немесе ұлт мүддесін ойлаған арулар
Бұл кешегі Кеңес Одағының дәуірі жүріп тұрған, Мәскеудің әрбір сөзі тұтас он бес одақтас республикаға заңмен тең кезең еді. Сонау 1979 жылдың жазында, осыдан 45 жыл бұрын қазақ жерінде бір толқу болғаны оқиға куәгерлерінің есінде.
Екінші дүниежүзілік соғыс басталған шақта жоғарғы жақтың пәрменімен, айналасы жиырма төрт сағаттың ішінде Еділ бойындағы немістер Қазақстанға күштеп жер аударылды. Іске қабілетті ер азаматтар жаппай еңбек армиясына жегілді. Ізінше шешен-ингуштар, месхеттік түріктер, кәрістер жаңағы саясаттың құрығына ілікті. Қарттар, әйелдер мен балалар жылы орнын суытты, мал таситын вагонмен мәжбүрлі түрде қонысын ауыстырды. Бұл да тарихтың ақтаңдағы, қолдан ойластырылған саясат еді.
Көрерменнің көзайымына айналған «Жерұйық» фильмінде замана ақиқаты, босқын халықтың аянышты, ащы тағдыры айшықты сипатталған. Колхозда іскерлік, ұйымдастырушылық қабілетімен, баршаға жанашырлық қасиетімен дараланған, отандастарды қиын сәтте кең құшағына сыйғызған, қапыда өртенген егістік үшін, жазықсыз итжеккенге айдалған төраға рөлін белгілі актер Болат Әбділманов барынша нанымды деңгейде шебер сомдаған.
Жаңа қоныстанушылардың көбі, соғыс жеңіспен аяқталған сәтте де, осы өңірге біржола бауыр басты. Еңбек етті. Ұрпағын өрбітті. Қазақтармен жақын туысындай араласты, дос болды. Тіліміз бен мәдениетімізге, салт-дәстүрімізге сыйластық ниет танытты. Қазақтың тілін, әдет-ғұрпын терең бағалады. Өз шығармасын үш тілде емін-еркін шебер жазған Герольд Бельгердің, халықтар достығын жоғары қойған Асылы Османованың, халық әндерін домбырамен төгілте шырқайтын үш Татьянаның (Полтавская, Бурмистрова, Мартыненко) дарыны мен өнері, ізгі ықылас-ниеті, елге сіңірген еңбегі зор өнеге.
Еліміздің өзге облыстарына қоса, сол кездегі Целинограл облысының Ерейментау ауданындағы Еркіншілік, Ақсуат, Усанбай ауылдарында неміс халқы жинақы қоныстанды. Уақыт өте келе, бертін ел ішінде «осы отандастарымыз Қазақстанда өз алдына автономиялық облыс ашқызбақ ниетте, орталығы Ерейментауда болады екен» деген алып-қашпа әңгіме еміс-еміс естіліп жатты. «Ел құлағы – елу» ғой. Майдангер аталар ойланып қалды. Зиялы қауым да әрі-сәрі күй кешті. Ал, институт пен техникумның студенттері мәселенің мән-жайын анық білуге, нақты ақиқатты жергілікті басшылықтың өз аузынан естуге ұмтылды. Ол кезде Ғаламтор, Инстаграмм, ұялы байланыс жоқтың қасы. Тек қалааралық телефон-телеграф желісі арқылы ғана хабар алыса алады. Әрі қарай әрбір қаладағы студенттер орталық алаңға жинала бастады. Бұл маусым айының орта тұсы болатын.
Осы ретте, жерлесіміз әрі замандасымыз Ләззат Қайроллақызы Омарованың естелігі, бастан кешкен жеті күндік оқиғасы бізді де елең еткізді.
–Иә, біз үшін ол бір ауыр кезең болды, – деп бастады өз әңгімесін ұстаз апай. – Көкшетау пединститутының математика факультетінің бірінші курсындамыз.Тосын жаңалықты естігенде абыржып қалдық. Осы сәтте көршілес учхоздың студент жастары амалын тауып, байланысқа шықты. Қыз-жігіттер қарсылық мәтіні сауатты құрастырылған арнайы парақша әзірлеген екен. Ол кезде арамызда таза орыс сыныбын бітірген, ресми тілге жетік жастар да болды ғой. Біз кілең қазақ мектебінен келген қарапайым ауыл баласымыз. Қазіргідей компьютер, принтер жоқтың қасы. Мәтіннің түпнұсқасы жазу машинкасымен жасырын басылыпты. Бізге мұндай машинка қайда?! Ол тек қабылдау бөлмесіндегі хатшы қызда ғана бар. Уақыт өте тығыз. Ақылдаса келе, қолымызға тиген қарсылық парақшасындағы жазуды қыздар өзара бірігіп, шарикті қаламмен бірнеше дана етіп, көшіріп жаздық. Сөйтіп, бұл істі де сәтімен тәмамдадық.
Ендігі алға қойған мақсатымыз – осы парақшаны көшеде жолыққан қаракөз қалалықтарға тарату. Ортамызда физика факультетінде оқитын, ұлты неміс бойжеткен бар болатын. Ойымызда ештеңе жоқ. Тіпті құрбымыздан күдіктенбедік те. Студенттік нан-тұзымызды, шай-суымызды күнде қылдай бөлісетін әлгі қыз әп-сәтте опасыз, сатқын болып шықты. Ол уақытта жатақхананың бірінші қабатында, қаланың кез келген көшесінде телефон-автомат болады. Екі тиындық күміс саласыз да, таңдаған нөміріңізді теріп алып, сөйлесе бересіз. Досымыз осы мүмкіндікті оңтайлы пайдаланған ғой.
Үш қыз жатақханамыздан көшеге шықтық. Еш алаңсыз қағазымызды таратуға кірістік. Іле-шала бейтаныс екі-үш милиционер жігіт тосыннан кездесе кетті. Жүрегіміз зу ете қалды. Куәлігін көрсетті де, бізді бірден көлігіне мінгізіп алды. Бөлімшеге келдік. Парақшамыз тәркіленді. Тергелдік. Дереу қамалдық. Қу тақтайдың үстінде жатырмыз. Қорегіміз абақтының тамағы. Қандас сақшылар қыр көрсетіп қояды. Қызмет бабын асыра пайдалануға да ниетті. Тек ауысыммен күзететін орыс жігіттердің ғана ниеті түзу, көзқарас-пейілі дұрыс болып шықты. Олар түнгілікте бізді аяп, жұқа көрпе алып береді, үйінен ала келген тағамымен бөліседі. Осында өткерген бір аптаның ішінде бостандықтың қадірін анық түсінгендей болдық. Иә, алдағы өмір не болмақ? Бізді кім құтқарады? Үйге қалай хабарласамыз? Бізден үміт күткен елдегі ата-анамыз нендей күйде болады? Түпсіз ой тұңғиығына ендік. Жүрек толы қорқыныш.
Бір күні таңертең үшеуіміз кезекші арқылы камера бастығының кабинетіне шақырылдық. Ішке кірсек, ұзын үстелдің бір жақ шетінде ректорымыз, Ұлы Отан соғысының мүгедегі Боярский отыр. Ол кісі майданда оң аяғынан тізеден жоғары айырылған, балдақпен жүретін. Ұстазымыздың жүзіне қарауға да ұялып барамыз. Ректор байыппен, сабырмен сөз бастай келе орысшалап:
–Моя просьба, освободите этих студентов из-под стражи. Я сам рассмотрю их поведение на уровне ректората. Их поступок, конечно, заслуживает наказания. Но я решил взять их под свою ответственность. Если они повторно нарушат закон, то я моментально готов покинуть свой пост по собственному желанию, – деп мәлімдеді.
Басшының беделін сыйлаған сақшы ұсынысты құп алды да, бізге дайын мәтін жазылған парақшаға қол қойдырды. Мазмұнына үңілсек, 25 жылға дейін бүгінгі оқиға жайында ешкімге сыр айтпауға уағдаласып, міндеттеме алыппыз.
Ректордың меншікті көлігімен институтқа келе жатырмыз. Үшеуімізде де үн жоқ. Кешірім сұрауға да дәтіміз бармайды. Бізді көргенде, ұлты қазақ болса да, деканымыздың өңі сұрланып сала берді. Қолына билік берсе, бүгін-ақ оқудан, комсомолдан қуудан тайынбайтын ниетте. Оның үстіне институттың комсомол ұйымын басқаратынмын. Ата-анамызға да хабарлап үлгерген сыңайлы. Өйткені, бір апта сабақта жоқпыз. Жазғы сессияның уақыты.
Боярский ағай бізді кабинетіне оңаша шақырып алды. Деканды да, кураторды да ішке енгізбеді. Балдағына сүйеніп тұрды да: «Девочки, милые мои, мы защитили Родину каплей кровью, собственным здоровьем. Свидетельство тому – этот костыль, мое нынешнее состояние. Я вам искренне признателен, очень доволен. Ваши благие поступки равны подвигу. Так как вы повторно отстояли эту землю. Спасибо Вам огромное» деп бауырына басып, құшағына басты. –Я вас наказывать, исключать из ВУЗ-а не собираюсь. Продолжайте занятие. Радуйтесь студенческой жизни», – деп әңгімесін сабақтаған сәтте қарт ұстаздың жанарынан жас ыршып. «Бәлкім, айқас алаңында мерт болған қаруластары есіне түскен болар. Әлде майдан шебінде өзінің басынан өткен қиындығы елес берді ме…? Бұл жеке кітапқа арқау боларлық шежірелі дүние», – деп ой қорытты замандасым.
Ләззат Омарова 1984 жылы жоғары оқу орнын сәтті аяқтады. Туған жеріне жолдама алған білікті маман Благодат орта мектебінде, Ерейментау қаласының Бөгенбай мектебінде, Насыр Смағұлов атындағы мектеп-лицейінде, Т.Шаханов атындағы №2 орта мектебінде алгебра, геометрия пәндерінен сабақ берді. Тұрмыс құрып, ұлағатты ана, мейірімді әже атанды. Бүгінде зейнет демалысында. Қолы қалт еткенде курстас құрбыларына хабарласады, амандық сұрасады. Ойын-тойда дәм-тұзы араласады.
Айтпақшы, сын сағатта достарын ұстап берген бойжеткен оқудан өз еркімен шығып кеткен деседі. Қанша дегенмен, адам өз ұлтына бұрмай ма, осы жасаған қадамы үшін студенттерден ұялған шығар. Әлде көпшілікпен бірге тарихи Отанына қоныс ауыстырған шығар. Бұл да шешілмеген бір жұмбақ
Н.МҰРАТБЕКҰЛЫ,
«Төлеу Шаханов атындағы №2 орта мектебінің
орыс тілі пәнінің мұғалімі.
Ерейментау қаласы.