Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көкшетауға үлкен футбол қайта оралды - АРҚА АЖАРЫ

Көкшетауға үлкен футбол қайта оралды

Ұзақ уақытқа созылған жөндеу жұмыстарынан кейін Көкшетаудағы «Оқжетпес» орталық стадионы өз жұмысын қайта бастады. Өткен бейсенбі күні мұнда бірінші топта өнер көрсететін «Оқжетпес» клубы осы біріншіліктің үшінші туры аясында Алматының «Хан тенгри» командасын қабылдады.

Бұл стадионның жыры көпке созылды. Былтырғы футбол маусымының басында Қазақстан кәсіпқой футбол федерациясы жоғары топқа берілетін жолдаманы жеңіп алған «Оқжетпес» клубына «футбол алаңында жылыту жүйелері жоқ» деген дәлелмен біріншілік ойындарын өз алаңында өткізуге рұқсат етпей қойды. Сөйтіп, жерлестеріміз оқу-жаттығу жиындарын Шымкент қаласында, ал, өз алаңында өтуі тиіс ойындарды Елордадағы «Астана арена» стадионында өткізуге мәжбүр болды. Мұның командаға тигізген кері әсерін сөзбен айтып жеткізу қиын. Команданы өз жанкүйерлері қолдау мүмкіндігі болмағандықтан, клуб көбіне-көп сырт алаңда жеңіліске ұшырап, соның салдарынан жоғары топта қалуына небары екі ұпай жетпей, бірінші топқа түсіп қалды.

Ал, бұл кезде әне-міне жөнделіп болады деген стадионның да алаңға жаңа жамылғы төсеу жұмыстары аяқталмай, команда тым болмаса маусымның соңына қарай бірер ойынын өзінде өткізу мүмкіндігінен мүлдем қағылды. Егер соңғы ойындары өз алаңында өтсе, жанкүйерлердің қолдауымен одан бірер ұпай артық олжалап, «Оқжетпес» жоғары топта қалар ма еді?! Бірақ, бір жағынан қалғаннан не пайда?! Аты көкшетаулық болғанымен, тұруы, жаттығуы, ас-суы, ойындарға барып-тұруы, бәрі сыртта іске асырылған командада үлкен талан-таражға орын беріліп, тексеріс жүргізген облыстық прокуратура 425 миллион теңгенің заң бұзушылықтарын анықтаған. Ақыр соңында, футболшыларға айлықтары түзу берілмей, клубтың қарыздары пайда болып, кейбір шет елдік легионерлер УЕФА-ға  дейін арыз жазуларына тура келген.

Қазір бұл олқылықтарға шара қолданылып, клуб қарызынан құтылған секілді. Клубтың өзі бірінші топта өнер көрсетуде. Былтырғы ойыншылардан бірен-сараны ғана қалған. Команда негізінен, Көкшетау футбол мектебінің түлектерінен жасақталып отыр. Олардың ішінде болашағынан үміт күттіретін 17 жасар Қобыланды Камариден мен Захар Порох та бар. Жалпы биыл бірінші топтағы клубтардың құрамында легионерлердің ойнауына рұқсат етілмейді. Футболшылардың бәрі Қазақстанның өзінен болуы керек. Дұрыс-ақ шешім! Бірақ, бұл орайда Қазақстан кәсіпқой футбол федерациясы 16 команданың ішінен жалғыз «Оқжетпеске» ғана кешірім жасап, оның құрамында сербиялық Срджан Димитровтың ойнауына рұқсат еткен. Неге десеңіз, бұл футболшымен арада келесі жылға дейін келісім-шарт бар. Егер «Оқжетпес» Димитровты мерзімінен бұрын босатса, көп мөлшерде айыппұл төлер еді. Сондықтан, онсыз да қаржы жағы көңіл көншітпей тұрған біздің клубқа федерация осындай жеңілдік жасаған.

Бірінші топтағы біріншілікті 5 сәуірде бастаған жерлестеріміз алғашқы ойынын Таразда өзі сияқты жоғары топқа бір өтіп, бір түсіп қалып жүрген «Тараз» клубымен өткізіп, 2:1 есебімен жеңіске жеткен еді. Ал, екінші турда ойламаған жерден бірінші топтың дебютанты – Түркістан облысы Жетісай қаласының осы аттас командасынан сырт алаңда 2:0 есебімен ұтылып қалды.

Ал, жерлестеріміздің үшінші ойынын, ойын емес, спорттық мереке немесе той дерсің. Себебі, бұл ойын көкшетаулық футболсүйер жанкүйерлерді араға бір жылдан астам уақыт салып, өз сүйікті командасымен қайта табыстырды. Бұлай деп жатқанымыз, бұл жолы «Оқжетпес» қарсыласын жөнделіп болған өз стадионында қарсы алды. Футбол алаңындағы жаңа жасанды жамылғы жайнап, көздің жауын алады. Ойын туралы, стадионның қайта ашылуы жайлы ақпараттандыру жұмыстары да жақсы жүргізіліп, осылай қарай ағылған үлкен-кішіде сан жоқ десе де болады. Бұл күні кейін шығарылған есеп бойынша 4600 адам өз «Оқжетпесіне» жанкүйерлікке келіпті. Расында мұны стадионның негізгі орындары ғана емес, қос жақтаудағы орындарының да адамдарға лық толуынан-ақ байқауға болатын еді. Бір өкініштісі, жаңарту жұмыстары ұзаққа созылғанымен, стадионда тек қана футбол алаңы жаңартылып, басқа ешқандай жұмыстар жүргізілмепті. Орындықтарға дейін әлі сол ескі, кір қалпында. Тым құрыса, оларды шаңнан тазартып, жуып, сүртіп қоюға болатын еді ғой.

Ал, енді осыншама жанкүйерлердің қызу қолдауымен өткен ойынға келсек, алматылық «Хан тенгри» бірінші топта биыл алғаш доп теуіп жатса да, бұрын жоғары топта ойнаған тісқаққан ойыншылары көп клуб екендігін осы жолы тағы бір дәлелдегені анық еді. Ойыншыларының жастығына қарамастан, барын салған «Оқжетпес» 90 минут бойы қақпа кілтін таба алмай, абырой болғанда өзіне де гол жіберіп алмай,  теке-тірес 0:0 есебімен тең аяқталғанына жанкүйерлердің патша көңілі разы еді. Себебі командада жеңіске деген жігер бар сияқты. Бірақ, әлі тәжірибе аз. Команданың негізін құрайтын Шәмші, жоғарыда айтқан Димитров, Қазақстан ұлттық құрамасының сапында ойнаған Мирошниченко сияқты футболшылар бас жаттықтырушы Андрей Ферапонтовпен бірге осы жастарды тәрбиелеп, алға жетелеулері керек.

Сонымен бізді қуантып отырғаны «Оқжетпес» енді қалай болғанда да өз алаңындағы ойындарын осы Көкшетауда, туған қаласында өткізеді. Жерлестерімізге жанкүйер боламын десеңіз, оның келесі «SD Family» клубымен 26 сәуірде өтетін кезекті ойынына сіз де келіңіз!

Қ.КӘКЕНОВ. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар