– Атбасар ауданында су тасқынына қарсы жұмыстар жалғасуда. Соңғы тәулікте аудан бойынша 164 адам эвакуацияланды, оның 11-і мүмкіндігі шектеулі адам, 1-уі жүкті әйел және 50-і бала.
Ақмола облысы ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, су тасқыны басталғаннан бері Атбасар ауданында барлығы 411 адам эвакуацияланған болса, оның 127-сі бала, 12-сі мүмкіндігі шектеулі жан және 1 жүкті әйел бар. Су басқан үйлердің тұрғындарын қауіпсіз жерге шығару әлі де жалғасып жатыр.
«Атбасар ауданында 100-ден астам үй мен 1 мектепті су басты. Тасқын суға қарсы шараларға жергілікті атқарушы органдар мен азаматтық қорғаудың жеке құрамынан 50-ден астам адам жұмылдырылған. Соңғы бір тәуліктің ішінде аудан бойынша 164 адам эвакуацияланды, оның 11-і мүмкіндігі шектеулі адам, 1-уі жүкті әйел және 50-і бала. Бұдан бөлек, тәулігіне 49800 текше метр су сорылып, инертті материал салынған 400 қап төселді», – деді ведомстводан.
Айта кетсек, бұдан бұрын Атбасар ауданында 50-ден астам адам эвакуацияланғанын жазған едік.
Дереккөз: kaz.inform.kz