге бірге бардым. Самолеттен түскен соң біз  «Москва» қонақ үйіне орналастық. Қанекең досы Орта машина жасау министрі, ғалым Ефим Павлович Славскийге дереу телефон соқты. Қабылдау бөлмесіндегі жауап берген қыз Славскийдіңенді министр емес екенін ескертті.Аң-таң болған Қанекең Славскийдің пәтеріне қоңырау соғып еді, телефонды көтерген Ефим Павлович мардымды жауап бермей, тұтқаны қоя салды.

–Шахмардан тез машина шақырт, Славскийдің үйіне барамыз.

Е.П.Славский Совет Одағындағы көрнекті ғалым. Елдегі атом энергетикасы мен ядролық қаруды зерттеудегі зор еңбегі үшін екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған КСРО-дағы теңдессіз ғалым. Қаныш көкемізбен КСРО Ғылым академиясындағы конференцияда танысып, Сәтбаевтың ғалымдығына тәнті болған және оның сан-салалы бастамаларын қолдап жүрген шыншыл азамат ғалым еді.

Шопырымыз бұл жерге бұрын да келген болуы керек,  тез жеттік. Қаныш алдымда өзі білетін үйдің үшінші қабатына көтеріліп, темір есіктің қоңырауын басты. Әржағынан академиктің қарлыққан дауысы естілді.

–Кто это?

–Ефим Павлович, это я, Қаныш, открывайте.Есік ашқан Ефим Павлович:

–Что пришел, выразит мне соболезнование?

–Ерничат будем потом. Давайте Ефим Павлович, что случилось,рассказывайте.

Қанекең ақсақалдың бұлтақтағанына ерік бермей, бірден сөзге тартты.

Славскийдің сөзіне қарағанда, ол іссапармен ол кезде Қазақстандағы Форт-Шевченкоға келген. Мақсаты Каспий теңізінің ащы суын тұщылау үшін атом қондырғысын сынақтан өткізу. Күннің ыстығына шыдай алмаған Ефим Павлович теңіз жағасына келіп, болар-болмас күрке жасатып, суға шомылған. Соны байқаған кейбір пысықайлар Орталық Партия Комитетіне «Іссапармен келген министр Славский жас келіншекпен бірге теңіз жағасында демалып жүр» деп жазып жіберген. Домалақ арыздың қысқаша мәнісі осы. Ефим Павловичті мұқият тыңдаған Қанекең.

–Ефим Павлович, слушайте меня внимательно. Никому дверь не открывайте, никуда не ходите. Я поеду в Кремль, срочно запишусь на прием к Никите Сергеевичу Хрущеву, – деді.

Алып-ұшып Қанекең екеуміз Кремльге жеттік. Қаныш Имантаевичтің депутаттық куәлігі мен өзінің академик деген атағы осы тұста көп мәселенің  түйінін шешуге септігін тигізді. Хрущевтің көмекшілері істің мән-жайын анықтаған соң Қанекең екеуміз Орталық Партия комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Хрущевтің қабылдау бөлмесіне келдік.

Хрущев көп тостырмай, Қаныш Имантайұлы Сәтбаевты бірден қабылдады. Кездесу жартысағаттан артық уақыт алды. Кездесуден шыққан Қанекең:

–Шахмардан, мыналардың буфетінде бәрі бар. Бірбутылка армян коньягын, біздің апорт болса молынан және Ефим Павловичтің  әйеліне жақсы шоколад конфетін аларсың, – деді.

Қанекең тапсырған заттарды алысымен дереу машинаға отырып, Славскийдің үйіне келдік. Біздің қайтып келгенімізді сезген Ефим Павлович есікті тез ашты. Қолымдағы заттарды көрген Ефим Павлович:

–Что Қаныш, решил за мой покой устроить банкет?

–Да, дорогой Ефим Павлович, через три дня выйдет Указ Президиума Верховного Совета СССР о присвоении вамтретьей Звезды Героя Социалистического Труда. А через несколько дней вы снова займете пост Министра среднего машиностроения страны. Давайте, выпьем за  это, – деп жатыр.

Ефим Павлович Қаныштың себепсіз әзілдей бермейтінін жақсы білетін. Содан да болар, Қанышты құшақтай алып, кемсеңдеп жылап жіберді.

Қаныш көкемізді білетін замандастарының айтуынша, ол қандай да болсын мәселені қолға алса, алған бетінен қайтпайтын және соның нәтижесіне жетпейінше тыным таппайтын батыл тұлға еді. Ал, Хрущевке келетін болсақ,  орыстар айтпақшы, ол «упертый, как бык». Алдына қойған жоспары дұрыс па,бұрыс  па, онымен шаруасы жоқ, тек менікі ғана дұрыс  дейтін  адам болатын. Оны алған бетінен қайтару өте қиын еді.

Еліміздің өткен тарихына зер салатын болсақ, Хрущевты сондай бірбеткей  қалпынан қайтарып, оны тұқыртып тақыр жерге отырғызып кеткен, сөйтіп, өз дегеніне жеткен ұлтымыздың мақтанышына айналған  екі асыл тұлғамыз – Жұмабек Тәшенев пен Қаныш Сәтбаев екенін біздің жастарымыз білгені жөн.

Сол жылдары Н.Хрущев ешбір дәлелсіз Қырым түбегін Ресей құрамынан алып, Украинаға қосып жібергенде, мүйіздері қарағайдай орыс ғалымдары мен ақын-жазушылары және зиялы өкілдерінің бірде-біреуі аузын ашуға батылдары жетпеді. Халқымыздың бақытына қарай сол бір қиын-қыстау кезеңде билік басында Жұмабек Тәшенев пен ғылым саласында Қаныш Сәтбаевтың болғаны қандай ғанибет!

Шыққан биігіне қарап, сырт көзге бәрі оңай көрінеді. Бірақ, ғалымның тағдыры тек бірыңғай даңғыл жолдан ғана емес, «Тар жол, тайғақ кешуден» де тұрады. Мұндай біртуар жандар ғұмырының бұралаң-бұрылысы көп болса да, өмірлік мұратынан жаңылмайтын жаратылыс иесі ретіндетүпкі мақсатынажету жолындағы қиындықтарды елемейтіні белгілі.

Қаныш көкеміздің бүкіл саналы да салихалы ғұмырын туған елі мен туған жерінің өсіп-өркендеуіне, гүлденуіне арнап, сол жолда аянбай еңбек еткен, өз бақытын сол адал еңбегінен тапқан өнегелі өмір иесі Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтің жүріп өткен жолы, атқарған игі істері, бойындағы адами болмыс-бітімі, бекзаттығы, азаматтығы, адамгершілігі, әділдігі мен адалдығы, парасат-пайымы мен қайраткерлігі тәуелсіз еліміздің жас ұрпағына үлгі-өнеге болып қала бермек. Қаныш Сәтбаев ақиқат жолындағы биік тұлға. Өнегелі өмір сүріп, өшпес із қалдырған, аялы алақанды, ыстық ықыласты сирек жан еді. «Ұлағаты мол азаматты аспандатқан ел азбайды» дейді халық даналығы.  Өнегелі адамдармен ғана өміріміз мәнді болатынын естен шығаруға болмайды. Аллаға шүкір, ондай асылдарымыз біздің тарихымызда аз болмаған. Солардың бірі де, бірегейі тұңғыш академик ғалымымыз Қаныш Имантайұлы Сәтбаев!

                                            Мейрам БАЙҒАЗИН,
                                                                          Қазақстанның құрметті журналисі,
                                                                          Астана қалалық ардагерлер Кеңесінің мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар