Ақмола облысы – еліміздегі аграрлық аймақтың бірі. Республикамызда өсірілетін бидайдың төрттен бірі өңір шаруаларының үлесінде. Биылғы жылы облысымыздағы егістік көлемі 5,3 миллион гектарды құрайды.
Оның ішінде дәнді дақылдар 4,8, майлы дақылдар 400 мың гектар. Мал азығы дақылдары 300 мың гектар болса, картоп он төрт мың, көкөніс екі мың гектар алқапты қамтиды. Қазіргі уақытта көктемгі егіс науқанына қарқынды дайындық жүріп жатыр.
Әуелі егін себу кезеңінде тұқым мәселесі туындайтыны белгілі. Бізде егіс алқаптарына қажетті тұқым көлемі 536 мың тонна. Оның 508 мың тоннасы (95 пайыз) дайын. Қалған қажетті тұқымды іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Алайда, өңірімізде тұқым өндіретін шаруашылықтар да бар. Осы шаруашылықтардан отыз мың тоннасын ала аламыз. Сосын «Азық-түлік корпорациясы» тарапынан лабораториядан өткен, тұқым ретінде себуге болатын, сапасы үшінші кластағы 147 мың тонна бидай қорына үміт артып отырмыз. Соны алу үшін корпорациямен келісім-шарт жасасып жатырмыз. Келісімге қол жеткізілсе, бір тоннасы 150 мың теңге тұратын болады. Осылайша сәуір айының ортасына қарай тұқым мәселесін жүз пайыз шешу жоспарлануда. Ал, жанар-жағар майға келетін болсақ, облысымызға Үкімет тарапынан бір литрі 250 теңгеге жеңілдетілген 82,5 мың тонна дизель отыны беріліп, оған облысымыздан он жеті оператор қатысып жатыр. Осы уақытқа дейін келісім-шарт бойынша ақысын төлеп, соның 39 мың тоннасын алып, шаруашылықтарға он екі мың тоннасын таратып үлгердік. Қаржысы дайын шаруашылықтар егіс науқаны басталғанға дейін жанар-жанар май алуды жалғастыра береді.
Сондай-ақ, егін себу жұмыстарына 15 мыңнан астам трактор қатысады. Оның дайындығы тоқсан бес пайыз. Қалған бес пайызы шағын шаруашылықтар мен жеке субъектілердікі. Олар да әрі кеткенде көктемгі дала жұмыстарына дейінгі қалған күндерде дайындайды деген ойдамыз. Егін себуге арналған 16 мың техника, соның ішінде заманауи үлгідегі 1,5 мың егін егу кешені бар. Бұл кешендер қыс бойы жөнделді, сондықтан, бүгінде жүз пайыз дайын деуге болады. Жұмысқа қатысатын техникалар паркі өткен жылы бес пайыз ғана жаңартылып, жетпіс миллиард теңгеге екі мың техника алынған болатын. Осы жылы бұл көрсеткішті алты пайызға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, 2028 жылға дейін он пайызға жеткізу көзделуде. Әр жыл сайын жаңа техника сатып ала отырып, бұл межеге де жететін боламыз. Ағымдағы жылдың өткен екі айында төрт миллиард теңгеге 137 жаңа техника сатып алынды. Бірақ, өткен жылдың егін шаруашылығы кірісінің төмендігінен көп техника алуға мүмкіндік аз болып отыр.
Ағымдағы жылы Президенттің бастамасымен Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан ұсынылған егістік алқаптарын әртараптандыру жұмыстары бойынша өзгерістер орын алды. Мысалға, егістік алқабынан 300 мың гектарға дәнді дақылдарды қысқартып, оның орнына екі жүз мың гектарға майлы дақылдар, 150 мың гектарға мал азығы дақылдары көлемін көбейттік. Және де он пайыз парға қалуға тиісті 600 мың гектар егіс алқабы бар. Ол тыңайтылып, келесі жылға сақталады.
Сондай-ақ, көктемгі егіске мемлекеттің қолдауымен субсидия ретінде аймақтағы шаруаларға жергілікті бюджеттен 45,6 миллиард теңге бөлінді. Бүгінгі таңда оның отыз бір миллиарды шаруашылықтарға берілсе, қалғаны қажеттіліктерге сай ай сайын беріліп отырады. Бірақ, субсидия жетіспеушілігіне байланысты Үкіметке құжаттар жолдап, қосымша жетпіс миллиард теңге қаражат сұратудамыз. Және де «Азық-түлік корпорациясы» көктемгі егін науқанына жеті миллиард теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетсе, «Кеңдала» несиелік бағдарламасы бойынша шаруашылықтарға сегіз миллиард теңге бөлініп берілді. Бұл бағдарлама аясында барлығы 17 миллиард теңге бөлу жоспарланған. Қаражаттың қалған бөлігін құжаттары дайын шаруашылықтар мен фермерлер алдағы уақытта алатын болады.
Биыл Ақмола облысы аумағында топырақтың ылғалдылығы жаман емес. Күзгі мол жауын-шашын мен қыс бойы жауған қардың соңы тіпті үлкен су тасқынына ұласып отыр. Суда қалған алқаптар да бар. Олардың дегдуін тосу уақыт алмаса болды. Тұқым себу жұмысы үшін ылғалдылықты сақтап қалу басты мақсат. Қыстыгүні қар тоқтату жұмыстары да жүргізілді. Енді егіс науқаны басталмас бұрын ылғал жабу жұмыстары жүргізіледі. Егістік алқабындағы ылғалдың дер кезінде жабылуы топырақтың бойындағы тиісті ылғалды сақтап қалмақ. Бұл астықтың сапасын жақсартуға, өнімділігін көбейтуге ықпал етеді.
Қорытындылай келе, облысымыздың басты әлеуетін егіншілік саласы құрайтындықтан, біз үшін көктемгі егіс науқанының маңызы зор. Сондықтан да, 19 сәуірде басқарманың ұйымдастыруымен аудан әкімдері, шаруашылық басшылары, фермерлер және диқандардың қатысуымен Көкшетаудағы «Болашақ» сарайында үлкен жиын өтетінін айтып өткім келеді. Оған осы саладағы 700-дей адамды қатыстыру жоспарлануда. Осы жиында биылғы көктемгі дала жұмыстарының мән-жайы, ауа райының болжамы, топырақтың ылғалдылығы, тұқым себу жолдары, қандай тыңайтқыштар қолданылуы тиіс деген сұрақтарға жауап беріледі. Ендеше, алда шешуші үлкен жұмыстар тұр!
Кенеш ӘЛІМЖАНОВ,
Ақмола облысының ауыл шаруашылығы және жер
қатынастары басқармасының басшысы.